Қазақтың 25 жазушысының туындысы түрік тіліне аударылды

Қазақтың 25 жазушысының туындысы түрік тіліне аударылды

Қазақтың 25 жазушысының туындысы түрік тіліне аударылды
ашық дереккөзі
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Қазақстанның 25 жазушысының тәуелсіздік жылдары жазған шығармалары түрік тіліне аударылып, жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында «Ата жұрттан әңгімелер — Қазақстан. Мұңдас буын» деп аталатын түрік тіліндегі кітаптың ресми тұсау кесер рәсімі өтті.  Аталған кітаптың шығуына ҚР Түркиядағы Елшілігі, «Түрксой» және Түркиядағы Еуразия кітапханашылар қауымдастығы қолдау көрсеткен. Бүгінгі тұсаукесер шарасына Еуразия кітапханашылар қауымдастығының төрағасы Мұстафа Чалышкан арнайы келді. «Бұл кітап биыл Түркияда жарық көріп, Анкара қаласында тұсауы кесілді. Мұңдас, сырлас буын десек болады қазақша, бұл заманмен сырлас деген ұғым береді. Барлық әңгімелер арқылы қандас, бауырлас, ел жұрттың өмірін таныдық. Қазақстанның 25 жылдығына Еуразия кітапханашылар қауымдастығы атынан осы кітапты сыйға тарту етіп отырмыз. Екі мемлекеттің қарым-қатынасы нығаюы үшін қолымыздан келгенін жасаймыз. Анкарада өткен тұсаукесерде түрік ақын-жазушылары кітапқа оң бағасын берді. Оқырман ретінде өзім де оқып шықтым. Оқи отырып, Түркияның ауылындағы тағдырмен ұқсастықты көргендей болдық. Түркияда әңгімеге арқау болған тақырыптарды да қазақ қаламгерлерлі қозғаған екен», деді Мұстафа Чалышкан. Айта кетейік, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын түрік тіліне аударып, жинақты құрастырған — аудармашы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Түрксой» ұйымының өкілі Мәлік Отарбаев. Жинаққа Берік Шаханов, Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәуітайұлы,  Нағашыбек Қапалбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдаулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы, Тұрысбек Сәукетай, Ертай Айғалиұлы, Қуандық Түменбай, Рақымжан Отарбаев, Мақсот Ізімұлы, Көсемәлі Сәттібаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Дүсенбиев, Серікқали Хасан, Нұрғали Ораз, Жанабек Шағатай, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Серік Нұғыман,  Гүлзат Шойбекова және Мәлік Отарбаевтың әңгімелері енгізілді. Бүгінгі шараға Алматыдағы Түркия Республикасы Бас консулдығы өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты.