5 жылдан кейін Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 30% артады

5 жылдан кейін Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 30% артады

5 жылдан кейін Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 30% артады
ашық дереккөзі

Бүгін Үкімет отырысы барысында ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов АӨК-тің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады. Вице-министрдің айтуынша, биылғы бітік шыққан бидайға қоса, мал шаруашылығында да асығымыз алшысынан түсіп тұр екен, деп хабарлайды BNews.kz. «Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4 трлн. теңгені құрап, нақты индекс көлемі бойынша 4,5% өсіп отыр. Ауыл шаруашылығының инвестиция көлемі 48%-ға артып, 11 айдың қорытындысы бойынша 228 млрд. теңгені құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 148 млрд. теңгені құраған болатын.Астықтың жалпы жиыны 23,7 млн. тоннаны құрады. Ол былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 млн. 900 мың тоннаға артық. Орташа түсімділік гектарына 15,4 центнерге жетіп отыр», дейді Қайрат Айтуғанов.
Вице-министр осы жыл түсім мол жыл болғанын, келесі жылы осы өнімділікті ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. «Биылғы жылы 3,6 млн. тонна көкөніс пен 2,2 млн. тонна бақша дақылдары жиналды. Бұл былтырғы жылдан 511 мың тоннаға артық.Мал шаруашылығында орташа алғанда мал басы саны 1,3%-ға артып, ет өндірісі 3,5%-ға, сүт – 3,1%-ға ұлғайды.Соңғы 20 жылда бірінші рет Солтүстік Қазақстан облысында қант қызылшасы отырғызылып, 350,0 ц/га түсімділікпен 14 мың тонна өнім жиналды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 15%-ға жоғары.Сонымен қатар АӨК-ті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығының тиімділігін 40%-ға, өсімдік шаруашылығын 30%-ға, мемлекеттік қолдауларды алушылардың санын 7 есеге көбейтіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер санын 67 мыңнан 500 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр», – дейді ол. Қайрат Айтуғанов сонымен қатар 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жиынын 1 трлн. теңгеге, пайыздық көрсеткіште 30%-ға арттыру, яғни, 3,3 трлн. теңгеден 4,3 трлн. теңгеге дейін арттыру жоспарлануда екенін айта кетті. Өнімдерді жылжыту жүйесіне 1200-ден аса кооператив тартылады. Олардың аясына 500 мыңға жуық ЖҚШ-ны біріктіру көзделуде.