Қазақстан палуаны әлем чемпионатында күміс медаль иеленді

Қазақстан палуаны әлем чемпионатында күміс медаль иеленді

Қазақстан палуаны әлем чемпионатында күміс медаль иеленді
ашық дереккөзі

Будапешт қаласында өткен олимпиадалық емес салмақ дәрежелеріндегі күрес түрлерінен бірінші әлем чемпионатында қазақстандық палуан Нұрлан Бекжанов  күміс жүлдегер атанды.  

Қазақстан күрес федерациясының сайтының мәліметінше, Нұрлан Бекжанов 70 келі салмақта алдымен қырғыз палуаны Еламан Доғдырбекұлын 5:1 есебімен ұтса, екінші айналымда венгриялық Сомбор Гулясты 6:2 есебімен тізе бүктірді. Үшінші белдесуінде молдовалық Михаил Саваны 7:0 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда жапониялық Нобуйоси Такоджимадан 10:6 есебімен басым түсті. Тек финалда ресейлік, Еуропа чемпионы, 2013 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Могамед Курбаналиевке 4:8 есебімен есе жіберді. Осы біріншілікте сондай-ақ тағы бір қазақстандық палуан Айым Әбділдина қола жүлдегер атанды. БҚО-ның Сырым ауданы Бұлдырты ауылында туып-өскен Нұрланның алғашқы бапкері КСРО спорт шебері Асқар Саукелин болса, қазір Астана қаласындағы жаттықтырушысы - Асқар Әбдірашев. Айта кетейік, Нұрлан Бекжанов - ересектер арасында еркін күрестен қазақ палуандары арасында әлем чемпионатының финалында өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған бірінші спортшы. Бұған дейін әлем чемпионатында Мәулен Мамыров 1997 жылы Красноярскіде, Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев 2011 жылы Стамбулда қола жүлдені иеленген болатын.