Көсеммен бірге келмеске кеткен кезең

Көсеммен бірге келмеске кеткен кезең

Көсеммен бірге келмеске кеткен кезең
ашық дереккөзі
Кариб теңізіндегі кішкентай арал өткен ғасырда әлемдік геосаясатта үлкен рөл атқарды. Асырып айтқандық емес, ХХ ғасырдағы екі бірдей дүниежүзілік соғыс аздық еткендей, үшіншісінің отын тұтандыра жаздады. Жалпақ әлемді екі лагерьге бөліп билеген КСРО мен АҚШ сынды алпауыт елдердің ортасында өз басын қатерге тігіп, ойын ойнады. Алпауыттардың бірі тарих қойнауына аттанып, екіншісі бұрынғы амбициясынан бас тартып жатса да, бас-аяғы он бір миллионнан енді асқан тұрғыны бар шағын арал ғаламдық саясаттағы салмағын жоғалтпады. Елу жылдан бері солай. Бұл – Куба, ал оның әлемдік саясаттағы орны мен ықпалы бір ғана адамның – Фидель Кастроның еңбегі еді. Кастроның өз басы – аңызға бергісіз өмір кешкен адам, ол 90 жылдық өмірінің аттай 57 жылын бір елдің билік басында өткізді. Фидель Кастро 26 қарашада 90 жасында көз жұмды. Талайлы тағдыр иесінің өмірінің ұзақ болғаны соншалық, базбіреулер үшін Кастро мәңгі-бақилық сияқты көрінетін. Социализмнің ошағы КСРО күйреп, Берлин қабырғасы құлап, екі лагерьлі Германия бірігіп, ал кәрі Еуропа өзінше Одақ құрып, бұдан соң көпполярлы жүйе қос полярлы әлемнің орнын басып, АҚШ сыртқы саяси бағытында ішкі дағдаруға ұшырап, халықаралық терроризм атты тажал пайда болып, қысқасы, дүние соңғы елу жылда адам танымастай өзгеріске ұшырап жатты – сұр шинельді Кастро ғана сол қалпында қала берді. Тіпті оның «жалпақ әлемде жаппай коммунизм орнағанда ғана сыпырып тастаймын» деген сақалы да сол күйінде еді. Кастромен замандас, тіпті таныс болған Эрнест Хэмингуэй атылып өліп, Кастроның қонағы болып, онымен бас киім ауыстырған Юрий Гагарин опат болып, Кастроның қолдауымен Кубаға советтік зымырандарды орнатқан Никита Хрущевтің сүйегі қурап, Кастро «Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры – қазақ Момышұлы» деп атаған Бауыржан Момышұлының өзі өмірден озды, Кастроға тісін қайраған Дуайт Эйзенхауэрден соң АҚШ-та 10 президент ауысты – Кастро міз баққан жоқ. Империялар ыдырап, саяси картада жаңа мемлекеттер пайда болып, дәуірлер алға озып, дүние шыр айналып, заман құбылып жатса да өзгермеген Кастроның әйтеуір бір күні жоқ боларына енді адам сенбестей көрінген. Марқұмның өз өсиеті бойынша оның денесі өртеніп, күлі Сантьяго-де-Куба қаласындағы қалалық зиратқа қойылады. 26 қарашадан бастап елде тоғыз күндік аза жарияланып, Гаванада қоштасу рәсімі басталды, одан соң көсемнің мәйітінің күлі кезінде өзі жүріп өткен революциялық жеңіс жолымен бүкіл елді аралап, 4 желтоқсанда жерлеу орнына жеткізіледі. Ол диктатураға қарсы революциялық күресін студенттік шақта бастаған. Ал 1959 жылы революцияның жеңімпаз көсемі ретінде айбары асқақтады. Сол кезден бастап елу жылдан аса Кубаны жеке-дара басқарды. Революцияшыл көсем көп ұзамай диктаторға айналды демеске шара жоқ. 1976 жылы Фидель Кастро Мемлекеттік кеңес пен Министрлер кеңесінің төрағасы атанды. Бұған қоса Революциялық қарулы күштердің Бас қолбасшысы және Ұлттық қорғаныс кеңесінің төрағасы лауазымдары бар. Бұл қызметтердің бәрін ол 2008 жылға дейін бір өзі атқарған. Денсаулығының нашарлауына байланысты ол 2008 жылы өз еркімен тізгінді інісі Рауль Кастроға ұстатты. Онда да білетіндердің айтуынша, бұл тек сөз жүзіндегі әрекет болатын. Іс жүзінде Куба Фидель Кастроның ықпалында қала берді. Айтып-айтпай не керек, Фидель Кастро көз жұмғанға дейін Кариб теңізіндегі кішкентай аралды 57 жыл бойы ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған. Тоқсан жылда ол талайлы тағдырды бастан кешті. Кей сыбыстарға қарағанда, оның өміріне 638 рет қастандық жасалған көрінеді, соның бәрінен аман шыққан. Бұл Кастро жақтастарының әсірелеп жеткізген қоспасы болуы да мүмкін, әйткенмен, Куба революционерінің өмірі шайқас пен теке-тірестен, қауіп-қатер мен арпалыстардан тұрғаны анық. Ол арал-мемлекеттің ғана емес, жарты әлемнің тағдырына ықпал еткен тарихи тұлға еді. Оның өліміне қатысты барша әлемдік ақпарат құралдары некролог жариялап, алпауыт мемлекет басшыларының оның өмірі мен еңбегіне қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп қалуының мәні сонда жатыр. Владимир Путин оны «Ресейдің досы» әрі «айтулы мемлекет қайраткері» деп атап, «еркін әрі тәуелсіз Кубаны» құрған әрі «тұтас дәуірдің символы» болды деп баға берді. Путиннің сөзіне қарағанда, «ол Ресей азаматтарының жүрегінде мәңгі сақталады». Бірақ Ресей президенті «Ресей досының» жерлеу рәсіміне баруды қажет деп таппапты. Ал АҚШ-тың қазіргі және келесі президенттерінің пікірі бір-біріне қарама-қайшы шықты. Ақ үйдің қазіргі басшысы Барак Обама «революция көсемі өз елінің өмірін түбегейлі өзгертті» деп, «бұл айтулы тұлғаның адамдарға және әлемге тигізген зор ықпалына баға беру тарихтың еншісінде» деп сыпайылық танытты. Бірақ кешегі сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамп Фидель Кастроны «өз халқын алпыс жыл бойы қыспақта ұстаған қатал диктатор» деп атады. Еурокомиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер Кастроны «өткен ғасырдың тарихи тұлғасы» әрі «көптеген адамдар үшін батыр болған тұлға» деп атап көрсетті. Еуропарламенттің төрағасы Мартин Шульц «Твиттерде» «Фидель Кастромен бірге тарихтың тұтас тарауы жабылды» деп жазды. Әсілі, бір адамның билікті жарты ғасырдан астам уысынан шығармай ұстап тұруы оңай емес. Кезінде Ф.Батистаның диктатурасына қарсы шығып, революцияның көсемі болған Кастро уақыт оза өзі де диктаторға айналды. Мыңдаған адамның саяси жүйе тарапынан қудаланып, түрмеге жабылып, миллиондаған кубалықтың шекара асып кеткені бүгінде жасырын емес. Фидель Кастро құрған саяси жүйе елден қашқандарды ұстаумен, наразыларды қудалаумен, қарсы шыққандарды тұтқындаумен айналысты. Кубалық босқындардың біразы Коста-Рикада деседі, олар АҚШ аумағына өтуге рұқсат алудан дәмелі. Осы орайда, АҚШ-тың «The Washington Post» газеті осы күндері «Кастроның өлімі: қайғылы тарихты түйсіну» атты мақала жариялады. Мақала Кастро билік құрған жылдары қаза тапқан 5600 кубалықты және саяси жүйенің құрбаны болған 1200 аралдықты еске салады. Бұл деректер шетелде ашылған Cuba Archive сайтында толық берілген, онда қаза тапқан кубалықтардың тізімі жарияланған. Кешегі күнге дейін Кубада ғаламтор желісі тұсалып, халықтың еркін ақпарат алу мүмкіндігі шектелген еді. Қарапайым кубалықтар алпыс жыл ішінде біртоға, бұйығы әрі бұқпалап өмір сүруге бой үйретті. Ең қорқыныштысы, бірнеше буын ұрпақтың бойында мемлекеттік билікке деген сенімсіздік ұялап, әлеуметтік әділдікке деген үміт шоғы өшуге айналды. Осылайша, ағайынды Кастролар елу-алпыс жылдан бері «бостандық аралында» әскери мемлекеттік капитализм жүйесін орнатты. Бұрынғы КСРО тұрғындары үшін Фидель Кастро сол кездегі аңыз тұлғалардың бірі болғаны белгілі. Кастроның бейнесін советтік идеология америкалық империализмге қарсы қару ретінде қолданды. Советтік азаматтар үшін Куба шынымен «бостандық аралы» ретінде сипатталып, Американың көк желкесінен қарап отырғандай, социалистік жүйені тұтас Латын Америкасына таратудың өткеліндей көрінгені даусыз. Ағайынды Кастролар билік құрған жылдарда Куба Латын Америкасына саяси, экономикалық, мәдени ықпалын орнатты. Бірақ өз жерінде Кастроның билігі елдің экономикалық ахуалын жақсарта алмады. Саяси жүйе бұған елу жылдық америкалық эмбаргоны айыптап келгені мәлім. Жарты ғасыр бойы Кубаның экономикасы Кеңес Одағының дотациясының арқасында қамсыз тіршілік етті. Совет Одағы Кубаны мұнаймен, құрал-жабдықтармен, электр қуатымен қамтамасыз етті, ал «бостандық аралынан» қант, апельсин мен сигара экспортталды. Есесіне, Кастро КСРО-ның ең адал одақтасы болды. КСРО үшін Куба АҚШ-тың тұмсығының астында орнаған коммунизм елі болатын, яғни оның стратегиялық маңызы өте жоғары еді. Анығын айтқанда, Куба КСРО-ның Батыстағы әскери базасы болатын. Кастро социалистік жүйенің туын көтеріп, Африкаға 25 мыңдай кубалық солдатты аттандырды. Жарты ғасыр бойы АҚШ-қа қарсы дөңайбат ретінде қолданып келгені үшін КСРО Кубаға қарыздар еді. Бірақ жарты әлемді тітіреткен империяның өзі ың-шыңсыз ыдырап, тарихи естелікке айналды, бұдан соң «бостандық аралы» жетім қалды. Ал Кеңес Одағының қаржылық қолдауынан айрылған Лурдес әскери базасы 2002 жылы жабылды. КСРО-ның заңды мұрагері – Ресей өз шаруасын реттей алмай, ішкі қайшылықтармен әлек болып жатқанда, Куба басқа әріптестер іздеуге, сауда-саттық жасаудың, экономиканы жолға қоюдың тың сүрлеуіне түсуге мәжбүр болды. Бұл ізденістердің ақыры АҚШ-пен қайта жақындасуға алып келгені ендігі мәлім. Куба халқының кедейленуі КСРО ыдыраған соң шырқау шегіне жетті. «Бостандық аралынан» АҚШ-қа қарай қашатындардың қатары қалыңдағаны да сол кез болатын. Қазіргі таңда Куба халқының саны 11 миллионнан сәл асады. 1959 жылғы революциядан бері аралды 2 миллиондай адам тастап, эмиграцияға кеткен. Қазіргі есеп бойынша, АҚШ-та 2 миллионға жуық кубалық бар, оның басым бөлігі Флорида штатындағы Майами қаласында тұрады. Айтпақшы, 2014 жылдан бері АҚШ пен Куба арасында дипломатиялық қарым-қатынас қайта жанданып, 2015 жылы «бостандық аралында» АҚШ елшілігі ашылды. Биылғы көктемде АҚШ президенті Барак Обаманың Кубаға аяқ басуы – ғаламдық геосаясаттағы аса маңызды оқиғалардың бірі еді. Себебі бұл – тоқсан жылдан бері бұл аралға АҚШ президентінің бірінші сапары болатын. АҚШ пен Куба арасында дипломатиялық қарым-қатынастың қайта жаңғыруы «бостандық аралының» шаруасы оңалып, тіршілігі түзелер деген үмітін жаңғыртты. Шындығында, АҚШ елу жыл бойы Кубаны экономикалық эмбарго қысымында ұстап келеді. Барак Обама дипломатиялық қарым-қатынасты жаңартқан соң, эмбаргоның біртіндеп күші жойылатынына үміт оянып еді. Бірақ жаңадан сайланған Дональд Трамптың ойында не бар екені белгісіз. Обаманың «мұрасын» жоққа шығаратын Трамп Кубамен экономикалық байланысты күшейтуді қолдамауы да мүмкін. Оның үстіне, сайлауалды науқан кезінде Трамптың «Гаванамен диалог орнату – қателік» деп мәлімдеме жасағаны есте. Былтыр Рим Папасы Франциск Кубаға арнайы сапармен барып, кәрі революционер Фидель Кастромен кездескен болатын. Бұл – ватикан басшысының соңғы жиырма жылдағы Кубаға үшінші сапары. Ең алғаш рет аралға аяқ басқан Папа Иоанн Павел ІІ «Әлем – Кубаға, ал Куба – әлемге құшағын айқара ашсын» деген қанатты сөз айтқан еді. Фидель Кастро Папа Францискті көкшіл түсті «Адидас» спорт киімімен қарсы алды. Миллиондардың көзіне таныс сұр шинелі де, көп жыл серігі болған сигарасы да жоқ. Осы кездесуде түскен суреті – Фидель Кастроның әлемдік ақпарат құралдарында жарияланған соңғы фотосуреті. Ауыр науқасқа шалдыққан Кастро бұдан кейін ресми шараларда бой көрсетпеді, жұрт көзінен тасада болды. Биылғы жылдың басынан бастап Кубаға саяхат жасаушы туристер қатары күрт артты. 2016 жылдың алғашқы екі айының өзінде бұл аралға бір миллионнан аса шетелдік турист келген екен. Куба шетелдік туристерді өзінің табиғатымен, теңіз суымен ғана емес, революциялық тарихымен де тартады. Обалы нешік, Фидель Кастроның өзі мен ол туын көтерген революция бүгінгі таңда коммерциялық табыс көзіне айналған. Кубалық биліктің өзі Фидель Кастроның аты мен суреті бейнеленген тауарлар шығарып, революция көсемінің атын коммерциялауға үлес қосты. Кастро өз елінде ғана емес, Латын Америкасында, Еуропада, Ресейде қазіргі жастар үшін брендке айналды. Оның суретін жастардың үстіндегі жеңсіз киімнен көруге болады, оның аты ішімдіктерге беріліп, сауық орындары оның есімімен атала бастады. Фидель Кастро ғана емес, оның інісі Рауль Кастроның, оның серігі Че Гевараның есімдері де осындай жарнамалық брендтерге айналған. Иә, Фидель Кастро – аңыз. Ол диктатурамен күресіп, азаттық үшін күрестің көсеміне айналды. Бірақ өзі жарты ғасырдан астам өмір сүрген жеке-дара диктаторлық билік жүйесін орнатты. Бүгінде оның әлде күрескер тұлға, әлде диктатор болғаны даулы. Жас ұрпақ үшін оның бейнесі әлдебір наразылықтың, қарсылық білдірудің символына айналды. Жаңа ғасырда коммерциялық бренд түріндегі Кастроның бейнесі таңсық болудан қалған. Иә, Кастро өмірден озса да, оның бейнесі өшпейтін сияқты. Әлі талай уақыт талайлардың ұраны болар немесе дау-тартыстың тақырыбы бола берер. Қанша дегенмен, ол – өз дәуірінің көрнекті тұлғаларының бірі.