Өзбекстандағы сайлаудың тәлімі қандай?

Өзбекстандағы сайлаудың тәлімі қандай?

Өзбекстандағы сайлаудың тәлімі қандай?
ашық дереккөзі

Қой жылының қойны-қоншы сайлауға толы. Әлемнің түкпір-түкпіндегі президент және парламент сайлаулары, халықтық референдумдар түрлі елдердегі саяси-әлеуметтік даму бағытты айқындап, ішкі және сыртқы бағыттарға өзгеріс енгізіп, ғаламдық саясатқа ықпал етуде. Өткен үш айда Италияда, Шри-Ланкада, Замбияда және Хорватияда президенттік сайлаулар өтсе, Израиль, Эстония, Тәжікстан, Микронезия, Андорра, Сальвадор, Тувалу, Лесото, Комора, Сент-Китс және Невис мемлекеттерінде парламент сайлаулары болды. Бұдан бөлек, Нигерияда – жалпыға ортақ сайлау, ал Словакияда неке мәселесіне орай референдум ұйымдастырылды.

Бірақ кейбір елдерде президент пен парламент сайлаулары қатар келуі тіпті қайшылық емес. Мәселен, биыл Грекияда әуелі парламент, сосын президент сайлауы өткізілді. Өзбекстанда жыл басында парламент сайлауының екінші туры өткізілсе, осы аптаның дүйсенбі күні өзбектің жаңадан сайланған президентінің есімі ресми түрде жарияланды. Оксарайдың жаңа иесінің кім екені бесенеден белгілі, ол – Ислам Каримов.

 БІР САЙЛАУ МЕН ЕКІНШІНІҢ АРАСЫ

Сонымен, наурыз айының соңғы күндерінде Өзбекстанда президент сайлауы болды. Көп сайлаудың ішінде өзбек сайлауына ерекше ден қоюымыздың себебі бар. Өзбекті өзімсінетін қазақы құлықты былай қойғанда, қоңсылас жатқан елдің ішкі саяси тұрақтылығы мен сыртқы саяси бағыты жалпыаймақтық дамуға әсер етерін естен шығаруға болмайды. Оның үстіне, соңғы жылдары қазақ-өзбек қарым-қатынасы көршілік-туыстық-достық байланыстан гөрі рухани-әріптестік-стратегиялық желіге ауыса бастағаны байқалады. Бұған екі елдің басшыларының қарым-қатынасының түрленуі де, экономикалық-экологиялық түйткілдердің көбеюі де себеп. Аймақтық көшбасшылар «бір жағадан бас шығармай» тірлікте береке жоқ екенін айқын ұғына түсті.

Екі елдің саяси өмірінде де ұқсастықтар жетерлік. Биыл өзбек елі саяси биліктің екі бірдей тармағында сайлау өткізсе, Қазақстан кезектен тыс президент сайлауына қызу дайындыққа кірісіп кетті. Иек астында – Қазақстан Парламентінің сайлауы.

Апта басында өзбек сайлауының алдын ала қорытындысы жария бола салысымен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің әріптесі Ислам Каримовты жеңісімен құттықтаған жеделхат жолдады. Санаулы күндерден соң Оксарайдан жауап құттықтау келеріне дау айтатындар табыла қоймас.

Өзбек елі тәуелсіздік алғалы осымен төртінші мәрте президент сайлауын өткізді. Ислам Каримов 26 жылдан бері ресми билік тұтқасын уысында ұстап отыр. Кейбір сарапшылар «нәтижесі алдын-ала айқын» деп бағалаған биылғы сайлаудың не өзгешелігі бар, тәлімі не?

 ОН СЕГІЗ МИЛЛИОННЫҢ ҮНІ

Бұл жолы басыңқырап айтылған дәйек – президент сайлауына қатысушылардың белсенділігі кез келген демократиялық мемлекеттің алдын орайтын көрсеткішке жақын екені. Сайлау өтер-өтпестен оған дауыс берушілердің 91 пайызы қатысқаны мәлім болды. Бүгінде өзбек халқының саны 31 миллионға жуық. Сайлауда дауыс беруге құқылы азаматтар қарасы 20 миллионнан асады. Басқаша айтқанда, бұл жолғы сайлауға қатысқан он сегіз миллион сайлаушының басым бөлігінің даусы Каримовқа берілген. Осал көрсеткіш емес, әлбетте.

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясы Ислам Каримовтың топ жарып алға шыққанын жария етті. Одан басқа сайлау додасына түскен үш үміткер, яғни «Ұлттық қайта жаңғыру» демократиялық партиясының өкілі Ақмал Саидов, Өзбекстанның Халықтық-демократиялық партиясының өкілі Хатамжон Кетмонов, «Адолат» социал-демократиялық партиясының өкілі Наримон Умаров қазіргі президентке ауыз толтырып айтарлықтай қарсылық көрсете алған жоқ. Каримов болса, Өзбекстан либералды-демократиялық партиясы атынан түсіп, басым дауыспен жеңіске жетті. Үш үміткер де, саяси партия өкілдері де Каримовты «ең мықты үміткер» ретінде бағалаған. Сайлауалды науқан кезінде Каримовты сынағандар некен-саяқ болды.

Өзбек еліндегі сайлауға 43 мемлекеттен 300-дей халықаралық байқаушы қатысқан. ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев 72 байқаушының атынан Өзбекстандағы сайлауды заң аясында әділ өтті деп мәлімдеді. Оның айтуынша, сол күні сайлау учаскелерінде «салтанатты көңіл-күй байқалып, жастар көп болған, шығармашалық ұжымдар өнер көрсетіп, тіпті ана мен бала бөлмелері ашылған».

Ал ЕҚЫҰ ұйымы бұл елде демократиялық стандарттардың жоқтығын, адам құқығының сақталмайтынны айты, біраз жылдан бері сынап жүр. Бірақ бұл жолы да, алдыңғы сайлауда да 90 пайыздан көп дауыс жинаған Каримов анау-мынау сынға қыңатын емес.

 КАРИМОВ «ВИРТУАЛДЫ САЙЛАУДАН» ТЫС ҚАЛДЫ

Бұл жолғы «жаңалық» – Өзбекстандағы ресми сайлаумен қатар ғаламторда «виртуалды сайлау» өткізілді. Өз үніне өзі тұншыққан оппозицияның тәжірибесінде бұрыннан бар жағдай бұл. Каримовке бәсекелес деп танылған үш үміткердің үшеуін де биліктің «өз адамдары» деп мәлімдеген наразылардың ғаламторда ашық сайлау үлгісін өткізуден басқа амалы қалмаған сияқты. Оның белсенділері – соңғы жиырма жылда Өзбекстанның ресми билігінен қуғын көрген, көбі шетелде жүрген оппозиция өкілдері. Он бір «үміткердің» дені – ресми сайлау додасынан шығып қалған, түрлі себептермен сайлау тізіміне енбей қалған азаматтар. Бірақ, бір өкініштісі, олардың арасында да танымал, елге беделді тұлғалар жоқтың қасы. Сондықтан «виртуалды сайлау» өзінің діттеген мақсатына жетті, өзін ақтады деу қисынсыз. Бір ғажабы, «виртуалды сайлау комиссиясы» ресми үміткерлер – Ақмал Саидов, Хатамжон Кетмонов, Наримон Умаровтарды «виртуалды тізімге» енгізгенімен, қазіргі президент И.Каримовты үміткер ретінде «додаға» қосудан бас тартқан. Сондай-ақ Каримовтың «мұрагері» болуы мүмкін делінетін премьер-министр Шавкат Мирзиеев, қаржы министрі Рустам Азимов, сондай-ақ саяси амбициясын әйгілеп жазықты болған Гүлнара Каримова да бұл тізімде жоқ.

 КАРИМОВТЫҢ ҚАРСЫЛАСЫ – КАРИМОВА МА?

Ел ішінде өзімен тайталасар қарсылас қалдырмаған Ислам Каримовтың соңғы кезде өзінің туған қызы Гүлнараға суық қабақ танытуынан саяси себеп іздеудің әбестігі жоқ. Оның былтыр күзден бері Гүлнараны үйқамақта ұстап отырғаның батыстық ақпарат құралдары жарыса жазып жүр. Ғаламторда Каримованың үйқамақта түскен суреттері жетерлік. Одан басқа, өзінің немере інісі Жамшидті психиатриялық емханаға жатқызғаны да талай сыбыстың туындауына сеп.

Гүлнараның саяси амбициясы әйгіленбесе де, оның экономикалық қылмыстары әшкере болды. Жақында ғана Гүлнара Каримованың Өзбекстандағы халықаралық ұялы байланыс компанияларынан 1 миллиард доллар алғаны жайлы ақпарат таратылды. OCCRP, яғни Коррупциялық және ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу орталығы атты халықаралық ұйым 21 наурызда Норвегияда Каримованың қылмыстарына қатысты журналистік зерттеулер қорытындысын жариялады. Онда Г.Каримованың өз сыбайластары арқылы ресейлік, шведтік компаниялардан бір миллиард доллардан көп қаржы бопсалағаны ашық айтылған. Бұл оның телекоммуникациялар саласындағы «бизнесінің» бір қыры ғана. Алдағы уақытта оның басқа бизнестері де жіті тексеруге түспек. Жалпы, Еуропада өзбек президентінің қызының үстінен соңғы үш жылдан бері оннан аса қылмыстық іс қозғалған. Қазір бұл процеске Өзбекстанның Бас прокуратурасы да қосылды.

Осылайша, 42 жастағы Гүлнара Каримова жарты жылдан бері үйқамақта отыр, ал сыбайластарының көбі сотталды. Оның әке қаһарына ұшырауын халықаралық қылмыстық жауапкершілікке байланыстыру қисынды болса да, түпкі себебін саяси бәсекеден іздеу – жаңсақтық емес.

КАРИМОВ ДІТТЕГЕН ОН МЕЖЕ

Каримовтың сайлауалды бағдарламасында он мәселе нақтыланып, оның ішінде экономикалық саясатқа айтарлықтай маңыз берілген: мемлекеттің экономикадағы салмақ үлесін қысқартудан бастап, өндіріс ошақтарын жандандыру да қарастырылды. Қазіргі таңда елде автокөлік өнеркәсібі өркендеуде, мұнда жүк және жеңіл автокөліктер, автобустар мен минивэндердің 27 түрі және ауылшаруашылық техникасының 15 түрі шығарылады. Соның арқасында импорттың жылдық көлемі 4 миллиард долларға азайған. Каримовтың ұсынысы бойынша, алдағы бес жылда жалпы құны 5 миллиард доллар болатын 600 жоба жүзеге асырылмақ.

Ресми деректерге жүгінсек, былтыр Өзбекстандағы жалақы, зейнетақы мен стипендия көлемі 23,2 пайызға, ал тұрғын халықтың нақты табысы 10,2 пайызға артқан.

Бірақ соңғы кездегі дағдарыстар өзбек экономикасына айтарлықтай кесірін тигізіп отыр. Ресейліктер өзбек техникасын сатып алуды күрт азайтты. Мұнай мен алтын бағасының арзандауы, еңбек мигранттары табысының кемуі де өзбек билігі үшін ауыр сынақ болғалы тұр.

Каримовтың сайлауалды бағдарламасының он тармағының біреуі ғана сыртқы саясатқа арналған. Көрші елдермен достық-әріптестік қарым-қатынасты басты мақсаттардың бірі ретінде бағалаған Каримов «Өзбекстанның қандай да бір саяси одаққа кіруіне, өзбек жерінде шетелдік әскери базаның орналасуына және өзбек әскерінің жат жердегі соғыс қимылдарына қатысуына жол жоқ» дейді. 2012 жылы Өзбекстанның Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарт ұйымынан шыққаны белгілі. Қазір бұл ел Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен ТМД ұйымына ғана мүше.

Қазір Өзбекстанның Кедендік одаққа немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу-болмау мәселесі түрлі алып-қашпа әңгімеге арқау. Ресей президенті Владимир Путин былтыр желтоқсан айында Ташкентке барған сапарында Өзбекстанның 860 миллион доллар қарызын кешіріп, Кеден одағы елдері мен Өзбекстан арасында еркін сауда аймағын құру жөнінде ұсыныс жасады. Ал Каримов біресе осы одаққа кіруге ынта білдірсе, біресе КСРО-ға ұқсас қандай да бір одаққа мүше болмайтынын айтып үзілді-кесілді мәлімдеме жасайды.

Бірақ аймақтық мәселелердің қордалануы Өзбекстанның екіұшты саясатына біршама нақтылық енгізуді талап етеді. Ауғанстаннан НАТО әскерінің шығарылуы аймақтық жағдайды ушықтыруы ықтимал. Ауғанстаннан келетін қауіптің ауқымы Ислам мемлекеті өкілдерінің белсенділігіне ұласуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта Каримов аймақтық әріптестікті күшейтуге ден қоюға мәжбүр. Оның өзі де сайлауалды бағдарламасында көрші елдермен достық әріптестіктің маңызын ерекше атап өтті.

 СОҢҒЫ МЕРЗІМНІҢ ЖҮГІ АУЫР...

Тағы бір мәрте президенттікке сайланған Ислам Каримов үшін алдағы кезең оңайға түспек емес. Елден жырақта жүрген жұмыскерлер саны 4-6 миллион шамасында деп айтылып жүр, оның ішінде 2 миллиондай өзбек мигранты Ресей жерінде нәпақа табуда. Басқаша айтқанда, Өзбекстанның еңбекке жарамды тұрғындарының үштен бірі сыртта жүр. Ресейдің экономикалық санкциялар құрсауына түсуі Өзбекстанның экономикалық-әлеуметтік ауалына жанама түрде жағымсыз әсерін тигізе бастады. Орыс жерінде жүрген өзбек мигранттары қаржылық-материалдық қиындықтарды бастан кешіруде.

Бұл мерзім – Каримов үшін соңғы кезең болуы әбден мүмкін. ЕҚЫҰ қорытындысына сәйкес және қазіргі кездегі Өзбек Конституциясы талаптарына орай, Каримов келесі, 2020 жылғы президент сайлауына қатыса алмайды. Себебі, Өзбекстан Конституциясы бір адамның екі мерзімнен соң қатарынан тағы да президенттікке сайлануына шектеу қояды.

Дегенмен, Каримовтың бүгінгі жағдайы – «билікті сақтап қалудың» емес, «билікті уақытша ұстап тұрудың» жайы сияқты. Егер осы мерзімнің соңына дейін Оксарайда отыра алса, Каримов мырза сексеннің үшеуіне шығады екен. Сондықтан оның алдында аз дегенде екі ірі міндет бар: бірі – өзінен кейін ел тұтқасын ұстайтын мұрагерін дайындап, оның билік басына бейбіт (мүмкіндігінше – демократиялық) жолмен келуін қамтамасыз ету, екіншісі – өз атының өзбек тарихында жаманатпен емес, игі істермен қалуының қамын жасау.

Алдағы үш айда – Ұлыбританияда, Финляндияда, Мексикада, Түркияда, Гаитиде, Бенинде, Гайанда, Эфиопияда, Бурундиде, Суринамда, Тринидад және Тобагода – парламент сайлаулары, ал Суданда жалпыға ортақ сайлау болады. Бұдан бөлек, Танзанияда конституциялық референдум, ал Ирландияда некеге қатысты референдум, Мальтада мен Люксембургте – жалпыұлттық референдумдар жоспарланған. Сондай-ақ Польшада, Ливанда, Тогода, Бурундиде және Қазақстанда президент сайлаулары өтеді.