«Қорғас» халықаралық орталығы көктемде іске қосылады

«Қорғас» халықаралық орталығы көктемде іске қосылады

«Қорғас» халықаралық орталығы көктемде іске қосылады
ашық дереккөзі
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминнің Алматы облысына жасаған сапары барысында аталған орталық басшылығы мәлімдеді. Қазір мұнда күніне 2 мыңнан астам адам келеді екен. Көбі – Қазақстан мен Қытай азаматтары. Бүгінде «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында салынатын 91 нысанның 74-інің құрылысы аяқталған. Терминал аймағы және «Самұрық» алаңындағы жалпы аумағы 8 мың шаршы метрді алып жатқан екі ірі сауда үйі салынып бітті. Нұркент ауылында 60 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде мұнда келіп, жұмыс істеуге ТМД-ға мүше мемлекеттермен қатар Италия, Франция, Австрия сияқты алыс-жақын шетелдердің инвесторлары қызығушылық білдіріп отыр. Жыл соңына дейін Алматы облысындағы Батыс Еуропа - Батыс Қытай дәлізіне кіретін ұзындығы 304 шақырым Алматы - Қорғас учаскесінде құрылыс аяқталады (4-жолақты қозғалыс және цементбетонды жабыны бар бірінші санатты жол). "Алматы - Талдықорған" және "Алматы - Қорғас" автомобиль жолдары өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалар болып табылады. Жалпы 2020 жылға дейін Алматы облысының автожол инфрақұрылымына шамамен 400 млрд теңге бағытталады. Бұл бүкіл өңірдің көлік инфрақұрылымын толық жаңғыртуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Асқар Мамин.Талдықорған қаласында "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша жалпы ауданы 394 га болатын Оңтүстік-Батыс тұрғын  үй массивінің құрылысы жүруде. Ағымдағы жылы 240 пәтер болатын төрт тұрғын үй құрылысы аяқталады. 706 пәтер болатын бес коммуналдық үй салынып жатыр. Тоғыз балабақша, бес мектеп, Оқушылар сарайы, емхана, көрме кешені, 16-қабатты қонақ үй, басқа да әлеуметтік нысандар салу жоспарланған. Алматы облысында алты индустриялық аймақ салынуда. ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары құрылысы аяқталып қалған "Талдықорған" индустриялық аймағын аралады. Қазіргі уақытта индустриялық аймақ аумағында құрылыс материалдарын шығаратын бес кәсіпорын жұмыс істейді. Осында тағы 10 кәсіпорынды орналастыру жоспарланған, ол 1 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Маминнің қатысуымен "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА-ның Құрғақ портын аралау шеңберінде дәнді дақылдарды қабылдау, тазалау, кептіру және сақтау бойынша болашақ элеватор орнында капсула салудың салтанатты рәсімі өтті. Аталған нысанның қуаттылығы бір мезгілде 15 мың тонна сақтай алады, екінші желіні әрі қарай кеңейту арқылы 30 мың тоннаға дейін жетеді. Элеватор 2017 жылғы тамыз айында іске қосылмақ. Бір жыл ішінде 5 инвестициялық нысанның: орталық алаңның, қолөнершілер қаласының, бизнес орталықтың, көп функциялы ғимараттың және сауда орталығының  құрылысын аяқтау жоспарда бар.