Жаңалықтың жаршысы болған өнер ордасы

Жаңалықтың жаршысы болған өнер ордасы

Жаңалықтың жаршысы болған өнер ордасы
ашық дереккөзі

Қазақ өнерінің қайнар бастауына айналған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шаңырағында апта сайын шығармашылық кештер мен көрмелер, республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп жатады. Еліміздің өнеріне, руханиятына еңбек сіңірген өнер қайраткерлері мен артистерінен дәріс алып жүрген студенттердің де шығармашылық ізденістері мен жетістіктері өз алдына. Қаншама таланттарға жол сілтеп, қанаттандырып ұшырып келе жатқан осы оқу орнының айтар жаңалықтары да көп. Солардың бірі – академияның барлық факультеттерінде дәстүрлі түрде өтіп жүрген республикалық пән олимпиядасы. Аты «пән олимпиядасы» деп үйреншікті тіркеспен айтылғанымен, мұнда шығармашылық әлемінің түрлі салаларының студенттері басқа оқу орындарының студенттерімен бірге шығармашылық байқауға түсіп, өзара пікір алмасып, тәжірибе алмасып, үлкен мерекеге ұласады. Актерлер қойылымдарын қойып, бишілер би сайысына түсіп, сыншылар сынын жазып, режиссерлер фильмдерін көрсетсе,  суретшілер де салған сурет, жасаған мүсіндерімен көрме өткізіп жатады. Бұлардың бәрі де болашақ үлкен-үлкен бастаулардың, болашақ майталмандарымыздың, өнер қайраткерлеріміздің алғашқы бастамасы, өнердегі баспалдағы десек те болады.

Биылғы жылғы республикалық пәнаралық олимпияданың ерекшелігі – елімізде тойланғалы жатқан «Қазақ хандығына 550 жыл» мен «Жеңістің 70 жылдығына» арналып отыр. Осы орайда апта басында олимпияданың ашылу құрметіне академияның фаесінде          «Алматы ислам мәдениетінің астанасы» және Қазақстан Республикасының Мысыр елімен дипломатиялық қарым-қатынастанрының 23 жылдығы аясында Мысыр елінің мәдени көрмесінің тұсауы кесілді. Көрме тұсауын академияның ректоры Б.Н.Нүсіпжанова мен Мысыр елінің мәдени орталығының директоры Хемдан Ибрагимнің қатысуымен ашылды. Көрмеде Мысыр халқының ұлттық қолөнер және бейнелеу өнерінің түрлі туындылары қойылған.

«Театр өнері», «Кино және тв», «ЖиС», «Музыка өнері» сияқты т.б. факультеттерде жалғасын тапқан республикалық пән олимпиядасының көктемгі 22 Наурыз мерекесі қарсаңында өтуі академияның шығармашылық ізденіс жұмыстарының жылдық қорытындысы есебінде бағаланбақ.

Безымянный 2

Б.Құнбақбаев, Ә.Сығай сияқты өнер қайраткерлері негізін салған «Өнертану» факультетінің «Кинотеледраматургия», «Театртану», «Кинотану» және «Өнертану» сияқты мамандықтарда білім алып жатқан студенттер мен Астана қаласындағы Өнер университетінен келген бірнеше студенттердің қатысуымен өткен олимпияда да өз қорытындыларын жариялар үлгерді. Әр мамандық бойынша комиссия мүшелері құрылып, студенттердің шығармашылық және теориялық білім-біліктерін сарапқа салды. Комиссия құрамында факультеттің С.Балғабаев, Б.Исабеков, Ш.Құсайынов, PhD докторы М.А.Ергебеков, Наурызбекова Г., Өмірбаев д., өнертану кандидаттары: С.Қабдиева, Оразқұлова Қ.С., Жақсылықова М, Г.Мурсалимова, сияқты т.б. ұстаздар төрелік етті. Олимпиядада «кинотеледраматургия» мамандығындағы студенттер үшін  әңгіме, сценарий жазу берілсе, қалған кинотану, театртану, өнертану мамандығындағы студенттерге «Қазақ хандығына 550 жыл» және «Жеңістің 70 жылдығына» тақырыптарына  арналған кино және театр, бейнелеу өнеріндегі заманауи өнер туындыларын талдау жұмыстары берілді. Байқаудың қорытындысында М.Қосын, Б.Батан, Б.Жұмахан, А.Сапарәлі, Н.Жаманбаева, Е.Смайлова, Т.Жақсылықова, А.Адильбекова, Ж.Жайсанбаева, А.Тілеубергенова, Ұ.Тоқаева, Н.Абдил, Г.Садуақасова сынды т.б. студенттер I, II, III-ші орын дәрежелерімен бағаланып, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жиын соңында сөз алған комиссия мүшелері  студенттердің ғылыми және шығармашылық жұмыстарына тоқталып, жетістіктері мен ескертулерін, ақыл-кеңестерін айтып, болашақ жас мамандардың алдағы жұмыстарына бағыт-бағдар бергендей болды. Елімізге еңбегі сіңген жазушы, драматург ағаларымыз бен өнертанушылардың болашақ сыншылар мен драматургтерге берген бағалары мен пікірлері олардың шығармашылық жолындағы қадамдарының нық болуына септігін тигізе бермек деп ойлаймыз.

А. Ахмет, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы