Ярослава Шведова: Токиода ел намысын қорғағым келеді

Ярослава Шведова: Токиода ел намысын қорғағым келеді

Ярослава Шведова: Токиода ел намысын қорғағым келеді
ашық дереккөзі
Бүгін Оралдағы теннис орталығында Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-інші ракеткасы Ярослава Шведова балғын теннисшілермен шеберлік дәрісін өткізді. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тимур Шаяхметовтің атап өткеніндей, балалардың шеберлігін шыңдау үшін мұндай кездесулерді ұйымдастырудың маңызы зор.

Я.Шведова сондай-ақ отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесіп, ракеткаларды тарту етті.

«Бұл - менің Оралға алғашқы рет келуім. Мен де бала кезімде екі мәрте осындай шеберлік дәрісіне қатысқаным бар, сол сәттер кейін жадымда жатталып қалды. Сондықтан білгеніңді кейінгі буынға үйретудің еш артықтығы жоқ. Содан олар керемет әсер алады, биіктерге талпына түседі. Қазіргі кезде Қазақстанда теннистің дамуына барынша жағдай жасалуда. Теннис орталықтарына біздерді жиі шақырады. Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен мүмкіндігіне қарай, уақыт тауып баруға тырысамын. Мысалы, осыдан кейін Ақтөбеге жол түспекші. Өзім туралы айтсам, биыл жекелей сында екінші жартыжылдықта сәтті өнер көрсеттім деп айта аламын. Соның нәтижесінде рейтингім жоғарылап, Қазақстанның бірінші ракеткасы атандым. Қазір демалыста жүрмін. Көп ұзамай алдағы жылға дайындықты бастаймын. Қаңтар айында-ақ ірі халықаралық турнирлердің өтетіні белгілі. Сондай-ақ бұған дейін Лондон мен Рио олимпиадаларына қатыссам, енді Токиода да өнер көрсетсем деймін. Оның бер жағында Дэвис кубогы үшін Қазақстан намысын қорғай бермекпін. Келесі жылдың ақпан айында Азия-Тынық мұхит елдері теннисшілері арасында Астанада осындай турнир өтеді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ярослава Шведова.

Айта кетейік, Ярослава Шведова - әсіресе, жұптық сында үлкен табыстарға қол жеткізген теннисші, ол - 2010 жылғы US Open және Уимблдон турнирінің жеңімпазы, 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері. Я.Шведова барлығы 14 WTA турнирін ұтса, соның 13-інде жұптық, біреуінде жекелей сында жеңіске жеткен. Биыл ол Уимблдон турнирінде жекелей сында табысты өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жетті.