Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы курс өткізді

Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы курс өткізді

Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы курс өткізді
ашық дереккөзі
27-31 қазан күндері Алматы облысы Талғар ауданындағы Бокс академиясында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АИБА) және Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен супервайзерлер мен халықаралық техникалық өкілдерге арналған сертификаттық курстар өтті. Семинарға барша әлемнен жиналған 40-тан астам тыңдаушы қатысты. «Біздің құрлықтан 25 қатысушының болғаны, оның ішіндегі 10 қатысушының Қазақстаннан екені қуантады. Бұл курстар бокстың алдағы дамуында аса маңызды. Себебі супервайзерлер мен техникалық өкілдер АИБА жарыстары кезінде қағидалар мен регламенттердің сақталуын қадағалайды», - деп хабарлады Азия бокс конфедерациясының атқарушы директоры Бақдәулет Төреханов. Оқыту және сертификаттауды тәжірибелі АИБА нұсқаушылары Луиз Бозелли (Бразилия) және Хелмут Ранз (Германия) өткізді. «Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев бокс саласындағы барлық мамандардың біліктілігін көтеруге айрықша көңіл бөледі. Ол осындай семинарларды, әсіресе бапкерлер мен төрешілерге арналған курстарды көбірек өткізу қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Келесі жылы сертификаттау семинарларының саны ұлғая түседі деп үміттенеміз. Ол үшін Бокс Академиясы түрлі бағыттағы курстарды өткізетін тамаша алаңға айналары сөзсіз», - деп атап өтті Б.Төреханов. Ауызша және жазбаша сынақтардың нәтижесі бойынша қатысушыларға сәйкес сертификаттар беріледі.