Жүректен кіріп бойды алған (Шәмші Қалдаяқов туралы)

 Жүректен кіріп бойды алған (Шәмші Қалдаяқов туралы)

 Жүректен кіріп бойды алған (Шәмші Қалдаяқов туралы)
ашық дереккөзі

«Айгене жақтағы белдің астынан ән шығады. Тақап келе жатқан әдемі, таза шырқау ән. Енді біразда аңыра тұрып қайран қалды. Әнді бұл тани кетті. Әсем бұралып, нәзік оралып, жібектей үйіріле қайырған ырғағы мәлім «Ақмаңдайлым» әні. Көңілденген, кешеден бері сергіп, бар жан денесімен қайта сілкініп, бұрынғы жарқын қызықшыл қалпына келген Медет енді өзінен-өзі күліп ән шыққан жаққа аңыра қарай қалды. Ән тақап келеді. Енді бұ да әннің қайырмасына, бел астындағы әуенге өзінің ерекше зор, таза дауысымен қосылып кетті...

Бұлар амандаспастан әндерін ірікпей біріне-бірі тақап келгенше сүйікті ырғақты соза беріскен. Соңғы екі қайырма жолдары енді екі үннің әдемі қосылуымен аяқтай берді.

...Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші,

Жадырашы, назданшы, еркелеші!..»

Өмірінің соңғы кезін бар болмыс, талант табиғатымен бүгінгі нұрлы болашақ жасап жатқан замандастар тұлғасын тануға арнаған данышпан жазушымыз Мұхтар Әуезов өзінің «Өскен өркен» романында қарлы боранда адасқан жас шопан Медетті ақ арманына осылайша ән арқылы – Шәмші Қалдаяқовтың әні арқылы – шаттық күйде табыстырған еді. Бұл кездейсоқ, жауапсыз алына салған таңдау-тағылым емес, әдебиет пен өнер, музыканың да өрен білгірінің жаңа дәуір, жаңа лепті танытар әсем дүниені сүйсіне қабылдап, қызыға марапаттауынан деп ұққан едім. Қазақ жастарының қуана құшақ жайып қарсы алған асқақ әнін Мұхаң өз романында оптимистік символ ретінде бейнелеуі үлкен ықылас, сүйспендікті аңғартқандай. Кейбір жаңаға, жақсыға жатырқай қарап, қазақтың кейінгі әндерінде «вальсомания» етек алып барады деушілерге М.Әуезов 1959 жылғы 27 декабрьдегі жас творчество өкілдерімен КазГУ-де болған кездесуінде, «Қазақ вальсі», «Ақмаңдайлым» сияқты вальстер көбейе берсе, қазақ музыкасы одан жұтаңдық таппайды дегені де есімізде.

Содан бері жылдар өтті. Елу тоғызыншы жылдың басында «Ақмаңдайлым» әнімен қазақ музыка әлемінде бүршік жарған жас талант өзінің көп бояулы құлпырмалы тамаша шығармаларын көпшілікке ұсынып келеді.

Жасыратыны жоқ, Шәмші творчествосына таңдай қағатын көптің бірі – менмін. Қолдан келсе, ол туралы кең көлемде бір туынды жазсам деген ойым да бар. Соның беташарына жол тиіп тұр.

Алғашқы қадамынан маздаған үміт отын жаға келді ол кеудемізге. Біз консерваторияның дайындық курсында оқитын студент қаламынан туған «Қара көз», «Жүрек сыры», «Қайықта» әндерін еліге, құштарлана қабылдадық.

Сазды лепті, майда қоңыр сәнмен бұралған әуен толқыны жан-дүниеге жатырқамай еніп, сезімді баурай билеп алды. Жастыққа ғана сыбағалы осындай ашықтық, адалдық, шабытты серілік, жарқын күй бар еді «Қара көзде». Шынайы сезім, жарасты да жұғымды бейне әсем ырғақпен келіп, тілсіз махаббатқа жаутаңдай қарап сүзіледі де қояды. Бар болғаны сол. Сыр да, шын да сол. Музыка тілі де сол. Одан артыққа, болымсыз тұрпайылыққа, оспадар-дөрекілікке бармайды. Үлкен гуманизм, таза махаббаттың осындай қас қағым сыршылдықтан танылмасына кім кепіл!..

Автор аптықпа, жалған «күйдім-жандымға» апармайды. «Күнде, күнде кездесу» табалдырығына үміт етеді.

Осы ой, осы шынайы адамгершілік сезімге баулу «Қайықта» әнінде жан-жақты заңды өрбуін тапқан. «Қара көздегі» секілді минор алдымен көңілді, серпінді басталатын мелодия көкірек кере назданып, ойнақылана шығады. Сүйгеніне сыр ашқан, әйткенмен айрылып қаламын ба деген көңіл күдігі аралас жас жігіт құлай беріліп, сонда да өзінің өр азаматтық парасатын толқи тұрып жеткізгендей болады. Қиын өткелді үркек қыздың жүрегіне де майда толқын діріл бар. Ән айтып отырып, шаттанып отырып, өз өмірінің жас, жайдары, ғажап сұлулығына жігіт мың мәртебе риза. Биік-биік асуларға ұмтылғысы келеді, қол жетпес дейтін қияндарға қыранша самғай жеткісі келеді. Самғайтынына да, талмайтынына да сенімі зор. Өйткені еркін, азатсың, қай қиял, қай арман ұстансаң да жол ашық. Тек туған еліңнің тілегінен шық. Осындай нұрлы заманына, бақытты болашағына, жалынды жастығына жігіт көңілі мас. Сол сырдың бәрі қыз жүрегіне құйылып келіп сылдыраған күлкісімен толқын болып шығып жатқандай. Жас болсаң осылайша қаяуы жоқ, өмірді сыйлай білетін, махаббатты қастерлей білетін «сегіз қырлы, бір сырлы» жас болса етті!.. Міне, Шәмші Қалдаяқовтың әуелден-ақ бізге таныстырған лирикалық геройлары осындай.

Тау суындай сарқырама, жасампаз жойқын күшіне іңкәр жаны, алғыр қабілеті ұласқан жастық шақ образы «Ақмаңдайлым» және «Ақсұңқарым» әндерінде толыға түседі. Ақниет, асау арман, қыран қиял екпін-арынын баспай, ыстық ынтызар күйінде сүйгенімен табысуды тілейді.Ақтық шешім. Ала құйын дауылды сезім. Жүрек тіліне, жүрек әміріне жүгіну. Тұла бойы буырқанып, өзіне-өзі келе алмай, өрекпіген сан түрлі нәзік үнді, нәзік тамырдың тасуына тосқауыл қойып, ақылға тізгін ұстатады.

«...Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші» дегендей тоқтау айтады да: «Жадырашы, назданшы, еркелеші» деп тәтті ынтымаққа шақырады.

Ән өршіл романтикаға, шабытты лиризмге құрылған. Құлшына айтылатын жаңа ырғақ, жаңа леп, еркін тыныс бар. Серпінді де жастық шаққа тән жасампаз күш бар. Тас меңіреу жойқын қара күш емес, ақылға қонатын, танымал әсем сырын аңғартады. Ол жігітті сендіреді, сені де сендіреді.Сенім орныққан тұста азды, кем қиыншылық тауқымет, жасаң үрей, қауіп-қатерге жол болмақ емес.

Бұл әндерде Шәмшінің түр жағынан да ізденіс талпынысы байқалады. Ән формасы күрделі: қос қайырмамен айтылады. Бірақ шаршап-шалдығу жоқ, өріліп жымдасып, тұтас жұмырланған. Бұл мазмұн мықтылығынан болса керек. Халықтық таза әуеннің бүгінгі ұланғайыр бауырмал елдер ынтымағынан туындаған сан мың сазды үндермен табысуы, соны тұрпайыландырмай, баптап, баулып ажарлы, әуезді қалыпта мүсіндеу, қайтадан тудыру, талант иесінің ғана қолынан келмек. Өйткені біз кешегі «Елім-ай», «Бозторғай» сарынын қайта көшіріп берсе, оған мүлде тұшынбас едік. Бүгінгі әнші қауымға, дүниежүзілік мәдениеттің інжу-маржанын танып қабылдап отырған қауымға айшықты әуезді, ойнақы орта, сыршыл, ойшыл мелодия бер, әйтпесе ол бүгін «әлулайлардың» бәрін мүлік деп есептемейді.

Ш.Қалдаяқов әндерінде осы замана талабын терең ұғынғандық бар. Бала күнінен құлағына сіңген қазақтың мұңды-күйлі халық әндері мен орыстың ойлы, нақышты әуендері кейін жоғарғы оқу орнындағы ұлы классикалық шығармалар мен итальян, араб халықтарының айшықты, сырлы, айбарлы музыкалары бөтенше бөгде күшпен өзіне еліктіре тартқан болатын. Өз шығармаларында солардың біріккен, қандасқан ырғағы, бауырластығы бар екенін Шәмші ешкімнен де жасырған емес. Композитор әндерінің бір кереметі – осы мелодиялық синтезде ме деп ойлаймыз. Қазіргі жастар мүддесі мен жаңалық іздеу мұраты автор шығармаларына бүгінгі күн талабына сай қорғасын салмақ берген. Сөйтіп жас таланттың музыкасы Бетховенше айтқанда, өз тыңдаушысына құдыретті күш пен үміттің, сенімділіктің қайнарын сыйлық етті.

Музыка тілі – тілсіз тіл. Ол адам жанындағы кереметтердің, құдірет күштің ғашық сиқыршысы. Үнсіз күреске шақырады, көзсіз ерлікке бастайды, мүлгіп кеткен жүрек пернелерін оятады. Әлеуетті жігер береді, өмірден өз үлес сыбағаңды алуға жетектейді, қуаныш-қайғыңды бөліседі. Асып бара жатсаң, тасып бара жатсаң сабаңа түсіріп, азаматтық парыз туын көтереді. Осындай қиын да күрделі, адам баласының өз құдырет күшіндей музыка мықтылығы Ш.Қалдаяқов әндеріне де сабақтас.

«Ана туралы жырды» алайықшы. Әлем анадан тараған. Әлем ана алдында бас иген. Анадан Ақсақ Темір де шайлыққан. Ана алдында адамзат қарыздар. Оның ақ сүтінде ақ тілеу ғана бар. Оның мұхиттан мол махаббатты біздің жүрегімізді оятқан. Ол құбылыстан да, болмыс­тан да күшті. Сол аналар ұлылығын бар ажар-тұлғасымен, аяулы сымбат-келбетімен қазақ музыкасында ең бірінші болып бізге танытқан Шәмші Қалдаяқов десе, асыра бағалағандық болмас еді.

Сиқырлы әуеннің кіріспесі ойнала­ бас­таған­­нан-ақ біз ана алдында шексіз махаббаттың ұршығына иірілгендей сезімге бөленесіз. Ана алдында сіз кім болсаңыз да есеп бересіз. Кім болғаныңызды, қандай парасатта екеніңізді айтасыз. Өтелмеген борыш, қайырылмай бара жатқан қарыз – ешнәрсе ана алдында бұғып қалмақ емес. Ананы алдауға болмайды.

Ән тынысына көз жіберсең, әр заматтың осы ана алдындағы есебі жай баланың шеше алақанындағы сәбилік еркелігінен әрі аунап, Отан алдындағы парыз-түйсігін ашатын сияқты. «Әлемнің ай-күнін сыйласаң» да ана, Отан-ана алдындағы қарыздан құтыла алмайсың деген идеяны түсіндіреді. Бұл жерде «түн ұйқысын төрт бөлген» Отан-ана образы да жақсы жасалған.

Ол неден? Ол – ән қуатынан. Қайсарланып күңірене шығып, мұңды майысқан мелодия адам жанындағы ең асыл сезімдерді оятар патетикалық гимнге айналады. Сіз елжіреп тұнжырай ойланып, ананың асылдығын, ұлылығын танисыз. Патриоттық күш оянады. Ол сізді әлдилеген, аялаған ана, екінші ұлы ана – Отан ана турасындағы патриотизм. Сіз сол үшін тау қопаруға, кереметтер жасауға әзірсіз, аянбайсыз.

Елге деген махаббат «Менің Қазақстаным» атты маршқа жарасымды түрде жалғаса түседі. Көңілді де шатты, мақтанышты да қуанышты ырғақ байтақ республиканың жомарт қалпын көзге елестетеді. Адамның өз күшіне сенер қайрат-қарымы даланың таңға самалындай кеудеге құйылып, дабылды жігер тасытады. Толағай бітімді жас азамат елі алдында ант беріп тұрғандай.

Асылы, Ш.Қалдаяқов әндерінде нәзіктік пен мықтылық, қуаныш пен қайғы, наз бен мұң, өжеттік пен еркіндік, әсемдік пен ақылдылық біте қайнасып жататын тәрізді. Өйткені мұның бәрі адамды адам етіп тұрған синтез. Сонымен де адам құдыретті.

Табиғат, болмыс, таңғажайып ару да ғажап. Ай да ару, күн де ару, көл де ару.Бірақ соның бәрі адамнан сұлу емес, адамнан керемет емес. Композитордың лирикалық геройы осыны паш етіп: «Бәрінен де сен сұлу» дейді.

Еңбек тақырыбына жазылған дүниелерін де осы биіктен табамыз. «Егіз мақта», «Сыр сұлуы», «Мырза есім, Мырзашөлім» әндерінде де совет адамының жасампаз шындығы жырланады.

Шындық – шығарманың қанаты. Шындық болмаған жерде ол ұзақ өмір сүре алмақ емес, күнкөрістің жемсауы ғана болмақ. Шәмші әндерінде бүгінгі шындық бар, бүгінгі замандастардың жарқын образы бар. Ол жасырмайды, геройының ақ жанын ашып көрсетеді. Мұны «Жүрек сыры» (Мен туыппын ақпандатқан боранда), «Сүйген болсаң сағынарсың», «Бақыт құшағында» әндерінен байқау қиын емес.

Композитор шығармаларының бір ерекшелігі – тың әуен, тың мәнер көрініс. Бейтаныс та танымал сазды әуез сіздің небір құпия сырыңызды ашып береді. Сіз көпке дейін сене қоймайсыз. Сонан біртіндеп, баяу­лай жүрекке еніп алған ән қымбатты орыннан мықтап қоныс тігеді. Сіз сол мелодияны жансерік етіп, арманыңызға қарай сырлы күймен адымдай бересіз.

Өнер аспанының таза тұнығында ізденумен келе жатқан жас автор өз шығармасына қуат алар,нәр жинап, қалың елдің ортасында жүр. Ол өзін баулып ұшырған Оңтүстік елінде тұрады. Геройлары қасында. Табиғатында тамаша талант боп туған жігіттің «жұпын жүреді» деген өсек-аяңы да жоқ емес. Бірақ ол жалған өсек. Рас, ол консерваторияны бітіре алмады. Бірақ ән жазатын, жай ән емес, тамаша әндер жазатын композитор екенін дәлелдеді. Мұны біз мойындауымыз керек. Әркімнің қабілет-қарымы, шабыс арыны әртүрлі.Опера жазбағанның бәрін композитор деп есептемеу әділет бола қояр ма екен! Біз бұл пікірді Шәмші әндерін әлі де мойындағысы келмейтін, оның әндерін тек тоғышарлық деп қарайтын кейбір жолдастарға қарсы айтып отырмыз.

Тоғышарлық деген түсінгісі келмейтін, сыңаржақ адамдардың пікірі. Шәмші тек жастық шақты жырлайды, жастық шақтың композиторы. Жас деген не? Жас дегеніміз махаббат, сағыныш, шаттық, арман-қиял, күш-қайрат... Арасында қайғы-қуанышы бар, көңіл-күй мұңы бар, назы бар, сазы бар, сыры бар,еркелігі бар, асыл мұраты бар. Осындай лирикалық геройды қалайша тоғышар деп түсіндіруге болады?! «Лениншіл жас» газетіндегі бір топ адамның атынан айтылған: «Ш.Қалдаяқов 60-жылдардың әуенін алып келді» деген пікірге құба-құп берілген баға деп қосыламыз. Мүмкін, ол ат төбеліндей ғана ортаның пікірі шығар? Жоқ! Мен өз басым Қазақстанның талай түкпірінде болдым. Шәмші әнін ана айтады, Шәмші әнін бала айтады. Ата-ана жылай тұрып алғысын жаудырады. Тілі жаңадан шыққан сәби «Мен саған сәбимінді» айтшы деп жалынады жас анасына. «Алматыда жаңа жауып басылған-ды», – айтшы дейді қарт ана.

Неге бұлай? Мәнісі – Шәмші лирикасы адамның өзінің керемет күшіндей.

 Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ,  1968 жыл