Қазақстандықтар қалай үнемдеп жүр?

Қазақстандықтар қалай үнемдеп жүр?

Қазақстандықтар қалай үнемдеп жүр?
ашық дереккөзі
Ел экономикасының іркілісі отандастарымыздың тапқан табысын үнемдеуге көшуге ықпал етуде. Nielsen тұтынушы зерттеу ұйымының дерегінше, қазақстандықтар соңғы жылдары киім-кешек саудасы мен демалыстан үнемдей бастаған. Себебі, киім-кешектің көпшілігі сырттан импортталады, сәйкесінше бағасы қымбаттай түскен. Ал шетелде немесе ел ішіндегі саяхаттың қай-қайсысы болса да қалтаны жұқартатыны айқын. Сондықтан қазақстандықтар артық шығын шығармау үшін туризмді қысқартуға көшкен. 2016 жылғы Central Asia Fashion Autumn халықаралық сән көрмесі барысында тұтынушылардың нені қалайтыны, қысылтаяң шақта неден бас тартатыны туралы айтылды. Әлбетте, адам киім-кешектен ешқашан бас тартпайды, күнделікті азық-түлік сияқты ол да қажеттілік. Сондықтан киімге қосымша аксессуарларды қысқарту мәселесіне жұртшылық оң көзбен қарайды. Nielsen ұйымының сауалнамасына сәйкес, сұралғандардың 54 пайызы аяқ киім мен аксессуарға жұмсайтын қаржының 50 пайызын қысқартқан. 43 пайызы демалыстарын азайтып, 39 пайызы – техникадан, 34 пайызы азық-түлік шығындарын, 29 пайызы тұрмыстық тауарларды азайтуға тырысқан. 2016 жылдың екінші тоқсанында туризм саласы 8 пайызға кеміген. Мейрамханаға барушылардың да саны кеміген сияқты.  Осы уақытта мейрамхана бизнесі 40 пайыздық, ұялы байланыс 36 пайыздық пайдасынан айрылып отыр. Ең қиын түскен салалардың бірі – автокөлік саудасы. Бақандай 50 пайызға бірақ құлаған. Дағдарыс кезінде қазақстандықтар жаңа көлік тұрмақ, ескі көлік алуға қаражаты жоқ. Десе де алматылықтар ойын-сауықтан бас тартпайтын көрінеді. Бұл сала әлі де дағдарыс салқынын сезінбесе керек. Алматыдағы ең қымбат қызмет – ойын-сауық болса да, бала-шағаны ойнату мен қыдырту дағдарысты елемейді. Еліміз экономикалық индекс көрсеткіштері бойынша 52-орынға тұрақтаған.  Былтыр еліміздің көрсеткіштері анағұрлым жақсы болған, 140 елдің ішінде 42-орынға тұрақтаған еді. Ел экономикасының алғашқы елуліктің ішінен көріне алмауына не себеп? Канадалық Фрейзера институтының зерттеуіне сәйкес, 159 елдің ішінде Қазақстан экономикалық сайлау еркіндігі, нарыққа еркін қолжетімділік, еркін айналым курсы, жеке меншікті қорғау сияқты регламенттер бойынша алғашқы 50 елдің қатарына енбей қалған. Еліміздің экономикасы озық 30 елдің қатарына ену мақсатын алға қойған. Бірақ ел экономикасындағы бүгінгі жағдай бұл межені әзірге алыстата түскендей.