Өзбектің алтыны өзгелерге бұйыра ма?

Өзбектің алтыны өзгелерге бұйыра ма?

Өзбектің алтыны өзгелерге бұйыра ма?
ашық дереккөзі
Өзбекстан – Орталық Азияда өз орны бар мемлекет. Аймақта халқының саны жөнінен бірінші орында тұрса, экономикалық дамуы жөнінен де артта емес. Саяси ұстанымдарына байланысты әлемдік экономикалық үдерістерден тысқары, оқшаулау – өзіндік даму жолымен ерекшеленеді демесек, бұл елдің жерінде табиғи ресурстар мол. Атап айтар болсақ, бүкіл Орта Азиядағы газ конденсатының 74 пайызы Өзбекстанның үлесінде. Алтын қоры жөнінен ол әлемде 4-орынды иеленсе, жез қоры бойынша 11, уран қоры бойынша 8- орында. Ал мақта дақылын өсіруден әлемде 5-орында, сондай-ақ оны экспортқа шығару жөнінен 2-орында. Демек, әлемдік экономикада өзінің лайықты орны бар деген сөз. Соңғы кезде бұл елде орын алған саяси жағдайларға байланысты, атап айтқанда, Өзбекстан Республикасын 27 жылдан аса басқарған, осы елдің тәуелсіз тұңғыш президенті Ислам Каримов өмірден озып, оның орнына келіп жатқан жаңа басшылыққа осы ел тұрғындары және шетелдегі өзбек оппозициясының көзқарасы негізінде Өзбекстанның болашағы туралы түрлі болжамдар айтылуда. Өзбек мемлекеті экономикасының даму мәселесіне, елдің алтын қорының келешегіне алаңдаушылық білдіретін сараптамалар жасала бастады. Әрине, ресми Ташкент бұл мәселеге орай қазірше белгілі бір мәлімдеме жасай қойған жоқ, бірақ сырттай жасалып жатқан болжамдарға құлақ қойсақ – өзбек елінің алтын қорына байланысты жақын арада не болашақта белгілі бір дәрежеде қиындықтар тууы мүмкін екенін байқауға болады. ТМД аймағында алтын өндірісі жөнінен тек Ресейді алға салатын Өзбекстан бұл бағалы металды өндіруді жылына 120 тоннаға жеткізуді көздесе де өткен жылы, АҚШ геологиялық қызметінің есебі бойынша, 105 тонна алтын өндірген. «Қалайда жылына 100 тоннадан кем емес сапалы алтын өндіріп отырған Өзбекстан бұл саладан жыл сайын 4 млрд доллар шамасында табыс тауып отыр», – дейді Швейцарияда тұратын өзбек диссиденті, экономист Алишер Таксанов. Дегенмен, салыстырмалы түрде алып қарағанда Орталық Азия аймағындағы елдердің ұлттық валютасының ішінде құны төмендеу болып тұрған өзбек валютасы – сумның құны қандай курспен (қара базар, ресми, биржа, клиринг) белгіленіп отырғанын білу қиын, шамасы бұл елде өндіріліп жатқан қымбат бағалы металдың сумды инфляциядан құтқаруға пайдасы өте аз тиетін секілді. Жалпы мол өндіріліп жатқан өзбек алтыны мен олардың әлсіз ұлттық валютасы төңірегінде түсініксіз жағдай баршылық. Бұны қарапайым халық түгілі экономист мамандардың өзі түсіндіріп беруге қиналады. Себебі өзбек елінде бұл тараптағы істер аса сақтықпен жүргізілетіні сондай, ұлттық байлықтың кепілдігіндей алтынның сыртқа қашан, қалай және қанша мөлшерде шығарылып жатқанынан жұрт мүлде хабарсыз. Солай да болса, бұл мәселеге қатысты шетелдік ақпарат көздерінен оқта-текте беріліп қалатын мәліметтерге көз жүгірте отырып, кейбір деректерді білуге болады. Мысалы, 2014 жылдың тамызында Швейцария кедені таратқан бір ақпаратта бұл елдің Өзбекстаннан 21 тонна алтын сатып алғаны туралы айтылған. Бұл асыл металдың құны – 800 млн швед франкіне тең. Бірақ оның өзбек еліне пайдасы қаншалықты? Сарапшы мамандар ол жайында негативті болжам ғана жасай алады. Яғни, 21 тонна алтын белгілі бір тұлғаның Швейцариядағы есепшотына ақшаға айналып түсуі ықтимал екені жөнінде айтады. Сондай-ақ ол ақшаны кім иеленіп, кімге жұмсау құқығы берілгені де белгісіз. Демек, Өзбекстан алтын қорының бір бөлігін шетелде сақтауда, алайда оның мемлекеттің төлем қабілетіне, ұлттық валютаны нығайтуға қаншалықты себі тиіп жатқаны тағы белгісіз. Турасын айтсақ, Швейцарияға кеткен алтын жеке адамның есепшотына рәсімделуі мүмкін десек те, ондай істі елдің парламенті бекітіп, орталық банкінің қолдауымен жүзеге асатын іс көрінеді. Және ол арнайы бір заңды тұлғаның атына тіркеліп, алтын ішкі нарықта сатылады да пайдасы әлгіндей жеке шотқа түсуі тиіс екен. Бірақ өзбектің алтын қорын пайдалану үрдісінде жариялылық жоқтығы себепті шетке кеткен алтынның тағдыры баяғыша жұмбақ күйінде қалып отыр. Жалпы өзбек алтынының сыртқа шығарылуы бір бұл емес. Бұрынырақта «Коммерсант» газетінде шыққан бір мақалада Ислам Каримовтың батыс елдеріне жасаған сапарының бірінде ол өзімен бірге «болашақ инвестициялардың кепілдігі ретінде бірнеше шабадан» ала барғаны туралы айтылған-ды. Ол, әрине бекер емес. 1995 жылы Каримов Өзбекстанға шетелдік инвесторларды шақырып, олардың белсенділігін бағалаудың кепілдігі ретінде 100 тонна Өзбекстан алтынын батыс елдерінің банкіне салып, сақтап жатқанын ашық айтқан еді. Бұл оның «шетелдік бірлестіктер банкротқа ұшыраған жағдайда олардың жоғалтқан ақшаларын қайтарудың кепілдігі бар» деп сендіргені еді. Сондықтан өзбек елінің басшысының сөзіне сеніп іске кіріскен Oxus, «Заравшан-Нюморт» секілді көптеген шетелдік кәсіпорындар ұзамай дағдарысқа ұшырағанда уәде етілген қаражаттар қайтарылмай, олар елден кетуге мәжбүр болған-ды. Оларға алтын қорынан көк тиын да төленбеген. Осылайша «инвестицияның кепілдігі» деген сылтаумен Өзбекстаннан сыртқа шығарылған алтын қолды болған, оны кім жұмсады, неге жұмсады? Ешкім білмейді. Келешекте өзбек елінің жаңа басшылығы елдің әл-ауқатын көтеру үшін қаражат іздегенде өте күдікті схемамен жасалған «шетелде сақталып тұрған алтын қор» ізін таптырмауы мүмкін. Соңғы кезде осындай түйіткілді мәселелердің бірі ретінде Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға тиісті, Швейцариядағы банктерде бұғатталған бір миллиард доллар ақша жайында көп айтылып жүр. Батыс елдері бұл ақшаларды қайтармауы мүмкін. Неге десеңіз, ол байлықты билік басындағылар иеленіп кетеді деп ойлайды. Сонда оны кімге қайтару керек? Гүлнараның қарсыластарының ақшаға иелік етуге құқығы жоқ. Сол үшін қазірше ол Швейцарияның ақша айналымына қосылып, сол елдің экономикасына пайда әкеліп жатыр. Сондықтан Швейцария аталған қаражаттан бас тартпайды. Оның шиеленісіп кеткені сонша, келешекте Өзбекстан билігіне демократиялық күштер келгеннің өзінде әлгіндей шетке кеткен байлықты елге қайтару өте қиынға соғатын түрі бар.  P.S. Қазақстан мен Өзбекстанды тарихи тектік жағынан алсаңыз да, мәдени, тілдік, аймақтық жағынан қарасаңызда – о бастан бауырлас ел. Екеуі де Орталық Азиядағы саяси және экономикалық тұрғыдан алғанда қуатты мемлекеттер. Екі мемлекет те Кеңес Одағының құрамында болған кезде Мәскеудегі жоғары билік алдында бір-бірінің мүдделерін қорғасқан тату туыстық принципін ұстанды. Сол ықпалдастық нәтижесінде өзбек елінде Қызылқұм қойнауында жылына орташа 60-70 тонна алтын өндіретін «Кызылкумзолото» алып өнеркәсібі мен Науайы, Зарафшан, Үшқұдық қалалары бой көтерген-ді.   Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ