Қазақстандағы электронды төлем жүйелері

Қазақстандағы электронды төлем жүйелері

Қазақстандағы электронды төлем жүйелері
ашық дереккөзі
Электронды жүйеде керек-жарақты сатып алып, коммуналдық төлем жасау үшін алдымен электронды қапшық ашу керек. Оның да еш қиындығы жоқ. Ғаламторда тіркелу арқылы есепшот ашып, терминал арқылы ақша салынады. Әлбетте, валюта теңгемен салынса да белгілі бір комиссия ұсталады. Мысалы, қазір елімізде QIWI, американдық PayPal, Webmoney жүйелері кең қолданысқа ие болған. Қазақстандық э-ақшаның иелері көбінесе Qiwi желісін таңдайды. Себебі, оның терминалдары қолжетімді, қаланың барлық нүктелерінде орналасқан. Осылайша интернет дүкендер мен қызмет түрлерін қиналмай-ақ осы аталған электронды қапшық арқылы сатып алып, жеңілдікке ие болады және уақытын үнемдейді. Интернет дүкендердің қызметі мен тауарлары әдеттегіден анағұрлым арзан. Сондықтан онлайн дүкенге тікелей шығу арқылы ақшаны үнемдеуге болады. Сонымен қатар шетелден тауар сатып алуда осы жүйе қолданылады, сөйтіп қазақстандықтар Украина мен Ресейден өзі қалаған тауарды сатып ала алады. ЗАҢДЫ СҰРАҚ – ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАПШЫҚТАҒЫ ҚАРАЖАТТЫ ШЫҒАРЫП АЛУҒА БОЛА МА? ӘРИНЕ, БОЛАДЫ. Visa және Mastercard  карталары арқылы өз ақшаңызды қолма қол шығарып алуыңызға болады. Электронды ақшаны пайдалануды Ұлттық банк те қолдап отыр. Ол үшін Ұлттық банк үш бағытта жұмыс жүргізбек. Электронды ақшаны пайдалану, құнды қағаз саудасында мобильді қосымшаны қолдану  және “Blockchain” технологиясын жүзеге асыруды қарастыруда. Ұлттық банк электронды қаражатқа құнды қағаздар сатып алу жобасын әзірлеп жатыр деп хабарлады Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев онлайн конференция барысында.  Бұл жобаның егжей-тегжейі келесі жылдың басында таныстырылады.   Электронды қапшықтың пайдасы мен зияны Мұның басты пайдасы – коммуналдық қызмет ақысы мен несие төлеудегі ыңғайлылығы.  Қалалы елді мекендерде банкке немесе почтаға барып төлем жасау керек. Бұл қосымша уақытты талап етеді, күні бойғы қызметтегі тұрғын үшін бұл өте тиімді болмақ. Тәулік бойы төлем қабылдай береді. Яғни, қолыңызда түбіртек бар, олай болса электронды қапшық арқылы коммуналдық қызмет ақысын да, ұялы байланыс қызметінің ақысын да кез келген уақытта, сыртта, үйде, жұмыста немесе көлікте отырып-ақ жылдам, уақтылы төлей  аласыз. Тек қолыңызда Ғаламтор болса болғаны. Сонымен қатар электронды қаражатты пайдаланғанда комиссия көлемі азаяды. Әсіресе, шетелге ақша жіберу операциясы кезінде тым көп комиссия ұсталатыны белгілі. Ал электронды қапшықтағы қаражаттың сомасы туралы иесінен басқа ешкім біле алмайды. Бұл қожайынға ғана мәлім ақпар болмақ. Электронды қапшықты сақтау, тасымалдау немесе тығып қоюдың қажеті жоқ. Ол интернет бар жерде үнемі жаныңда жүретін сенімді қапшық. Десе де бұл операцияның да тиімсіз тұстары баршылық. Мәселен, электронды қаражаттың кепілдігін эмитент банк қана бере алады. Ал мемлекет оған ешқандай кепілдік бермейді. Түсінікті болу үшін, айта кетейік, кез келген екінші деңгейлі банкке салынған депозитке мемлекет тарапынан кепілдік беріледі. Депозиттерді халық үшін тартымдырақ ете түскен тиімді тетіктердің бірі – мем­лекеттің Қазақстанның депозиттерге кепіл­дік беру қоры арқылы әрбір салымшыға 5 миллион теңгеге дейінгі депозитіндегі (бір салымшының бір банктегі депозиті бойынша) ақшасының қайтарылатынына кепілдік береді. Яғни, депозиттегі 5 миллион теңгеге дейінгі сома банк банкротқа ұшырап, жабылып қалған күннің өзінде де иесіне қайтарылады. Ал электронды қаражатқа мұндай кепілдік жоқ. Сондықтан электронды есепшотты жинақ қоры ретінде ұстаудың қажеті жоқ, тек майда ақша болмаған жағдайда қолдану үшін және төлмедерді уақыт тығыз болғанда жіберу үшін аз ғана соманы сақтаған абзал. hqdefaultКүнделікті қолданысқа кеңінен енгізілсе де электронды ақша тұрмыстың барлық саласын толық қамтыған жоқ. Әлі де қолма қол ақшамен ғана есеп айрысатын салалар көп. Сондай-ақ, ғаламтор болмаған жағдайда есеп айрысу тіпті мүмкін емес. Қарапайым электр желісінің болмауы төлем қабылдауда қиындық туғызады. Электронды қапшықтардың әзірге осал тұстары баршылық. Солардың бірі – алаяқтардың есепшотты бұзып кіруі. Сондықтан есепшоттың қорғау кодін жиі ауыстырып, транзакция кезінде sms хабарлама жіберуді қосып алған жөн. Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Қайрат Келімбетов электронды ақшаның болашағын сөз еткенде, әлемнің барлығы бас қатырып отырған мәселелердің бірі ретінде қатап өткен болатын. Расында, электронды қаражаттың болашағы зор, бірақ оны кім басқарады, қандай тетіктермен реттеледі деген сұрақтар көп. Бірақ инновациялық технологиялардың адам өмірін анағұрлым жеңілдеткені анық.