Облыстағы проблемалық нысандар Премьер-министр назарында

Облыстағы проблемалық нысандар Премьер-министр назарында

Облыстағы проблемалық нысандар Премьер-министр назарында
ашық дереккөзі
Үкімет отырысы кезінде Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй, аурухана мен мектептердің құрылысына қатысты проблемалары бар аймақтардың әкімдерін тыңдады. Шығыс Қазақстан облысында жас отбасыларға арналған жалға берілетін тұрғын үй құрылысының қаражатын игеру бойынша ең төменгі көрсеткіштер байқалды – ол 66% және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу бойынша – 56%. ШҚО әкімі Алтай Көлгінов түсіндіргендей, биылғы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жас отбасыларға арналған жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 2016 жылға қарастырылған 444 млн теңгеден облыс әкімдігіне 300 млн теңге аударылды, оның 198 млн теңгесі игерілді (66%). «Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша инженерлік инфрақұрылымды жүргізу 56% құраса, қазір - 73%, ал қазан айында 100% құрайтын болады. Тұрғын үй әзір, коммуникацияға келсек, электр желісі жүргізіліп, кәріз жүйелері мен газ тартылды. Сумен жабдықтау және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. 15 қазанға дейін бұл жұмыстарды аяқтаймыз. Мемлекеттік бағдарламалардың игерілуі мен орындалуы ерекше бақылауға алынған», - деп есеп берді ШҚО әкімі. Атырау облысында 2014 жылдан бері бір де бір балабақша пайдалануға берілмеген. Б.Сағынтаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан құрылыстардың ұзақ жүргізілу себептерін түсіндіруін сұрады. Н. Ноғаевтың айтуынша, Бірлік ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен аяқталады, оның тапсырылу мерзімі келісімшарт бойынша 2014 жылдың 1 шілдесіне белгіленген еді. Нысан құрылысы мердігерлердің жұмысынан сапасыздығынан кешеуілдеп жатыр, қазір барлық мәселелер шешілген, нысан 2016 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. «Атыраудағы «Нұрсая» ықшам ауданында 624 орындық мектептің әзірлігі 16% құрап отыр, келісімшарт бойынша тапсырылу мерзімі - 2016 жылдың 1 қыркүйегі, келесі жылы аяқтаймыз. Ұлттық қор есебінен салынып жатқан Мақат ауданындағы Доссор кентінде 310 орындық мектептің әзірлігі 95% құрайды, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, келісімшарт бойынша тапсыру мерзімі 2016 жылдың 1 қыркүйегі, жыл соңына дейін бітіреміз», – деп келісті айтылған сынмен әкім. Қарағанды облысында ауылдарда 11 дәрігерлік амбулатория мен облыстық көпбейінді балалар ауруханасы пайдалануға берілмеген. Облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков қазіргі таңда дәрігерлік амбулаториялардың әзірлігі 95% құрап отырғанын айтты. Ал облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы мердігерлік ұйымдармен соттасып жатыр. «Біз облыстық балалар ауруханасы мен 27 ауылда дәрігерлік амбулатория ашуды жоспарлаған едік, оның 16-сы ашылды, қалған 11-і бойынша мәселе жыл соңына дейін, сот шешімі шыққан соң шешіледі», – деп есеп берді Н. Әбдібеков.