Болашақтың энергиясы: шағын ГЭС орнату тиімді

Болашақтың энергиясы: шағын ГЭС орнату тиімді

Болашақтың энергиясы: шағын ГЭС орнату тиімді
ашық дереккөзі
Қазіргі таңда дамыған мемлекеттер ғана емес, бүкіл әлем планета ресурстарын сарқымай-ақ, энергияның балама көздерін пайдалануға бет алған. Әр елдің өз климаттық жағдайларына қарай әр түрлі қуат көздері қолданылады. Мысалы, жыл он екі ай күн шығып тұратын мемлекеттер күн энергиясын тиімді пайдалануға тырысады, кей жерде жел энергиясын қолданса, тау өзендері бар мемлекеттер әлемдік шығыны көп жобаларға бас қатырмай-ақ, су ресурстары арқылы шағын елді мекендер мен жергілікті аудандардың энергетикалық қажеттіліктерін өтеуге кіріскен.   Қазақстанда 2009 жылы «Қайта қалпына келтірілетін энергия көздерін қолдау туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін балама қуат көздерін дамыту қолға алынды. Әлбетте, еліміз географиялық жағдайлары бізбен ұқсас мемлекеттердің тәжірибесінен сабақ алуда. Көрші мемлекет – Қырғыз Республикасының энергетика секторының негізін гидроэнергетика құрайды. Қырғызстан – әлемдегі гидроэнергетикалық ресурстарға бай елдердің бірі, аталмыш елдің аумағынан 268 өзен ағып өтеді, 97 ірі канал мен 18 су тоғаны орналасқан. Олардың қуаттылығы – 143 млрд кВт* сағаттық электр энергиясын жыл сайын өндіре алады.  Жылу электр станцияларының үздіксіз шығыны, әсіресе оған қажетті органикалық отын бағасының қымбаттауы, шалғайдағы аудандарды электр желісімен жабдықтау сенімділігінің төмендеуі, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғаудағы талаптардың күшейтілуі – энергия қауіпсіздігі мен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін фактор болып саналады. Шағын ГЭС-тер осынау мәселені шешудің бір жолы, қазірдің өзінде елімізде оларды іске қосу тәжірибесі оң нәтиже көрсетуде. Атап айтсақ, осы саланы дамыту бағыты бойынша заңнамалар толықтырылды. Мысалы, кәсіпкер шағын ГЭС өндіретін электр энергиясын толық пайдаланбаса, артық өнімді мемлекет кәсіпкерден тиімді бағамен сатып алады.   «Экономикалық, техникалық, әлеуметтік-саяси және экологиялық факторларды былай қойғанда, энергетика тұрақты дамудың озық жолдарының бірі. Бұл әсіресе Қырғыз республикасына қатысты. Саланы дамытудың артықшылықтарының бірі – бас коммунаикациядан шалғай орналасқан елді мекендерді электрлендіру,  қысқа уақта іске қосуға болады. Сонымен қатар, техникалық реттеу тетігі өте қарапайым, электр энергиясын өндіруге отын жақпайды, сәйкесінше оның құны есептелмейді. Тасымалдау бойынша да шығыны аз. Су сапасы мен экологиялық теңдікді сақтайды», - дейді «ВИЭ ҚР» ассоциациясының төрағасы Элеонора Қазақова. 2016 жылдың тамыз айының соңында Бішкекте «Шағын энергетика бойынша заманауи ресейлік технологиялар » атты семинар өтті. Мұнда «Росатом» корпорациясының бөлімшесі, венгерлік «Ганз ЕЕМ» компаниясы өз шешімдерін ұсынған болатын. Тау өзендеріне бай Қырғызстанның кәсіпорындары мен жергілікті елді мекендеріне электр көзін жеткізу үшін қолға алынған шағын гидроэнергетиканы дамыту мақсатында контейнердегі ыңғайлы әрі тиімді «шағын ГЭС» таныстырылған болатын. Мұны іске қосу қиын емес. Тіпті кез келген жерге орнатылатын шағын ГЭС-тің қоршаған ортаға зияны жоқ. Бұл жоба арқылы шалғай аудандарды шығыны көп электр желісіне қоспай-ақ, тиімді және үнемді тәсіл арқылы жабдықтауға болады. «Ганз ЕЕМ» қуаттылығы 0,5 тен 2 МВт-қа дейінгі қажеттілікті өтейтін контейнерлі шағын гидроэлектр станциясын жасады. Бұл алыс аудандарға электр энергиясын арзан бағамен жеткізіп қана қоймай, қоршаған ортаға зиянды дизельді генераторды алмастыра  алады. Контейнердегі шағын ГЭС-ті орналастыру мен іске қосудың алғышарты ретінде тау өзендері алынады, олар гидротурбинаға құятын су ағынын қамтиды және электр энергиясын өндіретін генераторды іске қосады. Контейнерді қолдану шағын ГЭС салудың мерзімін қысқартады, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының қаражатын үнемдейді. «Қырғыз республикасының бизнес қауымдастығына шағын ГЭС негізіндегі электр энергиясын өндірудегі заманауи технологиясын ұсындық. Сонымен қатар компания ұсынылған құрылғы арқылы шағын ГЭС құрылысын қаржыландыруға көңіл бөледі. Өз кезегінде агенттік шағын ГЭС құрылысын салуда «Росатом» ұсынған механизм мен құрылғыларды пайдалану арқылы ішкі және сыртқы инвесторларға қолдау көрсетуге дайын», - деді Қырғызстанның Инвестицияны дамыту агенттігі директорының орынбасары Шумқарбек Әділбекұлы. Шағын ГЭС-тің басты артықшылығы – электр энергиясының өзіндік құнының арзан болуы. Құрылғы қысқа мерзімде жеткізіледі, оны орнату мен іске қосудағы жер дайындау жұмыстары да жеңіл. Құрылғыны жеткізген соң турбинаға су қосу арқылы электр энергиясын өндіруді бір айдың ішінде жүзеге асыруға болады. Шағын құрылғы ГЭС-ті басқару мен қадағалауға арналған құрал-жабдығы бар. Турбина тоқтап қалса, кешен құрамындағы аккумуляторлы батарея басқаруға арналған электр энергиясын береді, сондай-ақ спутниктік байланыс арқылы бақылау орталығына мәлімет жеткізе алады. Желіге қосылмаған жағдайда дизельді генератор жүйені қайта қосуға қажетті электр энергиясын бере алады. Ал қашықтан басқару арқылы құрылғы адамның көмегінсіз-ақ қызмет атқара береді. Оның қожайыны бақылау жүйесі арқылы үйдегі компьютері, планшет, тіпті мобильді телефон арқылы басқара береді. Сондай-ақ өндірілген электр энергиясының көлемі туралы мәліметті біле алады. «Росатом – әлемдегі ірі атом энергетикалық компаниясы ғана емес, ол басқа да энергетикалық жобалармен айналысады. Мысалы, гидроэнергетика, жылу және жел энергетикасы. «Жасыл» энергетиканың барлық түрлері қарастырылған. Қазіргі таңда корпорация Орталық Азия елдерімен серіктестік орнатуда,  ол көз кезегінде бейбіт атомды пайдалану, энергияның қалпына келтірілетін түрлері мен ядролық медицина бағыттары бойынша жұмыс істеуге жол ашпақ», – дейді «Росатом Орталық Азия» бас директоры Виталий Драгунов.   Қырғыз Республикасының тәжірибесі Қазақстан тарапына да қажет. Себебі, еліміздің гидроэнергетикалық потенциалы жоғары. Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында шағын ГЭС орнату арқылы 30 млрд. кВт сағат алуға болады.   2020 жылға қарай Қазақстан қайта қалпына келтірілетін энергия көздері бойынша 106 жобаны жүзеге асырмақшы. Олардың қатарында – гидроэлектр станциясының 41 шағын жобасы, жел станциясының – 34 жобасы, күннен энергия алатын 28 жоба мен 3 биогазды құрылғы орнатылмақ.