Қостанайда жаңа мешіт ашылды

Қостанайда жаңа мешіт ашылды

Қостанайда жаңа мешіт ашылды
ашық дереккөзі
Құрбан айт мерекесі күні Қостанайда жаңа мешіт жамағатқа есігін ашты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті хабарлады. Бұл Қостанай облысындағы ең зәулім мешіт және облыс орталығының сәнін келтіретін сәулетті архитектуралық ғимараттардың біріне айналды. Оған бір мезгілде 2200 адам кіріп ғибадат жасай алады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мешіттің ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде соңғы жылдары қазақ халқы үшін ата-бабамыз ұстанған исламның Ханафи мазхаб бағытының хақ жолына бет бұрушылардың көбейіп келе жатқандығын атап өтті және мешіттің жастарға рухани тәрбие беретін және дәстүрлі дінімізді насихаттайтын орталыққа айналатынына сенім білдірді. «Қазіргі уақытта мешіттер тек діни мекеме емес, рухани орталыққа, тәрбие ошағына айналып келеді. Халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғырту және сақтау біздің еліміз тәуелсіздігінің қол жеткізген бірден-бір жетістігі болып табылады. Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпындағы, діни сеніміндегі айырмашылықтарға қарамастан еліміздегі түрлі ұлт мен ұлыстар бір ортақ мақсат пен Қазақстанның серпінді дамуына, туған жерімізде бейбітшілік пен ырыс-берекенің сақталуына ұмтылып, ынтымақпен өмір сүріп отыр», - деді өңір басшысы. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шешімімен мешітке белгілі дін уағыздаушы және Қостанай, Тор­ғай өңірінде ислам құндылықтарының таралуына үлкен үлес қосқан Аймағанбет кажы Спанұлының есімі берілді. Мешіттің 2010 жылы басталған құрылысы қаржының жоқтығынан біраз уақыт тұрып қалған болатын. Үстіміздегі жылдың басында ол қайта қолға алынып, мамыр айынан қыркүйек айына дейін қызу жүрген құрылыс жұмыстарының арқасында дайын болды. Мешіт құрылысы демеушілер берген қаржыға салынды. Мешіт құрылысын қаржыландыруға атақты кен алыбы Соколов-Сарыбай кен өндірісі бірлестігі, «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Қарқын», «Шолақсай», «Қарасу», «Москалев» шаруашылықтары, тағы басқа көптеген бизнес өкілдері, қарапайым тұрғындар атсалысты. Мешіт ғимараты үш қабаттан тұрады, бірінші қабатында 1450 адамға арналған ерлердің ғибадат залы орналасқан. Осы қабатта неке қию залы, екінші қабатында әйелдердің ғибадат жасайтын залы, ал күмбездік қабатында қосалқы орын-жайлар бар. Жаңа мешіттің кестеленген михрабы және алыстан жарқырайтын алтын түстес бас күмбезі, оюланған есіктері, жұмсақ кілемдері оның сән-сәулетін айшықтай түседі. Ғимараттың жалпы алаңы шамамен 4 мың шаршы метрдей. Мұнарасының биіктігі - 40 метрді, бас күмбезінің биіктігі - 25 метрді және оның диаметрі 12 метрді құрайды.