Керри мен Лавров келіссөзі 12 сағатқа созылды

Керри мен Лавров келіссөзі 12 сағатқа созылды

Керри мен Лавров келіссөзі 12 сағатқа созылды
ашық дереккөзі
АҚШ пен Ресей Сириядағы соғысты тоқтатып елдегі ахуалды бейбіт жолмен реттеуге бағытталған жоспарды жария етті деп хабарлайды egemen.kz  BBC News-қа сілтеме жасап. «Бүгін АҚШ пен Ресей атыс-шабысты бәсеңсітіп, жағдайды реттеп, Сирияда бейбіт келіссөздер бастауға арналған жоспарды жария етіп отыр» деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Оның сөзіне қарағанда, келісілген жоспар бүгінге дейін жасалған келісімдердің қай-қайсысымен салыстырғанда үлкен потенциалға ие және барлық тараптар орындаған жағдайда бейбіт келіссөздерді бастауға мүмкіндік береді. «Жоспар толықтай іске асса бұл бір бетбұрыс кезең болғалы тұр» деді Джон Керри. Жасалған келісімдер бойынша, Сириядағы соғысқа қатысушы тараптардың бәрі 12 қыркүйектен бастап әскери қимылдарды тоқтатуы тиіс. Сирияда бес жылдан астам уақыт жалғасып жатқан соғыс салдарынан бірнеше жүз мың адам қаза тапқан. Мәскеу мен Вашингтон Сириядағы қантөгісті тоқтату және Башар Асад режимі мен қарулы оппозиция арасында бітімге қол жеткізу мүмкіндігі туралы келіссөздерді бірнеше рет бастап, бірақ мәмілеге келе алмаған еді. Асадты жақтайтын Ресей мен Сирия оппозициясын қолдайтын АҚШ қоршаудағы елді мекендерге гуманитарлық жәрдем жеткізу мәселесінде түсіністік таба алмай, екі тарап арасындағы келіссөздер үнемі тығырыққа тіреліп келді. Атыс-шабыс жеті күнге тыйылуы керек деді Ресей сыртқы министрі Сергей Лавров. Сирия өкіметі елдің кей аудандарына әуеден бомба тастамауы, ал оппозиция «Нусра майданы», «Ислам мемлекеті» сияқты экстремистік топтардан аулақ кетуі тиіс. Лавровтың айтуынша, Сирия өкіметі бұл жоспармен жақсы таныс және оны іске асыруға дайын отыр. Керри мен Лавровтың келіссөзі Женевада 12 сағат бойы жалғасқан болатын.