«Жылдың үздік актері» белгілі болды

«Жылдың үздік актері» белгілі болды

«Жылдың үздік актері» белгілі болды
ашық дереккөзі
Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өтіп жатқан халықаралық кинофестивальде М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрының актері Азат Сейтметов кинорежиссер Асқар Ұзабаеватың «Әке» телехикаясындағы әке ролі үшін қазылар алқасының шешімімен «Жылдың үздік актері» номинациясында жеңімпазы атанды. Сейтметов Азат Райымбекұлы – театр және кино актері. 1964 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында актерлер отбасында дүниеге келген. 1985 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы театр училищесін тәмамдаған. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрының актері. Жұлдызы оңынан туған актер бұған дейін де «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсірілген және ұлттық арнада көрсетілген «Айналайын» (2010 жыл), «Ұлжан» (2013 жыл), «Шырғалаң» (2015 жыл) телесериалдарында рөлдерді ойнаған. Seoul International Drama Awards – телевизиялық фильмдер мен актерлердің, сондай-ақ, түсірілім қызметкерлерінің жыл сайын өтетін бәйгесі. Байқауда Қытай, АҚШ, Жапония, Бразилия, Түркия, Ұлыбритания сияқты елдермен қоса, әлемнің 50-ден астам мемлекетінің өкілдері бақ сынады. «Seoul International Drama Awards» фестивалінде әр елдің сериал жанрындағы жаһандық және әлеуметтік мәселелерді қамтитын үздік жұмыстары сарапқа салынды. Соңғы бірнеше жылда «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен бірқатар телесериалдар түсірілгені белгілі. Ұлттық телеарна «Әке» сериалын 2016 жылдың көктемінен бері көрермен назарына ұсынып келеді. Қапияда жіберіп алған қателіктерімен күресіп, балаларымен арадағы қарым-қатынасын түзеуге тырысқан әке тағдырын баяндайтын бұл фильм киносыншылар мен телекөрермендердің жоғары бағасына ие болды. Халықаралық кинофестивальдің марапаттау салтанатында қазақ актері Азат Сейтметов: «Осы фестивальге келгеніме өте қуаныштымын! Қазақстан бұл фестивальге тұңғыш рет қатысып отыр. Фестиваль ұйымдастырушылары мен қазылар алқасының осы аталымда мені таңдағанына шексіз ризамын. Бұл – біздің түсірілім тобы үшін үлкен мәртебе. Еңбегімізді бағалағандарыңыз үшін мың алғыс. Жүлдемді әкеме арнаймын. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясына, сериал авторы және режиссері Асқар Ұзабаевқа алғысым шексіз», – деді.