«Шын жүректен» қайырымдылық акция-телемарафоны өтеді

«Шын жүректен» қайырымдылық акция-телемарафоны өтеді

«Шын жүректен» қайырымдылық акция-телемарафоны өтеді
ашық дереккөзі
"Шын жүректен» республикалық кең ауқымды акция-телемарафоны – көмекке мұқтаж Қазақстан азаматтарына қайырымдылық жасауға арналған және оның ұйымдастырушылары -  Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» қоғамдық қоры және «РТРК «Қазақстан» АҚ болып табылады. 2016 жылғы 7 қыркүйегінде Орталық коммуникация қызметінде «Шын жүректен» қайырымдылық акция-телемарафонының басталуы жөнінде» баспасөз-конференциясы өтті. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, «ПрайсуотерхаусКуперс Такс энд Эдвайзори» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Марк Хэнни, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова Жалауқызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева Яхяқызы, т.б. лауазымды тұлғалар қатысты. Баспасөз-конференцияның мүшелері «Қайырымдылық туралы» ҚР Заңын жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы алдыңдағы басты міндеттері, ҚХА мен «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен өтетін «Шын жүректен» жалпыұлттық акциясының іс-шаралары және  PricewaterhouseCoopers халықаралық аудиторлық компаниясымен ынтымақтастығы жайлы баяндама жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Мемлекет басшысы Ассамблеяға мүдделі органдармен бірлесіп, елдегі барлық қайырымдылық акцияларын ҚХА қамқорлығы аясында жүргізу мәселесін пысықтау туралы тапсырма берген еді. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 402-V ҚРЗ «Қайырымдылық туралы» Заңына сәйкес Ассамблея елдегі қайырымдылықты дамыту, осы саладағы үйлестіру мен басқа да демеу беру шараларына ықыласты. 2016 жылғы сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстан» РТРК» АҚ  медиасеріктестігі  қолдауымен «Шын жүректен» кең ауқымды қайырымдылық телемарафоны өткізілді. Осы жоба барысында қиын өмірлік жағдайда қалған, әрі қымбат ем қабылдау қажет ететін ауыр науқас қазақстандықтарға көмек ретінде қаражат жинау ұйымдастырылды. Үш күндік телемарафон нәтижесінде 41 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Акцияның бірнеше күн ішінде ұйымдастырушылардың байланыс мекен-жайы мен телефондарына 1000-нан аса өтініш түсті. Қазақстанда соңғы үш онжылдық ішінде қайырымдылыққа қатысты ұстаным түбегейлі өзгеріп, күнделікті өмірде үлкен маңыздылыққа ие болды. Дүниежүзілік қайырымдылық рейтингісінде Қазақстан қайырымдылық көрсету бойынша 56 орынға көтерілді. Осы серпін қоғамның ойлауы мен оның әлеуметтік жауапкершілігінің өзгеріске ұшырағанын куәландырады. «Шын жүректен»  жобасының ұйымдастырушылары халықаралық тәжірибе мен азаматтардың мұң-мұқтажын зерттеп, кең ауқымды науқанға беделді халықаралық аудиторлық PricewaterhouseCoopers (PwC, Прайсуотерхаускуперс деп айтылады) компаниясын қатыстырды. 7 қыркүйекте БАҚ алдыңда ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл компанияның құрылғанына 160  жыл, төрттік аудиторлық компания құрамына кіреді және штаб-пәтері Лондонда орналасқан. PwC аудитінен өткен клиенттері ішінде ірі мұнай кәсіпорындары, халықаралық қорлар мен корпорациялар бар. «Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры» Қоғамдық Қорының есепшотына келіп түскен қаражаттың нысаналы пайдалануға жұмсалуын қадағалау үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс депутаттарынан, БАҚ өкілдері мен қоғам қайраткерлерінен тұратын қоғамдық комиссия құрылды, бұл өз ретте PwC ынтымақтастығымен ақшалай қаражаттың үлестірілуінің тазалығын қамтамасыз етеді. Қазақстандықтар үшін «Шын жүректен» жобасының маңыздылығы мен қажеттілігі өте жоғары, әлі күнге дейін ұйымдастырушыларға еліміздің азаматтары тарапынан көптеген өміршең мәселелерді шешу бойынша өтініштер келіп түсуде. Бүгінгі таңда 1200-ден астам өтініш келіп түскендіктен  «Қазақстан» РТРК» АҚ  медиаәріптесімен тұрақты түрде тоқсан сайын осы жобаны өткізу туралы шешім қабылданды. «Шын жүректен» қайырымдылық шарасына қазақстандықтарды жаппай тарту мақсатымен 7 мен 29 қыркүйек аралығында қайырымдылық айын бастап, соңында кең ауқымды телемарафонмен аяқтау жоспарланып отыр. Өз кезегінде, «Шын жүректен» жобасы – еліміздің халқын дәрігердің келуіне дейінгі алғашқы көмекті көрсетуді үйретуді көздейтін «Алғашқы көмек» республикалық шарасымен бірге өткізіледі.