Қайрат Ералиев жартылай финалға өте алмады

Қайрат Ералиев жартылай финалға өте алмады

Қайрат Ералиев жартылай финалға өте алмады
ашық дереккөзі
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін шаршы алаңға шыққан Қайрат Ералиев жартылай финалға өте алмады, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі. 56 келі салмақтағы қел намысын қорғаған отандасымыз Қайрат Ералиев өзбек Муроджон Ахмадалиевтен ұпай саны бойынша, ұтылды. Ол осыған дейін, әзербайжандық Джавид Челебиевпен жұдырықтасып, оны айқын басымдылықпен ұтқан еді. Бүгін де үш раунд бойы қарсыласымен тең дәрежеде өнер көрсеткен болатын. Алайда, төрешілер шешімі бойынша өзбек боксшысы жеңімпаз деп танылды. «Мен негізі жеңілген жоқпын. Қарсыласымнан артық жұдырықтаспасам, кем болған жоқ. Оның соққыларының барлығы менің қорғанысымнан өте алмады. Ал мен көптеген соққыларымды дөп тигіздім деп нық сеніммен айта аламын», - деді Ералиев. Ол Дохада өткен әлем біріншілігінде осы боксшымен кездескенін айтты. «Мен бұл боксшымен Дохада өткен әлем чемпионатында кездескем. Онда таза ұтылған болатынмын. Мойындайтын кезде мойындау керек. Ал бүгін ұтылдым деп айта алмаймын. Мені төрешілер аяғымнан шалды. Олимпиада жүлдесі бұйырмай тұрған шығар. Төреші кімнің қолын көтерсе, сол жеңді деген сөз. бірақ, кімнің мықты жұдырықтасқанын жанкүйерлер, халық көріп отыр. бағасын солар береді», - деп әңгімесін қысқа қайырды боксшы. Естеріңізге сала кетейік. Қазақстан Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында жалпы есепте 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен 16-орында келеді.