Кәрім Мәсімов Кенесары хан мен Кейкі батырдың басын елге қайтаруды өтінді

Кәрім Мәсімов Кенесары хан мен Кейкі батырдың басын елге қайтаруды өтінді

Кәрім Мәсімов Кенесары хан мен Кейкі батырдың басын елге қайтаруды өтінді
ашық дереккөзі
Таяуда Премьер-министр Кәрім Мәсімов Еуразия экономикалық қауымдастық елдерінің Сочидегі үкіметаралық кеңесіне барған болатын. Үкімет басшылары экономикалық түйткілдермен қатар шекарааралық қарым-қатынас, трансшекаралық өзендер және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Ал ең бастысы осы жиынға аттанар алдында Үкімет басшысы Twitter-дегі парақшасында қазақ даласын азат етуде қол бастаған қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын қазақ еліне қайтару мәселесін көтеретінін жазған еді. "Д.А.Медведевпен кездесу барысында Кенесары ханның  ғана емес, Кейкі батырдың да басын қайтару мәселесін көтеруді жоспарлап отырмын" деп жазды. Премьер-министр сөзінде тұрып, Ресей Премьер-министрі Д.Медведевке өз өтінішін, қазақ елінің өтінішін жеткізді.  Көңілге үміт ұялатқан мұндай бастаманың мемлекет деңгейінде көтеріліп отырғанына баршамыздың ішіміз жылыды, әрине. Ал бұл мәселеге Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медведев мүмкіндігінше көмектесетінін жеткізді. "Күмәніңіз болмасын, мен ауызша тапсырма беремін, бұл мәселені шешу үшін қажет болса жазбаша да тапсырма беріледі" деп жауап берді Мәсімовтің өтінішіне.  Мұзды алаңда хоккей ойнаған әріптесінің көңілін аулауға тырысқан Медведев мырза қолдан келгеннің барлығын істейтінін айтты. Қазақтың маңдайалды батырларының басы соңғы мәліметтер бойынша Ресейге жөнелтілген. Алайда оның Ресей аумағында мұражайға қойылғаны немесе мұрағатта сақталғаны туралы нақты дерек жоқ. Орыс басқыншыларынан қазақ даласын азат етуші көтерілісті бастаған Кенесары Қасымов қазіргі Қырғызстан елінің территориясында қаза тапқан. Кейбір деректер бойынша, оның басын ақ патшаға жіберген, тіпті Эрмитаждың Кунсткамера мұрағатында сақтаулы дейді, бірақ ешқашан көпшілік назарына ұсынылмаған. Жалпы, ұлт көшбасшысы, жұмысшылардың құдайы Лениннің басын ғана емес, бүкіл денесін сақтап отырған ел үшін Кенесарының басын сақтау қиындық тудырмас. Омск, Мәскеу мен Петербург арасы... Кейбір деректер Кенесарының басы әуелде Омск қаласында болған, тек кейіннен ғана Эрмитажға жіберілген деген байламға тоқтайды. Бірақ өз бетінше зерттеу жүргізген қазақ зиялыларының бірде-бірі Кенесары туралы құжаттардың ізіне түсе алмады. Тек кейбір үстіртін мағлұматтар жазылған құжаттар немесе күнделік, дәптерлер болмаса, мөр қойылған маңызды құжаттарға тыйым салынып, сырт адамдарға рұқсат жоқ. Себебі, оларға "Қатаң құпия" немесе "Өз қызметкерлеріне ғана рұқсат" деген белгілер кездесе берген. Осыдан екі жыл бұрын ғалым Сұлтан хан Аққұлының зерттеуінде тың деректерге қол жеткізді. Ол Омскіде аймақтанушы Андрей Палашенковтың (1886-1971) жеке мұрағатындағы дәптерінде біраз мәлімет тапқан. Мұнда қарындашпен "Батыс Сібір бас басқармасының мұрағаттар бумасының арасында әдебиетші Сергей Марковтың жазуынша осы жерде, яғни канцелярияда бүлікші сұлтан Кенесары Қасымов туралы істі ұстаған" деп жазылған. Бұл істің айрықша қосымшасы ретінде  - маңдайына қазына мөрі қойылған бассүйек бар. Бұл Абылайханның немересі - Кенесары Қасымовтың басы" деген жазбаға жолығады. Бірақ бұл іс туралы да, оның қосымшасы туралы да мәліметтер ізім-ғайым жоқ. Ал қатаң құпиялы құжаттарға рұқсат беретін жалғыз адам - ведомство директоры еңбек демалысына аттанып кеткен. Осылайша Кенесары туралы құжаттарды табу одан сайын алыстап, қиындай түскендей еді. Ғалымдардың көпшілігі бұл істің Мәскеу асып, Петербургқа жеткеніне шүбә келтірмейді. Десе де маңызды құжатты іздейтін қалалар белгілі: Омск, Мәскеу және Петербург. Бағыт түзу, бірақ басшылық рұқсаты жоқ. Сондықтан іздеу жұмыстары жыл сайын жаңартылса да, тың мәліметтерге қол жеткізген жоқ. Тіпті соңғы жылдары қазақ зиялылары бұл мәселені мемлекет деңгейінде көтеруді де ұсынғанына біраз болды. Олай болса Қазақ елінің Үкімет басшысының өтініші жерде қалмай, сұрағанымыз қолымызға тиеді деп үміттенеміз. Кунсткамера Кейкі батырдың бассүйегін қайтармақшы Кунсткамера Кейкінің бас сүйегін қайтаруға әзір деп хабарлады «Радио Балтика» радиосы РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі директорының орынбасары Ефим Резванға сілтеме жасай отырып. Оның айтуынша, Ресейдің федеральдық тізіміндегі жәдігерді федеральдық заңға сәйкес немесе Ресей президентінің жарлығымен қайтарып алуға болады. Мұражай басшылығы Петербургтегі Қазақстан консулына нысанды қайтару үшін не істеу керектігін айтып берген. «Кейкі батырдың бас сүйегі бізде. Оны біз жасырған емеспіз. Ол қорда сақтаулы, көпшілік назарына ешқашан қойылған емес. Егер де осындай жарлық шықса, оны бермеуге басқа ешқандай кедергі жоқ», - деп түсіндірді Резван. Мұражай басшысының орынбасары Кунсткамерада Кенесарының басы сақталмағандығын да жеткізді. Бас сүйектің қайда екендігі әзірге белгісіз, деп мәлімдеді музейдегілер. «Бізге Қазақстанның мәдениет министрі келген, оған барлық қорды көрсеттік. Сондай-ақ Қазақстаннан келген әріптестер музейге келіп түсетін жәдігерлерді тіркейтін құжаттарды қарап шықты. Әрі олар Кенесарының бас сүйегі бізде болмағанына көз жеткізді», - деді Резван. Кейкі батыр 1923 жылы сәуірде өлтірілген, ұлт-азаттық көтеріліс басшысының бас сүйегі Ресейге жіберілген. «Ұлт азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі болған Кейкі батырдың РҒА Ұлы Петр атындағы антропология және этнография мұражайындағы бас сүйегі туралы мәселенің анық-қанығын біліп беруге тапсырма берсеңіз. Оның сүйегін Қазақстан топырағында жерлеу үшін қайтарып беру мәселесінің шешемін табу мүмкіндігін қарастырсақ», - деген К.Мәсімовтің өтініші бойынша бұл іс қолға алынған еді. Ол бұл мәселе қазақтар үшін өте маңызды екенін айтты.