Жошы хан кесенесінің келбетін сақтайық

Жошы хан кесенесінің келбетін сақтайық

Жошы хан кесенесінің келбетін сақтайық
ашық дереккөзі

Жалпы, адамның туа бітті болмысы, туған жердің табиғатына тіке­лей байланысты ма деп ойлаймын. Өйткені зер салып, қарап отыр­саңыз табиғаты көркем, көк орай шалғынды, орманы өскен, таулы, сулы мол, аң, құстары көп өңірлерден қандай тамаша  таланттар шықты де­сеңіз­ші. Көкшетау, Баянауыл, Жетісу, Семейден шыққан Абай, Шәкәрім, Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан салдардың ізбасарлары сол өңірлерден әлі де жалғасып келеді.

Шығыстың, оның ішінде, таби­ға­тына көз тоймайтын Үржар өңі­рінің тумасы, менің қайын атам Тәңір­бер­ген сұңғыла, зерек, тірі шежіре, білімді әрі ұқыпты адам болатын. Ертеректе қы­зыл­дар­дың қыспағынан қашып, Шығыс Түр­кі­станды паналап, сонда ірі қызмет істеп жүр­­генде қолына түскен Ахмет Бай­тұр­сынов­тың суретін, өміріне төнген қауіпке қарамай Қытайдан 1953 жылы паспортпен бері өткеннен кейін, этнограф ғалым Жағда Бабалықовтың қолына тапсырған еді. А.Байтұрсыновтың қазіргі жеке суреті – сол сурет.

Сол қайын атам жиендеріне қонақ болып қайтайын әрі жер аралайын, тарихи ескерткіштер мол, соларды көрейін деп Жезқазған өңіріне, Сарыарқаға алғаш келе жатып, пойыз терезесінен ұшы-қиыры жоқ сары даланы көріп: «Япыр-ау, сарғайып, күйіп кеткен, шетсіз, шексіз шөпсіз, елсіз далада қалай өмір сүресіңдер? Мал қайда жайы­лады? Шөбі жоқ, суы жоқ, мынау, Қазақстандағы Африка шөлі шығар» – деп, жеткенше таңғалумен болған екен. Үйге кел­ген соң да, сол әсерінен айыға алмай, ың­ғайы келгенде, сөз арасында қосып қойып отырды. «Қызым, қай далаға келген­сің?», – дегісі келді ме кім білсін....

Бірер күн демалған соң, «күйіп кет­кен» Сарыарқаны аралатуға алып шық­­тым. Біраз жерді араладық. Ұлытауға барар жолдағы, асыл азамат М.Төрегелдин жинаған Жездідегі аспан астындағы тарихи му­зей (ол кезде жаңа басталған) Үш Қамыр қа­лашығындағы Бас қамыр, Орта Қамыр, Аяқ Қамырдың қазба жұмыстары жүргі­зіл­ген орындарынан бастап, Ұлытау, ондағы Еді­ге, Тоқтамыс сияқты тұлғалардың ба­сын­да болдық. Ерден, Дүзен, Алаша хан, Жошы хан кесенелерінің архитектуралық ерек­шеліктері бәрімізді таңғалдырмай қоймады. Теректі Әулие, Домбауыл тағы да басқа Ата Бабадан қалған ескерткіштер, ға­сырлар бұрын бұл жерлерде талай тарихи оқиғалар болғандығын тілсіз-ақ баяндап тұр­ғандай. Әсіресе, Жошы, Алаша хан ке­се­нелерінің кірпіш қалау ерекшеліктері, екеуінің ұқсастығының өзі бас шайқатпай қоймайды. Ашық аспан аясында, қар мен жаңбыр, қайнаған ыстық аптапқа  ғасырлар бойы  төтеп беріп осы күнге дейін (Жошы хан кесенесіне 730 шамасы) жетуі сол кезде құрылыс материалдары технологиясының өте жоғары деңгейде болғанын білдіртсе керек.

Қасиетті Ұлытаудың көрікті жерлерін көріп, кесенелердің архитектуралық шешіміне таңдай қаққан менің  «турист» қайын атам риза болып қайтты.

Содан бері қырық жылдан артық уа­қыт өтсе де, туған жеріміздегі осы ерек­ше құнды ғимараттарға қанша барсам да, бірінші рет барғандай, таңғалумен келе­мін.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын,  Túrkistan газетінің бетінде Жез­қазған, Балхаш, Ұлытау өңірінің өндірістік, әлеуметтік мәселелері туралы мақаламызда Ұлытау өңірінде  ұлттық қорық құру тура­лы мәселелерге де тоқталған едік. Үкімет құлақ асты ма, белгісіз, бірақ  содан бері Ұлы­тауға ерекше көңіл бөлініп, биыл Жо­шы хан кесенесін туристік бағытқа қосу үшін, қомақты қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып та кетті деген  қуанышты хабардың әсерімен, жақсыны көр­мекке деген ниетпен, өзіме белгілі бағыт бойынша ашық аспан астындағы Жезді өл­кетану (қазір ондай музей Қазақстанда жоқ) музейінен бастап, Ұлытау астық. Ұлы­тауға осы жылдар арасында көп өзгерістер келіп, құлпыра түсіпті. Көшелерге асфальт төселіп, ағаштар отырғызылыпты. Тау етегінде Асанқайғы атамызға орнатылған үл­кен ескерткіш Ұлытауды ұлғайта түс­кендей әсер береді.

Қайтар жолымызда соққан Ерден,  Дүзен, Алашахан кесенелері, өздері­нің өз­гермес, асқақ бейнесімен сәлемімізді алып, «Аман-есен болыңдар, ұрпағымыз, келіп тұрыңдар. Көріскенше күн жақсы, жол­дарың болсын» деп, рақметін айтып, жақ­сылық тілегендей алыстаған сайын сағым­мен көтеріліп, мұнарлана түсті. Біз де көр­ген, білгенімізді жарыса еске алып, мар­қай­ған көңілімізбен Жошы хан кесенесіне тарттық.

Жошы ханға апаратын жол ас­фальт­та­ныпты. Алған жақсы әсері­міз­ден бе, айналадағы сай, сала құлпырып, төбелер биіктей түскендей көрінді. Ыңғайы келгенде жол азабына, күннің ыстық, суы­ғына қарамайтын қызығушыларға мы­на жол рақат болды-ау, бұрын өзіміздің ту­ри­сіміз ғана келуші еді, енді шет елден де ке­ле­тін болды деген сияқты әңгімемен, әне-міне дегенше, Жошыға да келіп кірдік. Қызу құ­рылыс жұмыстары жүріп жатыр екен: Қо­­нақ үй бой көтеріліп қалыпты, айнала абат­­­тандыру элементтері, тағысын та­ғылар....

Жошы кесенесіне көзім түскенде көңілім бірден секем алып қалды, кіреберіс есіктің жоғарғы жағын киіз үйдің киіз есігі сияқты есіктің еніндей жолақпен күмбезге дейін ақ бояумен бояп тастапты. Бұрышы болмаса есігі ашық тұрған киіз үй­ден айырмашылығы шамалы. Есікке таяна бергенде іштен ақ қабырға көріне бастады да одан әрі  күнделікті, үйреншікті каладағы бір бөлмеге кіргендей болдық. Қабырғаның бәрін ақ гипспен сылап тастапты. Бұрынғы қалауында мін жоқ қызыл-қоңыр кірпіштер қатары мәңгілікке сылақ астында қалған. Кірпішті арқан ысқандай иіре отырып күмбезді көтеретін қалаулар, таға секілді оралып барып басқа қа­бырғаларға жалғасатын көз тартар өр­нектер бәрі-бәрі көзден таса болған.

Талай рет келсем де ішінен өрілген күмбезді қалай мінсіз өрді екен де­ген сұрағым күмбезді жапқан қыштың ас­тында алынбайтын жауап болып қала беріпті...

Жеті ғасырдан артық, уақыт езгісіне берілмей, талай ұрпаққа адамзат ба­ласының қолынан келмейтіні жоқ еке­нінің  белгісі болып  келген  ата-бабадан қалған баға жетпес қайран ескерткіш, бір күнде, бір кешенің қолынан адамзат бала­сының құндылығы болудан қалыпты да қойыпты...

Не болғанын түсінбей, түсінгіміз кел­се де, түсіне алмай, үнсіз бір бірі­мізге қарадық. Қазақстанның қай жерінен болса да кездесетін, кез келген адам, туған-туысына қоятын жәй ғана мола-ескерт­кішке айналыпты. Жанымыздағы он жасар баламыз: «Сәтпаевтағы құран оқыған бейт­тен нашар ғой» деп өз бағасын беріп тас­тады... Не айтасың оған?.. бала ғой. Ал мы­нан­дай бассыздыққа барған адамдарды да бала ғой демекпіз бе? Осыны ойлап сылат­қандар, келетін туристер Жошы үшін, келе­ді дер. Рас, қызығатындар Жошы үшін ке­леді. Дегенмен олай ойлауға Жошы Ленин сияқты әйнектің астында жатқан жоқ қой. Жошыны көрсететін оның кесенесі ғой. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне қандай да бір өзгеріс енгізсек ол кесене ғұламаның биік тұлғасын, бейнесін бере алар ма еді? Енді бір рет келген турист, бұл жерге қайта айналып соғар ма екен? Кеш болмай тұр­ғанда қалпына келтіру керек. Сонда ғана салынып жатқан қонақ үй қонаққа толып, аты дүниежүзіне жайылған Жошыны қа­дірлегенімізді, ескерткіштерімізді сақтай білетінімізді түсінер едік.

...Басымыз салбырап тысқа шықтық. Жаңа ғана көтеріңкі көңіл су сепкендей басылды. Не айтарымызды білмей үнсіз машинаға отырдық. Манағы әңгімешілдік жоқ, әркім өз ойына ерік бергендей болды...

Маған осында қырық жыл бұрын ертіп келген алғашқы «турист» қайын атам қай­тып келіп: «Әәәй, балам, бәріне сен, сенің қатарың кінәлі. Қайда қарап жүрдіңдер?» деп ақсақ аяғымен адымдап келіп таяғымен салып жіберердей көрінді.

Иә, сол таяқ сылаққа бұйрық берген­дерді осып өтсе екен.

 

Мәжит Бегежанов,  

зейнеткер