Аралас неке

Аралас неке

Аралас неке
ашық дереккөзі

Қазақ ежелден тәубәшіл халық. Тәртіпке, билердің, отағасының  айтқан сөз­деріне иіліп мойынсұнатын жұрт болдық. Ерте заманнан әдет-ғұр­пымыз, салт-санамыз, тіліміз, діліміз  мызғымас ел едік. Қазақ қоғамының шыр­қы кеңес заманынан бері бұзылды.

«Ура, ура, қызыл, кеңес, партия» деп ұрандап өскен ұрпақ өткен тарихымызды мансұқтады, «эмансипация» деген желеумен әйел еркекке бағынбай кетті. Соның  бір парасы – аралас немесе ұлтаралық  неке деген салт шықты. Әрине, өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарымен алғашында Алаш сер­келері (Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы) басқа ұлт өкіліне үйленуге мәжбүр болды. Мұның тағы бір себебі сол тұстағы қара таяқтарға (интеллигенция) еуро­паша оқыған, өздерімен пікірлесе алатын қыздар керек еді. Ұлы Мұхтар Әуе­зовтің де Валентина Николаевнаға үйленгені осы себептен. Одан бетер осы дәс­түр жалғасын тауып, екінші жаһандық соғыс, соғыстан кейінгі  жылдары тіп­ті өршіп кетті.

Қазіргі кезде тіптен сорақы. Кейінгі 10 жылғы санақ бойынша қазақ­тың 41 000 ер азаматы, 30 000 әйел заты өзге ұлт өкілдеріне үйленген. Солардың ішін­де 70-і қытаймен (бұл цифрды пы­сықтау керек, өйткені шын мәнінде одан көп), 1100-і ресейлікпен тұрмыс құрған. Былтыр ғана Қазақстанда 144 мың жас жұбай шаңырақ көтерген, олардың 8300-і аралас.

Кейінгі санақтарға жүгінсек, елімізде 20 пайыз ұлтаралық некелесу бе­лең алып отыр. Бұл көрсеткіш арта бере­тіні сөзсіз, өйткені мемлекетіміз басынан бастап дұрыс идеология, патриоттық се­зімді ұстанған жоқ. Шынын айтса, 30 жыл бойы қарын қамымен жүрдік. Бай-бағ­ланымыз болса елді емес, мақтана байып-шіруді көксеп ойлады. Шенеуніктердің басым көпшілігі орысша ойлап, орысша сөйлейді. Одан бетер феминизм деген бәле шығып, әйел қауымы еркектің төбесіне шығып кетті...

Сөйтіп, аралас некеден ұлтымызға пай­да шамалы. Бірен-сарандары ға­на қазаққа жаны ашып бала тәрбиелейді. Мәселен, Ахаңның жары атын мұсылман­шаға Бадрисафа деп өзгертіп, намазға жығылған, балалары қазақ тілінде тәлім алған. Ал, қазір бөтен елдік келіндер мен күйеу балалардың көбісі қазақты менсініп тұр­ған жоқ. Біраз ұлтаралық отбасылар шет елдерге көшіп кеткен.

Сонымен не істеу керек?

Алдымен отбасылық институт дәре­жесін көтерген жөн. Көпба­лалы отбасыларды құрметтеп марапат­тауы­мыз керек. Бала санына қарай жәрдемақы мөлшерін мейлінше арттырса жөн болар еді. Келін институтын жандандыру қажет, әйтпесе қалаларда тікбақай келіндер қап­тап кетті. Бәрі анаға байланысты. Мен былтыр Алматы шаһарында бір отбасының салтанатына қатысқамын. Сонда деймін-ау, үлкендерінен бастап отбасының түгелге жуығы орысша шүлдірлеп жүрді (енді кеңес­тік кезеңдегі жағдай, сол тұстағы аста­намыз Алматыда жалғыз-ақ мектеп бол­ды ғой, соның өзі малшылардың ба­лаларына арналған еді). Содан бір мезет құлақ салып едім, бір 2 жастағы қыз бала қа­зақша сайрап кеткені. Сондай қуан­ғаным-ай десеңізші! Сөйтсем, әлгі сәбидің ана­сы қазақы тәрбие көрген шығыс­қазақ­стандық келін екен.  Сондықтан баланың тәрбиесі анасынан. Мың жерден қазақ бала бақшасына берсек те, үйде тәрбиені ең алдымен анасынан алады. Орысша мияулағаннан барып бала дүбара күйге түседі де, есейе келе бөтен елдің азаматы­ның құшағына енеді...

Содан кейін Қытайдан, Моңғо­лия­дан, Қарақалпақстаннан келетін қазақ санын көбейткен дұрыс. Олар өз тарихи отанына көшіп келіп, біздің дүбара боп кеткен жеткіншектерді қазақшылыққа бет бұрғызып түзейді. Мына нәубет болған ковид деген көк иттен құтылсақ, келер жылы шетелден көшіп келетін квотаны арттырсақ құба-құп.

Лайым, қазағымның саны көбейіп, аспанымыз жарқырай түссін! Әумин!

Бақытжан Тобаяқ,

Мәдениет қайраткері,

Ә.Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты