Назгүл Кенжетай: Сирия мен Ливаннан репортаж жасағаным – ерлік емес

Назгүл Кенжетай: Сирия мен Ливаннан репортаж жасағаным – ерлік емес

Назгүл Кенжетай: Сирия мен Ливаннан репортаж жасағаным – ерлік емес
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары ел арасында Қазақ­стан­нан шыққан тұңғыш әскери тіл­ші ретінде танылып жүрген Назгүл Кенже­тай небәрі 25 жаста. Назгүл – әлемдегі қауіп­ті аймақтар саналатын Сирия, Таяу Шы­ғыс елдеріне арнайы барып, хабар тара­тып, соның ішінде босқындардың тұрмыс-тір­шілігін зерттеп жүрген саяси журналист. Қазіргі таңда Түркияда білімін жетілдіріп, мұнымен қоса Қытайдың Орта Азия елдеріне ықпалын зерттеп жүрген Назгүлмен арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.  width= – Назгүл, Түркияда өзіңіз оқыған университеттегі оқытушыларыңыздың ықпалымен саяси журналистикаға бет бұрғаныңыздан хабардармыз. Университетте оқып жүріп-ақ, журналистикадағы көптеген саланың ішінен дәл осы бағытқа қалайша қызықтыңыз? –Жалпы, Түркиядағы оқу орындарының журналистика факультетінде оқудың Орта Азия, тіпті Ресейдегі оқу жүйесінен айырмашылығы едәуір. Себебі мұнда практикаға баса мән беріледі. Оның үстіне, Түркия екі кон­ти­ненттің ортасында ор­наласқан мемлекет бол­ған соң, дүниежү­зін­дегі журналистер бұл елді жұмыс істеуге қолайлы жер жәннаты деп атайды. Бұған қоса, мұн­да секунд сайын жаңа­лық шығып, түрлі өз­геріс болып жатады жә­не әлемде болатын ірі оқиғалардың көпші­лігі­нің Түркияға қатысы бар. Сол себепті мұндағы жур­налистиканы үйре­те­тін оқытушылар да сол қайнаған қазанның ішіне араласуың үшін сізді әбден жетілдіріп, ике­міңіз келетін өз са­лаңызды таңдауға жағ­дай жасайды. Студент бол­сам да, өзімді журналист ретінде сезініп, саясат тақырыбына қа­тыс­ты түрлі жобаларға атсалысып, жарыстарға жиі қатысатынмын. Бұл сайыстардан құр қол қайт­пай жүргенімді бай­қаған университеттегі ұстаздарым: «Тү­сін­ге­німіз, сенің тақырыбың осы саясат екен. Мұн­да­ғы саяси сарапшылар бар­лық нәрсені Түркия­ның төңірегінде тал­қы­лайды, ал бұл тақырып­тың өрістеу шеңберін шектейді. Сен өзге елден келген жас маман ретінде ойлауың да, толғануың да басқаша. Осы бағытта жүре берсең, еңбегің жеміс­ті болады» деп ақыл-кеңесін айтты. Сөйтіп, еңбек жолымды саяси журналистикадан бастадым. Бұған қоса, өзім де жеңіл-желпі тақырыптардан гөрі, күр­делі мәселелерді қарастыруды құп санадым. – Фотоаппаратыңыздың объективіне іліккен босқындардың су­ре­­­тін шебер тү­сіре білгеніңізге қа­расақ, фото­жур­налистиканың да қыр-сырын меңгеріп ал­ғанға ұқ­сайсыз. Жалпы, фо­­тожур­налистика сіз үшін хобби ме, әлде ма­ман­­дық талабы ма? – Негізі, суретке түсіру әде­ті бұрыннан қалып­тас­­қан. Де­сек те, Түр­кия­­да журналист қыз­ме­тін атқарсаң, сен фо­тожурналист те болуың керек. Бізді бес жыл бойы оқыт­қан ұстаздар әмбе­бап журналист болу­­ға үйретті. Нә­ти­­жесінде, фотожурналистика екінші куәлігім ретінде қалыптасқан ма­ман­дыққа айналды. Әйт­се де, өзімді мықты фотографпын деп есептемеймін, бар болғаны дер кезінде керек жерден табылып, көзге ілінген көріністі түсір­дім. Сосын сізден сұрайын, бос­қын­дарды неліктен сурет арқылы сипаттадым деп ойлайсыз? – Себебі көпшіліктің назарын сөзден гөрі, суретпен жаулау үшін... – Дұрыс айтасыз. Бастапқыда олар туралы мақала да жазып көрдім, ақырында ауди­то­рияның қалауын зерттей келе, фото ар­қылы жеткізуді жөн санадым. Қазір, бай­қа­саңыз, көпшілік жылдам ақпарат алуды қа­лай­ды. Бүге-шігесіне дейін талдап-таразылап, тексеріп жазған бес беттік анализді ары кет­се он бес адам оқуы мүмкін. Мұнымен қо­са, босқындардың хал-ахуалын бейбіт өмір сүруді қалайтын әркімнің көкейіне қон­дыруымыз қажет. Бұған тек қақтығыс болған елдің азаматы емес, әркім жауапты болуы шарт.  Қарапайым халық әлемде не болып жатқанынан хабардар болуы тиіс, жетім балалар, соның ішінде мына өмірдің қызығын көріп үлгермеген сәбилердің химиялық қарудың залалынан мерт болып жатқанын жете түсінуі керек. Ал құр анализ жасау арқылы бұған көп адамды қызықтыра алмаймыз. Мұндағы басты құрал –  айтқың кел­геніңді фото немесе видео арқылы жеткізу.  width= – Түркияда босқындар көп тұратын­дық­тан, осы мәселеге баса көңіл аударуды ұйғарғаныңыз белгілі. Десек те, әлемнің «ыстық нүктелері» деп аталатын мұн­дай қауіпті аймақтарға кез келген журналисті апара бермейтіні анық. Сту­дент бола жүре, жан-жақта жойқын ж­арылыс болып жатқан мұндай ай­маққа қалай барып жүрсіз? – Жоғарыда айтып өткенімдей, универси­тетте практикалық жұмыстар көп жүргізілді. Сол кезде мұндай аймақтарға барудың жолын жақсы біліп аламыз. Мұндай жерге жол бас­тап, жөн сілтеп апаратын ешқандай да жо­ба жоқ. Өзің қимылдамасаң, ешкім де апар­майды. Өз басым көп жағдайда онда ба­рып, жұмыс істеуге өзім сұранатынмын. Оның үстіне, Түркияның саяси қақтығыс­тар­ды шешуде тәжірибесі мол, сол себепті мұны практикада үйренгім келді. Бір қызығы, мені енді тани бастаған қазақстандық жас журналистер хабарласып: «Анау аймақтарға қалай барамыз? Бізге де қызық, ақыл айтыңызшы!» деп жазады. Көпшілігі мені дайын бір ұйым­ның атынан барады-ау деп ойлайтын сияқты. Мүл­де олай емес. Өзің талаптануың керек, деген­мен мұнда халықаралық мамандар мен агент­тіктерден құралған үлкен қолдау­шы­ларың болуы керек. Сіз онда барған соң әр басқан қадамыңызға рапорт жазасыз, қайтып келген соң, қайда не жазғаныңызды тексеріп оты­рады, сосын сіздің айналаңызды тексере­ді, бәлкім террорлық ұйымға қатысыңыз бар шығар, мүмкін арнайы біреудің тапсырмасын орындап жүрген боларсыз, барлығы егжей-тегжейлі тексеріліп, тергеледі. Ал мұны жеңіл­детіп, сізге ниеті ақ, көңілі таза маман еке­нін сендіру үшін басқа бір мықты қол­даушы керек. Мәселен, мен Таяу Шығысты зертт­еп жүрген журналистің бірімін, бұрын-соң­ды жасаған жобаларымды шетелдік ақ­парат агенттіктеріне жолдап, олар арқылы әлгі елдің аумағына кіруге рұқсатнама алуыма болады немесе сол жақтан ақпарат тарату үшін олар мені арнайы жіберуі мүмкін. Ал жеке журналист ретінде мұндай қауіпті ай­мақтарға кіріп, зерттеу жасаудың екінші жо­лы тағы бар. Мәселен, Ливан мен Израиль ел­дерінің арасында БҰҰ қарауына кіретін Гад­жа деген ауыл бар. Онда бару үшін алдымен БҰҰ-ның арнайы бөлімінен, сосын Ливан үкіметінен рұқсат аласыз. Ал белгілі бір те­леарнаның атынан барсаңыз, аккредитация алудың жолы сәл жеңілдеу. Өз басым фрилан­сер журналист болған соң, мұндай жерлерге бару үшін маған көп әуреленуге тура келеді. – Фрилансер демекші, жұмыс­тарыңыз BBC, Financial Times, Bloomberg секілді әлемдік ақпарат құралдарына жарияланып, БҰҰ және ЮНИСЕФ секілді ұйымдармен бірлесе жұмыс істесеңіз де, әңгіме басында белгілі бір агенттік қызметкері ретінде жұмыс істеуді құп көрмейтініңізді айтып қалдыңыз. Қазір саяси тақырыпта жазатын шетелдік жур­налистер арасында ешкімге тәуелді бол­май, белгілі бір тәртіпке бағынбай, ер­кін жұмыс істеу белең алған секілді... – Ол рас, қазір шетелдік агенттікте жұ­мыс істейтін әріптестермен үнемі байланыс­та болғандықтан, олардың жағдайы мәз емес екенін жиі естимін. Басым көпшілігі жұ­мыстан өз еркімен шығып, фрилансер ретін­де жұмыс істеуде. Қазір тек бір ақпарат агент­тігіне бағынышты болу дәуірі өтіп бара жатыр. Оның үстіне, қазіргідей жағдайда ол агенттіктерге жарнама берілмейді, тұрақты демеушілері де жоқ. Сол себепті нақты бір жұмыс орнында жұмыс істеу тиімсіз деп сана­дым. Қазіргі таңда Washington Post немесе Middle East Times секілді газеттер Таяу шы­ғыс, Орта Азия және Кавказ елдеріне қа­тыс­ты жақсы талданған материалдарды қуа­на-қуана жариялайды, онда шыққан ма­қалаңызды өзге БАҚ қолданып, сізді дереккөз ретінде көрсетуі мүмкін. Осылайша, сізге фри­лансерлік келісімшарт бойынша жұмыс істеу жайында көптеген агенттік тарапынан ұсыныстар келіп түседі. Сосын болашаққа құрған мақсатым да басқаша, шынымды айтсам, өз жолымды әлі іздеу үстіндемін, өз орнымды таппай жүрмін десем де болады. Бәлкім, алдағы уақытта академиялық қызметке кетуім мүмкін немесе саясатқа ара­ласып кетуім де ықтимал. Негізі, бір жерде көп қала алмаймын. Үйрену процесінде жүруім керек, ал бұл процесс тоқтап қалса, орнымнан тұрып кетіп қала беретін әдетім бар. Байқап қарасам, қазіргі таңда академия­лық қызмет маған жақынырақ секілді.  Өйткені ғылыми жұмыстың жүйесі қазір өзгерді. Оның үстіне, қазіргі таңда Стамбұл ком­мерция университетінде (Istanbul Commerce University) саясат ғылымы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Қазіргі таңда диссертация жазудамын. Сосын атал­ған оқу орнының жанынан ашылған зерт­теу орталығы бар, сонда бір топ ғалымдармен бірге Қытайдың Орта Азия елдеріне ықпалы жай­лы жобаны зерттеудеміз.  width= – Сұхбаттасуға хабарласқанымда кү­ні кеше Армения мен Әзербайжан ара­сындағы Таулы Қарабақ аймағында бол­ған әскери қақтығысқа қатысты жина­лыстан шыққаныңызды айтып қал­дыңыз. Қазіргі таңда аталған қауіпті ай­маққа қатысты материалдар әзірлеп жа­тырсыз ба? – Иә, Қарабақ аймағында жаңалық тарататын жергілікті журналистер бар, солармен байланысқа шығып, Түркияның ақпарат құралдарына дереккөз ретінде хабар таратудамын. Жалпы, белгілі бір территорияны білетін журналист ретінде танылған соң, се­нен мәлімет сұраушылар көп. Мәселен, ме­нің зерттеу алаңым Таяу Шығыс, Орта Азия және Кавказ елдері болған соң, осыған қа­тысты ақпарат алу үшін агенттік өкілдері ма­ған жүгінеді, көп ретте Орта Азияға қа­ты­сы бар жаңалық болса, «Не болып жатыр?» деп маған хабарласады. – Сіз түсірген сол фотосуреттердегі бос­қындардың аянышты халі көрген адам­ды бейжай қалдырмай, ерекше тол­ғандырмай қоймайтыны белгілі. Ал өзіңіз мұндай көріністі бетпе-бет бақы­лағанда қандай күйде боласыз? Үйіңізге оралған соң да, жазықсыз жандардың жантүршігерлік жағдайын көпке дейін ұмы­та алмай, әлек болатын кездер бол­ған шығар... – Негізі, қанша жерден ойламайын десең де, есіңнен кетпей қояды, сол елдің орнына өз еліңді, өз жеріңді елестетіп көресің де, ерекше толғанасың. Бастапқыда адамзаттың осындай қатігездікке баруға қалайша дәті баратынын, әділетсіздік салдарынан еш кінәсі жоқ адамдар жапа шегіп жатқанын кө­ріп, қатты қиналдым. Сізге мынаны айтайын, шындап келгенде көп нәрсені білген де, көрген де жақсы нәрсе емес, себебі бұл сіз­дің бақытсыз болуыңызға әсерін тигізуі мүмкін. Жоспарланған ойын ойналып жатыр, мұнда келген біз тек бақылаушылар рө­лін атқарамыз. Я мұны осылай қабылдап, жұ­мысты істеп жүре бересіз я босап, жеңілдеу үшін жанайқайыңызды шығаруыңыз керек. Дегенмен кәсіби журналист болған соң, біз мұны істей алмаймыз, себебі біздің міндеті­міз – әділеттілікті талап ететін бұқара ха­лық­тың санасын ояту, «Қараңдар, сендер ұйық­тап жатқан кезде, әлемнің мына бір бұры­шын­да мынадай болып жатыр!» деп олардың на­зарын аудару. Осы мақсатта бес жылдай ең­бектендім, әлі де жалғастыра бермекпін. Сириямен қатар Ливан және Түркияның бірқатар аймағында болдым. Көп нәрсе түйдім. Тағы бір айта кетерлік жайт, бос­қындар мәселесін зерттеймін деп Қазақстанда және Түркияда бірнеше жүлдені жеңіп алғаныммен, журналистерге берілетін World Press немесе Pulitzer секілді үлкен жүлдені алып жатқан жоқпын. Дегенмен мені көп­шілік, соның ішінде Қазақстан халқы асыра сілтеп мақтап жатады. Оларға Сирияға барып жұмыс істеу батыл іс болып көрінуі мүмкін, ал Түркияның көзқарасымен қарасақ, бұл түк те емес, сосын соғыс, төңкеріс орындарынан хабар тарататын журналистер үшін бұл анау айтқандай айтулы нәрсе емес. Қазақстанда менің Сирияға қорықпай барып, түсіріп әкелген материалдарымды тілге тиек етіп, батылдығыма қайран қалады. Ал бұл жерде менің қазақ қызына тән қайсар мінезді емес, біздің де бұл аренада бола алатынымызды көрсеткім келді.  Ел Үкіметі үндеп жат­қандай, мықты ел болғымыз келсе, әлем бойынша бейбітшілік орнауына өз үлесімізді қосқымыз келсе, мемлекет ретінде жеке көзқарасқа мұқтажбыз, өзге біреудің көз­қарасына қарауға міндетті емеспіз. Ал егер өзгелердің айтқанын қайталап, жазға­нын көшіре беретін болсақ, колониялық режимнен шыға алмай қалу қаупі бар. Мұндай орындарға Қазақстанның бейбіт ел екенін көрсету мақсатында барып жұмыс істеу қиын қадам, дегенмен арамызда біреуіміз шығу керек болды.  width= – Сол суреттеріңізді көрмеге қояр кезде, мұның тұсына тек аты-жөніңізді емес, сонымен қатар Қазақстан деп жаздыртуды талап етуіңіз де осы себептен бе? – Әлбетте! Көп жағдайда тек аты-жөнім беріліп, қай елдің тумасы екенімді ұмыт қалдырады, ал мен жоғарыда айтқан көз­қарасты айқындау үшін талап етемін. Әйт­песе, Ресей немесе Түркияның ықпалынан туын­даған көзқарас деп ұғынып қалады, ал мен жеке бөлініп, қазақстандық азаматшаның көзімен жасалған дүние екеніне басымдық бергім келеді. Дейтұрғанмен, мұнымды дұрыс түсінбей жүрген теріс пиғылды әріптестерім баршылық. Олар өз рейтингтері түсіп қалған соң, менің әрекеттерімді қара басыма пиар жасап жүр деп ойлайды. Біреудің қабырғасын қайыстырған қайғысына, азапқа толы тағдырына пиар жасайтындай адамгершіліктен жұрдай емеспін. Десек те, қазір бұған құлақ аспайтын болдым. Менің бұл әрекетім – әлемге біздің таза пиғылымызды көрсетуге бағытталған кішкене ғана қадам. Сосын мені әскери журналист деп атап жатады, ал мен бұл алаңда жүрген журналистерге қарап өзімді олай айта алмаймын, себебі олардың көргенінен аз нәрсені көрдім. Дұрысы, мені әскери қақтығыстарды зерттеп жүрген саяси журналист деп атағанды жөн көремін. Ал үйге оралғандағы күйімді сұрасаңыз, шынымен де түсірген суреттерімді екінші мәрте қарамауға тырысамын. Негізі, жұмыс ережесі бойынша редакторға барлығын реттеп беру үшін қайта қарау керек, ал мен «Арасынан қалағаныңды таңдап алшы» деп басқа біреуді қолқалаймын. Өйткені өзім түсірген сол суретті қайта парақтағанда сол жерде жүріп сезген эмоцияға қайта берілгім келмейді. Жалпы, көңілге қаяу түсіретін суреттерді көргім келмейді. Мұндай суреттерді көру үшін мазохист немесе садист болуың қажет. Менімен бірге еріп баратын кейбір әріптесім осындай болып алған, ал кейбірі робот секілді сезімге берілмейді. Жалпы, өз басым Сирия босқындарына қатысты аяушылықты оятатын оқиғаларды айта бергенді жөн санамаймын. Өйткені бұл өз ауруыңды ұмыттыру үшін ауырсынуды басатын дәрі ішумен тең секілді. Тағы да қайталап айтамын, әрқай­сымыз бейбітшілікті қалайтын әлем тұрғыны ретінде жауапкершілікті сезінуіміз керек, өскелең ұрпақты бейбітшілікке баулуымыз қажет. Босқынды қоғамнан тысқары қалып қалған адам деп, оған аянышпен қараудың қажеті жоқ. – Өзіңіз әзірлеген фотосуреттер, материалдардан құралған «Отансыздықтың жүзі» атты кітабыңыз биыл жарыққа шыққалы жатқанын естіген едік, десек те, көп нәрсеге кедергі келтіріп, кідіртуге мәжбүр қылған пандемия салдарынан бұл еңбегіңіз әлі жарияланбаған секілді. Жалпы, өз материалыңызды кітап етіп шығару идеясы  қайдан туындады? – Иә, бұл кітапты биыл басып шығарғым келген, алайда өзіңіз айтқандай, коронавирус­тың салдарынан барлық жұмыс тоқтап, келесі жылдың еншісіне қалды. Ал жазған-сызғандарымды кітап қылып шығару идеясы өзімдікі, дегенмен босқындар мәселесі тың тақырып болған соң, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінде Қазақстандағыдай реакция мен резонанс туындаған соң, бұл ұсынысты айтушылар жиілеп кетті. Негізі, мен Сириядағы азаматтық соғыстың аяқталуын күтіп, соңы­на қарай орта азиялық журналистің көз­қарасы ретінде үлкен бір кітап шығарамын деп жоспарлағанмын. Десек те, шыдай алмай, кітаптың мазмұнын әзірлеуге кірісіп кеттім. Оның үстіне, соғыс әлі жалғасып жатыр. Сосын әріптестерім «Соғыстың аяқталуын күтпей, бірнеше сериядан құралған кітап ретінде шығара бер» деп ақыл-кеңесін айтты.  width= – Шетелдік ірі ақпарат агенттіктеріне жиі материал беріп тұрсаңыз да, Қазақстандағы бірде-бір БАҚ-пен байланыс орнатпапсыз. Неліктен? – Негізі, Қазақстанда жұмыс істегім келген, мұндағы медиа алаңда, соның ішінде телевизияда өз орнымды іздедім, бірақ таба алмадым. Әу баста ұсыныс тастаған адамдарға менің позициям ұнамады ма, әлде еркіндігім кедергі келтірді ме, білмедім, менімен жұмыс істегісі келмеді. Қазақстандық БАҚ-та жұмыс істемесем де, қазақ журналистикасына уақыт арнағым келеді, мұны жетілдіру үшін қызмет еткім келеді. Қазақстаннан жырақ жүріп те, елге қызмет ету үшін ештеңе кедергі емес. Жалпы, елдегі БАҚ-тың ақпарат таратуына көз қырымды салып жүремін, сонда байқағаным бізге өте көп жұмыс істеу қажет. Ақпарат тарату бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, күрделі мәселе. Сосын саяси сананы жетілдіру үшін тәуелсіз медиа қажет, өмірін журналистикамен байланыстырған әр маман еркін ойлай білуі керек. Отандық телеарнадан шығатын бір бағдарламаға қатысқанымда, террорлық ұйымдарды сөз еттік, сол кезде білдірген пікіріме қарсы шыққан саяси сарапшы маған: «Жоқ, сен олай айтпа. Бұл айтқаның араб пен біздің елдің арасына іріткі салады» деп байбалам салды. Сол кезде қатты таңғалдым. Біріншіден, мен Үкімет мүшесі емеспін, журналиспін. Екіншіден, Қазақстан демократиялық қоғам қалып­тастыруға бет алған мемлекет болған соң, әрбір азаматтың өз ойын еркін білдіруге құ­қы бар. Туған жылы: 1995 Туған жері: Қызылорда қаласы Білімі: Ақдениз университеті, Түркия (Akdeniz University), Стамбұл коммерция университеті, Түркия (Istanbul Commerce University) Зерттеу алаңы: Сириялық босқындар мәселесі, сондай-ақ Таяу Шығыс, Орта Азия және Кавказ елдерінің тұрмыс-тіршілігі Марапаттары: Екі мәрте TRT телерадиокорпорациясының нұсқауымен «Жыл жобасы» (Project of the year), Қазақстандық «100 жаңа есім» жобасының лауреаты.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген: Назгүл Кенжетай.