17 Қыркүйек, 20:07 460 0 Атажұрт Ділда УӘЛИБЕК

Қандасымыз бір аймақты шұбатпен қамтамасыз етіп отыр

Шұбат түрлі аурудың алдын алатын теңдессіз қасиетке ие. Түйе сүті обырға қарсы дәрі жасауда да қолданылады. Бұдан басқа шұбаттың өкпе ауруына, ішек құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық, қант диабетіне де шипасын тигізетіні айтылып жүр. Қазір елімізде шұбат өндірісі дамып келеді, әйтсе де басқа сүт өнімдерімен салыстырғанда аз кезігетіні белгілі. Осы орайда табиғи, құнарлы түйе сүтін өндіріп, бірнеше елді мекенді шұбатпен қамтып отырған қандасымыз Мейрамбек Отарбайұлымен сұхбаттасқан едік.

– 2002 жылы көктемде Қытай Халық Республикасы Алтай аймағы Бурыл­тоғай ауданынан Алматы облысына қоныс аудар­дық. Белгілі бір бағдарлама арқылы емес, өз қалауымызбен, өз күшімізбен көшіп келдік. Міне, содан бері 19 жыл өте шыққан екен.

Ол кезде жұбайым екеуіміз ғанамыз. Үйленгеннен кейін 2-3 ай үлкен үйде тұрдық та, атажұртқа келіп, Талды­қор­ған қаласы Балпық би ауданы деген жерге ор­наластық. Енді отау құрып жатқан жас от­басымыз, ешқандай жиған-тергеніміз, мал-мүлкіміз, қара­жат қорымыз жоқ. Қол ұстас­тық та, шекарадан өтіп кеттік. Сол себепті де қаражат жа­ғынан біраз қиналдық. Әуелде тіпті қайда тү­нейтініміз, қайда барып тамақ іше­тіні­міз де үлкен мәсе­ле болды. Үй алайық десек, жү­ріп-тұруы­­мы­з­ға, күн­көрісімізге ақша қалмайды, баспанасыз тағы да бол­майтыны бел­гілі. Сонымен не керек, бас екеу болмай, мал екеу бол­майды дегендей, жолдасым екеуіміз екі жақтап жүріп, әртүрлі жұмыстар істеп тірлігімізді бастадық. Біз келген уақытта ауылдарда үй арзан-тұғын. Малға да айыр­бастап алуға болатын, бір үйді бір құнажынға не сиырға беретін. Сөйтіп жүріп ең алғаш 80 мың теңгеге үй алдық. Сол кез­дегі қуанғанымыз әлі есімде.

Алдын ала көріп, қалай болатынын ба­ғамдап алайық деп емес, біржола келгендіктен, бірден азаматтық алу үшін құжат жинай бас­тадық. Құжат төңірегінде да аздап қиын­дықтар болды.

Біз ғана емес, атажұртын аңсап келген қан­дастардың көбі осындай қиындықтарға ұшырасты. Әсіресе, 2001-2003 жылдары қо­ныс аударғандар атажұртқа ағылып жатқан көш­тің басы болғандықтан, көбінің бұл жақ­та ешқандай туған-туысы, таныс-тамыры, алдынан күтіп алар ет жақын ағайыны бол­ған жоқ.

Қазір оның бәрі өтті-кетті, онымен қоса бір елден бір елге келгенде ондай қиын­дық­тардың болуы – заңдылық.

– Кәсіп ашу туралы ой қашан келді? Түйе өсіріп, шұбат өндіру бағытын таң­дауыңызға не себеп болды?

– Біздің кәсіп ашуымызға Елбасының 2010-2011 жылдары қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы себеп бол­ды. Осы бағдарлама аясында мемлекет кәсіп ашуға ынталы жандарға қол ұшын со­зып, төмен өсіммен несие береді, қол­дай­ды, жұмыспен қамтиды дегенді естіп-білдік.

Сосын тәуекел етіп, өзіміздің жеке кәсі­бі­мізді ашуға бел будық. Өзіміз тұрып жат­қан ауылда, жалпы өңірде не жоқ, не нәрсе тап­шы сол тұрғыдан іздендік. Сөйтіп, Тал­дықорған өңірі бойынша шұбат өндіру мен сату кенжелеп қалғанын бағамдадық. Сол кез­де аймақта осы кәсіппен айналысып отыр­ған бір де бір адам болмады. Тіпті, адам­дардың біразы, әсіресе жастар шұбат деген­нің не екенін білмейтін. Біз енді бастап жат­қан уақытта шұбаттың қалай дайындалатынын сұрап, қызығушылық танытатындар көп еді.

– Қазір кәсібіңіз қалай жүріп жатыр? Сұраныс көп пе? Қандай да бір туын­даған мәселелер бар ма?

– Осы кәсіпті бастасақ түйені қайдан әке­леміз, қайда ұстаймыз? Осындай мә­се­лелерді отбасымызбен ақылдастық. Артын­ша осы идеяммен аудан әкімінің қабыл­дауына бардым. Ауданды, облысты шұ­батпен қамту мақсатында кәсіп ашпақ ниетім бар екенін айттым. Түйе алып келсем, сол түйені ұстайтын, қора салатын жер берсеңіздер деп өтініш білдірдім. Әкім менің ұсынысымды қолдады, бірақ бірінші түйе алып келуім керегін, әйтпесе көбісінікі жалған сөз, құрғақ уәде болып шығатынын, осы ай­тылғандарды жүзеге асырсам, өтінішім жерде қалмайтынын айтты.        Солайша 2012 жылы көктемде 5 түйемен кәсібімді бастап кеттім. Кілең аруана тұқымынан шыққан жануарлар. Көксу ауданына қарасты Мұқаншы ауылдық округінің әкіміне де ойым­ды, мақсатымды айттым. Аудан әкімі де, ауыл әкімі де бірден қолдап, қора салатын, түйе жаятын, қыстау салатын жер берді. Қазіргі кезде менің шаруашылы-
ғым осы Мұқаншы округі Жетіжал ауылында.

Бүгінде Талдықорған қаласы Қаратал, Ескелді, Көксу елді мекендерін шұбатпен қамтып отырмыз. Тек бір ғана мәселе бар, шұбат сататын орнымыз әлі нақтыланбады, яғни дүкеніміз жоқ. Қазіргі кезде Талды­қорғанға кіре берісте, Алматы – Талдықорған тасжолы бойынан жер алып, дүкен салуға кірісіп жатырмын. Құжат жағы кедергі болып тұр, екі жылға жуық уақыт болды, реттей алмай жүрміз. Біздің елде мұндай құжат­тардың әуре-сарсаңы көп екен.

Басқа өңірлерде, облыстарда шұбатқа, қы­мызға және мал басына субсидия беріле­тінін естіп жатырмын. Бізде ондай суб­сидия әзір жоқ. Осы субсидия бойынша және дү­кеннің құжатын реттеу жағынан қолдау, кө­мек болса нұр үстіне нұр болар еді.

– Қазіргі кезде ұлттық өнімдерге қызығатын шетелдіктердің қатары қалың. Осыдан біраз уақыт бұрын не­містердің қымызды патенттеп алға­ны жайлы көп айтылды. Шұбатты басқа елдерге экспорттап, дәріптейтін ние­тіңіз бар ма?

– Осыдан біраз уақыт бұрын Алматы жақ­тағы зауыттардан бірнеше өкіл хабарласып, шетелге экспорттау туралы ұсыныс айтқан еді. Мен ол ұсынысты қабыл алмадым. Бір жағынан облысты әлі толық қам­тыған жоқпыз, бір облысты толық қам­та­масыз ету үшін күніне 2-3 тонна шұбат өн­діру керек, біз күніне 200-300 литр шұбат өн­діреміз.  Өз халқымызды қамтамасыз еткеннен кейін ғана шетелге шығаруға талпыныс жасау керек деп ойлаймын. Яғни ол – екінші кезектегі мәселе. Екінші жағынан шұ­баттың қаншама денсаулығы нашар адам­дарға ем болғанын, жас сәбилердің өсуіне септігін тигізгенін көргеннен кейін, ал­ғыс алғаннан кейін зауытқа өткізуден бас тарт­тым.

Шұбатхананы салып бітіріп, құжаттарын реттеп, табиғи, қоспасыз өнімді халыққа ұсынсақ дейміз. Өзіміз сауып, өзіміз өндіріп, бап­тап отырғаннан кейін сапасына, құнар­лылығына  да кепілдік береміз.

– Бұл кәсіп үлкен еңбекті қажет ете­тіні айтпаса да түсінікті, қиындығы да аз емес,  Ойсылқара жануарының бабы бө­лек шығар?

– Кәсіп болған соң өзіндік қиындықтары болады, бірақ оған төзе білу керек. Қиын­дықтың, айналып келгенде қайыры болады. Адам өз кәсібіне берілуі керек, сол кезде қиындықтың бәрі кедергі болып көрінбейді. Кәсіп шын жүрекпен, адалдықпен тамырласар болса ғана адамды биікке жетелейді.

Сұхбаттасқан

Ділда УӘЛИБЕК

Соңғы жаңалықтар