17 Қыркүйек, 11:07 1400 0 Қоғам Анар ЛЕПЕСОВА

Аналардың зейнет жасы қайта қаралса...

Өткен аптада әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде елімізде зейнет­ке шығу жасы төмендейтіні туралы ақ­парат тарады. Мұндай өз­геріс­тің енгізілуіне коронавирустан көз жұмған­дардың көпшілігі зейнет жасына жетпей өмірден өтуі себеп болған шығар деп жорамалдады жұрт. Алайда көп ұзамай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мә­лі­метті жоққа шығарып, қолданыстағы заңға сәйкес, ерлер 63 жаста, ал әйел­дер 59,5 жаста зейнетке шы­ғатынын нақтылады. Бұған қоса, ве­домство­да­ғы­лар 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып оты­ратынын еске салды.

2027 жылы ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңеседі

«Қазақстанда зейнетақымен қамсыз­дан­дыру туралы» заңда әйелдердің зейнетке шығу жасын он жыл ішінде ерлермен теңес­тіру көзделген. Яғни, 2018 жылдан 2027 жылға дейін жарты жылға көтеріліп оты­­рады. Тарқатып айтсақ, әйелдер  2020 жыл­ғы 1 қаңтардан – 59,5 жасында, 2021 жылғы 1 қаңтардан – 60 жасында, 2022 жыл­ғы 1 қаңтардан – 60,5 жасында, 2023 жыл­ғы 1 қаңтардан – 61 жасында, 2024 жылғы 1 қаңтардан – 61,5 жасында, 2025 жылғы 1 қаңтардан – 62 жасында, 2026 жылғы 1 қаңтардан – 62,5 жасында, 2027 жылғы 1 қаңтардан 63 жасында зейнетке шықпақ.

Министрліктің түсіндіруінше, әйел­дердің зейнеткерлік жасы ынты­мақты зей­нетақы жүйесінің біртіндеп тоқта­тылуы­на байланысты көтеріліп отыр. Ын­ты­мақты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есеп­ке алынады, сондықтан оның мөлшері жыл­дан-жылға азаяды. Яғни, зейнет жасын көтеру арқылы әйелдерге зейнетақы тө­ле­мін және мемлекеттік базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік беріп отырмыз дейді шенеуніктер.

Бір қуантарлығы, зейнетақыны ерте алу­ға құқығы бар әйелдер үшін зейнет жасы өз­герген жоқ. 5 немесе одан көп ба­ла туып (асы­рап алып), оларды сегіз жас­қа дейін тәр­биелеген аналар 53 жастан бас­тап бей­нетінің зейнетін көре алады. Ал Семей яд­ролық сынақ полигонының тө­тенше және ең жоғары радиациялық қаупі бар аймақ­та­рында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жыл­­ғы 5 шілдеге дейін кемінде бес жыл өмір сүрген әйелдер 45 жаста зейнетке шы­ғады.

Еліміздегі зейнеткерлердің 70 пайызын әйелдер құрайтын көрінеді. Демек, мемлекет аналарымыздың зейнет жасын көтеру арқылы зейнетақы төлеуге жұм­салатын бюджет шығыстарын айтар­лықтай азайта ала­ды. Алайда әйелдердің 63 жасқа дейін ең­бек етуі, өскелең буынға орын босатпауы жастар арасындағы жұмыс­сыздық мәсе­лесін ушықтыра түсуі мүмкін.

2019 жылдың соңындағы дерек бойынша Қазақстанда 15-тен 28 жасқа дейінгі жас­­тар арасындағы жұмыссыздар саны 84,7 мың адамға жеткен. Биыл кесірлі кеселдің та­ралуына байланысты енгізілген каран­тин­дік шектеулер салдарынан көп жас тұрақты жұмысынан айырылғанын ескерсек, жыл соңында жарияланатын жұ­мыс­сыздықтың жаңа статистикасы был­тыр­ғыдан біршама жоғары болары анық. Екі қолға бір күрек табу қиындай түскен қазіргі уақытта зейнет жасының көтерілуі жалындап тұрған жастардың елге қызмет етуіне ке­дергі келтіретін факторлардың біріне ай­налғаны өкінішті. Жас буынның бойын­дағы күш-қуатын, тың идеялары мен еңбек­ке деген құлшынысын қоғамның өсіп-өр­кен­деуіне дер кезінде пайдалана білсек, ұта­рымыз көп болар еді.

Бейнет көрген аналар зейнетке жете алмай жүр

Қуаты кеміп, жұмыстан қажи бас­таған аналарымыз немеренің қызы­ғын, бей­не­тінің зейнетін көретін шағында кеңсеге қа­малып, қағазға көміліп отыратыны алаң­датады. Кеңсенің жұмысына шы­дауға болар. Ал көп баланың бейнетіне қоса, ауыр жұ­мыс атқарып, белі жазылмай, тау­қымет кө­ретін ауылдағы ақ жаулықтылар зей­нетке шығатын уақытты жыл санап емес, күн са­нап күтетіні сөзсіз. Қалада да ден­саулыққа қаупі мол өнеркәсіп орындарында немесе бет­терін күн мен жел қағып далада жұмыс ат­қаратын, тең-тең жүк көтеріп, базарға шы­ғып, отбасыма таршы­лық көрсетпеймін деп белін шарт буған әйел қаншама?.. Тіпті, ер адамның білек күшін қажет ететін ауыр жұ­мыстарға шыдап жүрген нәзік жандылар да аз емес.

Қазіргі күрделі кезеңде жұмыстары қиын­дап, жүктемелері артқан мұғалімдер мен дәрігерлер де зейнетақыға қол жеткізе­тін күнге асық.  60-тан асқан ұстазға білім саласына енгізіліп жатқан жаңа технологияларды игеру қиындық туды­ратынын да қаперге алған жөн. Жас­тар­дың күш-жігеріне, қарым-қабілетіне лайықталған кейбір реформалар егде тартқан мұғалімдер үшін оңай шағылатын жаңғақ емес.

Күнделікті жұмыстарынан бөлек, үйдің шаруасы, бала-шағаның кү­тімі мен тәрбиесі де әйелдердің мойнында. Қаншалықты шыдамды, тұрмыс қиын­дығына бейім болса да, өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда жоғары десек те, әйелдің аты – әйел. Нәзік жандылардың зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіру қисынға кел­мейді. Бәлкім, әйелдердің зейнет жасы­ның шегін белгілі бір өлшемдерге салып айқындау керек шығар. Мәселен, кәсібі, жұ­мысының зияндылығы, денсаулығына тигі­зер әсері ескерілсе, әділетті болар еді. Әйтпесе, барлығын бір өлшеммен өлшеп, ана­ларды жаппай 63 жасқа дейін жұмысқа жегу қиянат емес пе?!

Қытайда зейнетақыны таңдаулылар ғана алады

Біздің ел ғана емес, әлемнің дамыған мемлекеттерінің де зейнетақымен қамту жүйесінде түйткіл көп. Мәселен, эко­номикасы қарқынды дамыған Қытайда халыққа қаржылық қолдау көрсету  төменгі деңгейде. Visasam сайтының мәліметінше, зейнетке шығу мүмкіндігі  қытайлықтардың барлығына бірдей берілмеген. Бұрын мемлекеттік органдарда және қалада орналас­қан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істе­ген азаматтар ғана зейнетақымен қам­та­масыз етіледі.

Қытайда зейнетақы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Ал жеке зей­нетақы қорлары бұл елде жоқтың қасы. Алайда төленетін зейнетақының аздығына қарамастан егде жастағы адамдарға күн­делікті тұрмысына көмектесетін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, қы­тайлық зейнеткерлер коммуналдық қыз­меттер мен қоғамдық көліктердегі төлем­дерден босатылады, сондай-ақ олар үшін дү­кендерде арнайы жеңілдіктер қарас­тырылған.

Дәстүрге берік ел болғандықтан Қы­тайда қарттарға құрмет көрсету­ге ерекше көңіл бөлінеді. Егде тартқан аза­маттарға балалары, немерелері не туыстары қарасады. Аспан асты елінде жалғызбасты қария түсінігі жоқ деуге болады.

Үндістанда да зейнетақы егде тартқан азаматтардың барлығына бірдей беріл­мейді. Бұл елде мемлекеттік қызмет­керлер ғана зейнетке шығып, ел қазынасы­нан тұрақты төлем ала алады. Ал өзге қарт­тарға зейнетақы мүлде қарастырыл­ма­ған. Билік өкілдері ел азаматтарын зейне­тақымен қамтамасыз ету үшін инвестор іздей бастаған. Демеушілер көмектессе, мем­лекеттегі қарттарға қажетті қаржыны төлеуге мүмкіндік туады дейді шенеуніктер.

Ал Вьетнамдағы жергілікті заң жүйесі бойынша, зейнетақы төлемдері 50 мен 100 доллардың аралығында. Бүгінде ел­де жаппай қартаю дерегі тіркелген. Сон­дықтан Вьетнам билігі өткен жылы зейнет жасын 10 жасқа ұлғайту туралы шешім қабылдады. Елде ер адамдар 60 жаста, ал әйелдер 55 жасында зейнетке шыға алады.

Ресейде әйелдер 55 жаста зейнетке шығады

Visasam сайтының мәліметінше, Ресейде ер адамдар 60 жасында, әйелдер 55 жа­сын­да зейнетке шығады. Тек арнайы са­наттағы азаматтар ғана зейнетке ерте шы­ғуға құқылы. Атап айтқанда, мүмкіндігі шек­теулі адамдар, асыраушысынан айы­рылғандар, 37 жылдан артық жұмыс өтілі бар әйелдер мен 42 жылдан астам уақыт еңбек еткен ерлер зейнетақыға өзгеледен ер­терек қол жеткізеді.

Германияда ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасы бірдей: 67 жас. Орта есеп­пен неміс зейнеткерлері айына 1 400 дол­лар (595 мың теңге) алады. «Берлин қа­бырғасы» оқиғасынан кейін Германия бір­тұтас елге айналғанына қарамастан, елдің шы­ғысы мен батысындағы зейнетақы мөлшерінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, Шығыс Германиядағы зейне­тақының мөлшері – айына 1 200  доллар (510 мың теңге). Ал кепіл зейнетақысын алу үшін неміс азаматы бір қызмет орнында кемінде 5 жыл қызмет етуі керек. Германия­да үкімет бекіткен арнайы ережелерді дұрыс ұстанған шетелдіктер де зейнетақыға қол жеткізе алады.

АҚШ-та ерлер 67 жаста, әйелдер 65 жаста зейнетке шығады. Бұл елдегі зей­не­тақы жүйесінің ерекшелігі – жергілікті ком­паниялардың бірінде 10 жыл жұмыс істеп қажетті сомманы жинап алуға болады. Сондықтан Құрама штаттардың көп азаматы бір кәсіпорында қызмет етіп-ақ 2-3 зей­нетақы көлеміндегі қаржы жинайды.

Америкалықтар зейнетақы қорына жа­лақысының 15 пайызын аударуы тиіс, оның жартысын қызметкердің өзі, жартысын жұмыс беруші төлейді. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та зейнет жасына жеткен адамдардың 30 пайызы қызметін әрі қарай жалғастырады екен.

Ал француздар 62 жаста зейнетке шыға ала­ды. Алайда ел билігі тұрғындарды 64 жас­қа дейін жұмыс істеуге ынталандыру тетік­терін қарастыруда. Мәселен, еңбек өтілі толық болған жағдайда француздар 1 мың еуро көлеміндегі кепілді зейнетақыға қол жеткізе алады. 2025 жылдан бастап 64 жас тепе-теңдік жасы деп бекітіледі де, сол жасқа толғандарға зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігі төлене бастайды.  Франция үкіметі 5 жылдан кейін 64 жас елдегі орташа зейнет жасына айналады деген сенімде.

Бір таңғаларлығы, әлемде зейнетақы мүлде берілмейтін елдер де бар. Бұл тізімнің көшін Танзания бастап тұр. Елдегі зейнет жасындағы адамдардың 95 пайызы өз­дерін асырау үшін соңғы демі қалғанша ж­ұ­мыс істеуге мәжбүр.

Соңғы жаңалықтар