Мемсыйлықтың міні неге көрінгіш?

Мемсыйлықтың міні неге көрінгіш?

Мемсыйлықтың міні неге көрінгіш?
ашық дереккөзі
Екі жыл сайын қазақ қоғамы бір дүрлігіп ба­­сылады. Әрбір дүм­пуді тудыратын бір күш бар десек, мемсыйлыққа қатысты әң­­гімені қоздатып отырған сол баяғы Мемлекеттік сый­лық беру­дегі әділетсіздіктің әсері секілді кө­рінеді.  Бір қызығы, ол мәселеде додаға түскен үміт­керлерден гөрі, сыйлыққа қатысы жоқ жұрттың даусы қаттырақ шығып жатады... Өткен ғасырдың 60-жылдарында әде­биет пен өнер саласында Абай атын­дағы республикалық сыйлық белгі­леніп, ол негізінен, сол саладағы көркемдік дең­гейі жоғары шығармалар жазған қа­лам­герлерге беріліп келгені мәлім. Әрине, олар­дың арасында социалистік реализм әдісімен жа­зылған шығармалардың айдарынан жел есіп, марапаттың көбі соларға бұйыр­ды, де­­г­енмен, ол құрметке ие болған қалам­гер­лердің дені әдеби ортада да, халық арасында да мойындалған ақын-жазушылар еді. Ал тәуелсіздік кезеңінде қа­лам­герлерге Мемлекеттік сыйлық берілген сайын кезекті лау­­реаттарға көңіл толмаушылық ашық кө­рі­ніп, «лайықсыз адамдар алды» деген әңгіме айтылмай қал­ған кезі аз... Мемлекеттік сыйлық беру – қалайда бір елдің әдебиеті мен өнерінің, ғы­лымы мен техникасының жетістіктерін та­нып, оны жасағандарға лайықты сый-сия­пат көрсетіп, мадақтап отыру үшін жа­сал­ған шара. Оның негізін салған КСРО де­генімізбен, соншалықты жаман үрдіс деуге келмейді. Бұрын ондай марапат мем­ле­кет­тің саясатын насихаттап, сол жолда тер төккендерді үлгі ету мақсатында берілсе, бү­гінгі тәуелсіз елімізде мемсыйлық иелері өз шығармаларымен ел саясатын мадақтауы шарт емес, тек көркемдік тұрғыдан озық, жаңа­шыл, толымды туындылар жасауы ке­рек деген талап бар. Қазақстанда 2008-2018 жылдар ара­лы­ғында әдебиет пен өнер саласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілсе, 2020 жылдан бастап ол сыйлық − «Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласын­дағы мемлекеттік сыйлығы» ретінде иелеріне жетпек. Ал әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сый­­лық 2015 жылдан бастап беріліп келеді. Абай атындағы мемсыйлықтың додасына кімдер түседі? Өткен аптада Мемлекеттік хатшы Қы­рымбек Көшербаевтың төраға­лы­­ғымен онлайн форматта 2020 жылғы Қа­зақстан Республикасының Абай атын­дағы әдебиет пен өнер саласындағы мем­лекет­тік сыйлығын беру жөніндегі комис­сияның алғашқы отырысы өтті. Отырыста әде­биет, кино, театр, музыка, сәулет және бей­нелеу өнері салалары бойынша аталған елі­міздің жоғары дәрежелі сыйлығына ұсы­нылған 39 автордың жұмысы қаралды. Со­ның 24-і ақын-жазушылардың туындылары. Анықтап айтсақ, мына қаламгерлердің шығармалары мемлекеттік сыйлық беру жө­ніндегі комиссияның қарауына жіберіл­ген:
  • Асқар Алтай, «Туажат» роман және хи­каят;
  • Баянғали Әлімжанов, «Сказ столетнего Степняка» романы;
  • Бибігүл Имангазина, «Тауқымет» романы;
  • Байбота Қошым-Ноғай, «Достық жо­рал­ғы» балаларға арналған аударма өлең­дер, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, ер­­тегілер жинағы;
  • Бақытжан Қанапиянов, «Достояние ду­ши» («Жан-дүние игілігі») өлеңдер жи­на­ғы;
  • Ғарифолла Есім, «Ғұлама-наме» трило­гиясы;
  • Жолтай Әлмашұлы, «Ащы да тәтті өмір» ро­мандар жинағы;
  • Жүрсін Ерман, «Ұларың қайда, Ұлытау?» өлеңдер жинағы;
  • Исраил Сапарбай, «Ойтұмар» афоризм­­дер жинағы;
  • Қуаныш Жиенбай, «Жер үстінде де жұ­­мақ бар» роман, әңгімелер жинағы;
  • Қайыржан Төрежанов, «Сыртқы бар­лау» та­рихи әдебиет;
  • Қазыбек Иса, «Сырымды айттым далаға» жыр жинағы;
  • Марал Ысқақбай, «Тұлғалар туралы тол­­ғаныс» сыни мақалалар, әдеби толғам­дар.
  • Мырзатай Жолдасбеков, «Ұлы Дала әдебиеті» жинағы;
  • Несіпбек Дәутайұлы, «Кісі иесі» повес­тер мен әңгімелер жинағы;
  • Оразалы Сәбден, «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» ой-толғамдар жинағы;
  • Роза Мұқанова, «Сарра» драматур­гия­лық шы­ғармалар жинағы;
  • Софы Сматаев, «Өлеңім-өзегім, Мәңгі жы­рым – өз елім» өлеңдер жинағы;
  • Серік Ақсұңқар, «Көкейімде – Күлте­гін­­нің жазуы» өлеңдер жинағы;
  • Сауытбек Абдрахманов, «Абыз Әбіш» тол­ғаныстар;
  • Тынымбай Нұрмағанбетұлы, «Пе­ріш­­­телердің өлімі» роман, әңгімелер жи­на­ғы;
  • Уәлихан Қалижан, «Қасиет пен қасі­рет» деректі тарихи романы;
  • Ханбибі Есенқарақызы, «Мен-дағы табиғаттың бөпесімін» өлеңдер жинағы;
  • Шөмішбай Сариев, «Сәлем, саған ту­ған ел» өлеңдер жинағы;
Ал енді бұлардың қайсысы мемсыйлық­тың аламан бәйгесіне қатысады дегенге ке­лер болсақ, ол жайында әзірге мәлімет жоқ. Комиссияның отырысы өткені жайын­дағы ақпарат құралдарына шыққан шағын ха­барда ол жайында «Комиссия отырысы ая­сындағы жасырын дауыс беру қоры­тын­дысы бойынша конкурстық іріктеудің шешуші кезеңіне өткен үміткерлер анықталды» деген ғана сөз бар. Сонда кімдер келесі ке­зең­ге өтті? Ол жайында мәлімет жоқ. Сосын біз Қазақстан Жазушылар Одағы жаққа мой­нымызды созып көрдік, ол жақтан хабар болмады. Одан соң Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшы­лығына қоңырау шалып, өзімізді таныстырып, мемлекеттік сыйлықтың іріктеу ке­зеңі­нен өткен авторлар жайында білгіміз ке­ле­тінін айттық. Телефонға жауап берген кісі «қазір анықтап алайын, кейін қоңырау со­ғыңыз» деді. Жарты сағаттан соң қайта ха­барласқанымызда «ол жайында мәлі­мет­тер ресми түрде баспасөзде жарияланатын бо­лады, содан аларсыз. Қазір оны сізге беру­ге басшылық рұқсат етпейді» деді. Түбі жария болатын нәрсені тура мемлекеттік құ­пия сияқты соншалық жасырғанына таң­ғалдық. Бірақ ел ішінде сөз жата ма, ұзын­құлақтан естуіміз бойынша, келесі кезеңге то­ғыз автор өткен. Олардың есімдерін ресми ақпарат шықпайынша біз де жарияламауды құп көрдік. Мемсыйлық комиссиясы неге көңіл бөлмей жүр? Сыйлықты мемлекет береді десек те, оның «құдайы» − мемлекеттік сый­лық беру жөніндегі комиссия. Демек, бір адам­дардың сыйлық алу, алмауын өздеріне ерек­ше құзырет берген екінші адамдар тобы ше­шеді деген сөз. Бірақ сол комиссияның әді­летсіздігі, көбіне лайықты адамды ко­мис­сияның іріктеу кезеңінен құлататыны жайын­да әңгіме көп.  width= Мысалы, шығармалары бұдан бұрын­ғы мемлекеттік сыйлыққа ұсыны­лып, комиссияның сынағынан «сүрініп» кет­кендердің арасында Софы Сматаев, Қуа­ныш Жиенбай, Сайлаубай Жұбатырұлы се­кілді көрнекті прозашылар мен Жүрсін Ер­ман, Жәркен Бөдеш, Исраил Сапарбай, Ға­лым Жайлыбай, Светқали Нұржан секілді белгілі ақындардың бәрі де сол сыйлыққа лайықты қаламгерлер. Ал тірі кезінде мемле­кеттік сыйлыққа ұсынылып тұрып, ала алмай кеткен Бердібек Соқпақбаев, Сағи Жиен­баев, Сәкен Иманасов, Рахымжан Отарбаев секілді ақын-жазушылардың шы­ғар­машылығы қай жағынан қарасаң да жо­ғары марапатқа ие болып жатқандардың ешқайсысынан кем емес. Сөйте тұра берілмейді! Бұл жайында қаламгерлер әр кезде ащы-ащы сөздер айтып жатады. Мәселен, белгілі ақын, мемсыйлық додасынан бірнеше рет құлаған Жүрсін Ерман осыдан сегіз жыл бұрын «Халық сөзі» газетінің тілшісіне бер­ген сұхбатында: «Прибалтика елдерінде ақын­дар біздегідей өзін сыйлыққа ұсын­байды. Тұрақты комиссия жыл сайын ақын-жазушылардың кітаптарын оқып отырып, лайықты деген авторға өздері береді. Ал біз­де Мемсыйлықты қарайтын комиссия ке­рек десең кітабыңды оқымайды. Қашанда қа­зақы әдетімізбен араға кісі салу, сақал бұлдаулар болады. Әрі фамилияңа қарап баға береді. Былтыр алпысқа келгенімде Серік Қирабаевтан бастап, сыншы Құлбек Ергөбек, ақын Ұлықбек Есдәулет, менімен бірге бәйгеге түскен Рафаэль Ниязбектер шығармашылығымды талдап, кемшілік жоқ екен деп құлаш-құлаш мақала жазды. Ертең Мемсыйлықтың мәжілісі болғанда, мұның бірі де ескерілмейді, білемін. Екіншіден, же­ке бастың араздығын салады», – деуі көңілге көп күдік ұялатады. Демек, мемлекеттік сыйлық беру кезінде бәйгеге қосыл­ған шығарманың сапасы емес, комиссия мүшелерінің авторларға деген жеке бас араз­дығы мен көңіл жақындығы да рөл ойна­й­ды деген сөз. Мемсыйлық мәселесіндегі тағы бір кілтипан сыйлыққа ұсынылған шы­ғар­малардың комиссия мүшелері тара­пы­нан оқылып, талданып, пікір қорытыл­май, үстірт бағалануы жайындағы әңгіме. «Қазақстан Республикасының әл-Фа­раби атындағы ғылым мен техника са­ла­сындағы және әдебиет пен өнер сала­сын­дағы мемлекеттік сыйлықтары туралы» Қа­зақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 993 Жар­лы­ғы­на өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2020 жылғы 24 наурыздағы қаулы­сымен Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі ко­миссияның құрамы бекітіліпті. Комиссия құрамында 50 адам болса, соның 18-і ғана қа­ламгерлер. Олардың арасында екі-үшеуі орыстілді қаламгерлер. Сонда, бүкіл комиссияны былай қойғанда, әдеби шығар­маларды оқып, бағасын беретін негізі 15 шақты адамның өзі жұмысын толық атқара ала ма? Әдеби шығармаға комиссия құра­мын­дағы 50 кісінің бәрі дауыс береді, ал ма­ман еместер мамандардың пікіріне сүйе­ніп, дауыс бере салса, оның несі комиссия, оның несі әділет? Біздіңше, талай мықты қаламгерлердің жігерін құм қылып жүрген ко­миссияның осы әрекеті жалғаса берсе, жуық арада даудың тыйылуы қиын... Содан кейін әдеби шығармаларға ар­налған сыйлықтың кейбір әдеби жанрларда жазылған туындыларға шекеден қа­райтыны бар. Мәселен, қазақ әдебиетін­дегі сын, драматургия саласында аз ғана шы­ғармалар мемсыйлықпен марапатталса, сатиралық туындылар мүлде алмаған, ал ба­лалар әдебиеті бойынша осы кезге дейін жал­ғыз автордың кітабы ғана мемсыйлыққа ие болған. Ол − 1984 жылы «Аспандағы әп­ке» атты жинағына мемлекеттік сыйлық ал­­ған Мұзафар Әлімбаев қана. Өкініштісі сол, Бердібек Соқпақбаев, Машқар Гумеров, Молдахмет Қаназ, Марат Қабанбай секілді қа­зақ балалар әдебиетін дамытуға еңбегі сің­ген көптеген жазушы марапаттаудан сырт қалды. Ал биылғы мемсыйлыққа ұсы­ныл­ған кітаптардың арасында балаларға арналған жалғыз туынды Байбота Қошым-Ноғайдың «Достық жоралғы» атты кітабы бо­латын... Жалпы, балалар әдебиетінің көр­нек­ті өкілдерін өзге елдерде жоғары бағалайды. Мәселен, кеңестік кезеңде балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Самауил Мар­шақ Ленин атындағы сыйлықтың және төрт рет КСРО мемлекеттік сыйлығының лау­­­реаты болған. Мемсыйлық лайықтыларға бұйырса... Қашанда талантты қаламгерлерін жо­ғары бағалайтын халық өздері­нің сүйікті қаламгерлерін, талантты ақын-жазушыларды дәрежелі сыйлық алып, тірі кезінде құрметке бөленгенін қалайды. Бірақ халықтың пікірімен санасып жатқан кім бар?! Дегенмен қазақ елі тәуелсіздік ал­ған­нан бергі жерде кейбір дарынды тұлғаларға өл­геннен кейін Мемлекеттік сыйлық бе­ріліп, әділет қалпына келтірілгендей болған. Мұқ­ағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Шәмші Қалдаяқов секілді қазақ халқының даңқты перзент­терінің қайтыс болған соң өз елінің жоғары марапатының иегері болуы ұлт мерейін көтерер іс болғаны анық. Өкініштісі, тірі кезінде әділ бағасын алмаған қазақтың талантты перзенттері бұлармен шектелмейді. Бұл жайында көрнекті ақындарымыздың бірі Байбота Қошым-Ноғайдың: «Бәрін бір­дей сөз етпей-ақ қояйын... Егер мемлекет­тік сыйлық шын мәнінде дарынды, талантты адамдарды бағалаудың көрсеткіші болса, қолдан жасалған шартты бұзып Мұқағали Ма­қатаев пен Жұмекен Нәжімеденовке қай­тыс болғаннан кейін Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік сыйлығын берген се­кілді. Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Жүсіп Қыдыров, Сәкен Иманасов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жұматай Жақыпбаев, Әбдіраштың Жарасқаны секілді қазақ әде­биетінің көсегесін көгерткен марқұм ақын­дарды да осы сыйлықпен марапаттауы керек еді ғой. Ал тірілердің арасында әділетсіздік сал­танат құрып, жасай береді!..», – деп ашына жазуы көп нәрсені аңдатқандай. Жалғыз әдебиет қана емес, өнерде де лайықты марапатқа қол жеткізе алмай жүрген тұлғалар көп, кейбірі ара­мыз­дан кетіп те жатыр. Әндерін бүкіл ха­лық сүйіп тыңдайтын композитор Кеңес Дүй­секеев те солардың бірі. Тірі кезінде мемлекеттік сыйлыққа төрт рет ұсынылып, төртеуінде де атақты композитор сыйлық беруші комиссияның сынынан өтпей қалды... Ол жайында белгілі сатирик Көпен Әмір­бек өзінің әлеуметтік желідегі парақ­шасында мынадай жазба қалдырыпты: «Алматы» телеарнасының ұйымдастыруы­мен дүниеден озған дүбірлі композитор Кеңес Дүйсекеевтің рухына арналған «Сәуле-ғұмыр» атты 50 минуттық хабарға қатысып қайттым. Өнер өлкесінде жүрген бір­талай жұлдыздар мен қоғам қайрат­керлері Кеңес ағаны сағынышпен еске алды. Талай әншілердің бағын ашқан талантты композитордың бір ғана «Қарағым-ай» әні Димаш Құдайбергеннің орындауында қазақ халқын әлемге әйгілеген жоқ па? Осы әні үшін Кеңес Дүйсекеевті Мемлекеттік сый­лық­қа ұсыну туралы мәселе қойылды. Негізі өте орынды ұсыныс. Мінезі тік, қара қылды қақ жарып сөй­лейтін еді ғой. Сол шатақ мінезі үшін де талай сыйлықтан айырылғанын бі­лем...». Несін жасырамыз, бүгінде таза әде­биет пен саф өнердің қадірі кетің­кі­реп, оның орнын бұқаралық мәдениетке иек сүйейтін сыпсың сөз бен даңғаза музыка басып барады ғой. Осындай жағдайда мем­лекет тарапынан талантты тұлғалардың ең­бегі лайықты бағасын алса, қазақтың ұлт­тық сөз өнері мен саз өнері сақталып, ру­хани тоқырауға ұшырамай, іргелі елге айналар ма едік деп армандайсың. Қалай десек те, мемлекеттік марапат –мемлекеттің беделін көтеретін бас­ты шаралардың бірі. Сондықтан мемлекет басқарғандар да оны лайықты тұлғаларға табыс етіп, әділеттен сүрінбесе, халық та мем­лекеттік сыйлықтың берілуінен мін із­дей беретін мысқылшыл мінезден арылар ма еді дейміз.

Ахмет  ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ