Атажұрттан жеткен ән шашу

Атажұрттан жеткен ән шашу

Атажұрттан жеткен ән шашу
ашық дереккөзі
Таяуда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен  шетел­дегі қандастарға арналған «Ұлы дала елі­нен» деген онлайн концерт өтті. Айтулы шараны Дүниежүзі қазақ­тары­ның қауымдастығы, «Отандастар қоры» жә­не «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп ұйым­дастырды. Өнерімен талайы тамсандырған TURAN этно-фольклорлық ансамблінің бұл жолғы онлайн концертін де көрермен қауым жо­ғары бағалады. Өнерпаздар халық ұлттық му­зыкалық мұрасын жаңғыртып, ұмыт бола бас­таған төл аспаптардың сүйемелдеуімен өз­дерінің үздік туындыларын тыңдарманға ұсын­ды. Көненің көзіндей сақталған дәстүр­лі әуендерді заманауи жаңа форматта қайта жаң­ғыртты. Өнер әлемінің табалдырығын ат­таған 12 жыл ішінде әлемнің 70 еліне гастро­льдік сапарға шығып, 600-ден астам же­ке концерт берген. Ұлт мәдениетінің да­муына зор үлес қосып жүрген ансамбл мү­ше­лері Серік Нұрмолдаев, Мақсат Ме­деу­бек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев сынды таланттарымызды айрықша атап өтуге болады. – Әлемнің 44 мемлекетінде біздің қандас бауыр­ларымыз тұрады. «Ұлы дала елінен» деген концерт шеттегі ағайынды қолдауға ар­­налады. Басты мақсатымыз – әлемді дүр­ліктірген індет кезінде шетелде тұрып жат­қан барша қандастарымызға медеу болып, рухани тұрғыда демеу беру, сондай-ақ қазақ тілін меңгеру және салт-дәстүрімізді дамыту. Жұқпалы індетке байланысты бірқатар жо­баға түзетулер енгіздік. Бұл – үлкен жоба­мыз­дың алғашқысы. Жоспарымызда тағы осын­дай екі концерт ұйымдастыру бар, –  дей­ді «Отандастар қорының» вице-прези­ден­ті Мағауия Сарбасов. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнер­паз­дар концерті шетелдегі қазақ диаспорасын қол­дауға, қандастармен мәдени және рухани бай­ланысты нығайту мақсатында өткізіледі. – Сіздерге өзіміздің өнерімізді паш ет­келі отырғанымызға қуаныштымыз! Көңі­лі­міз толқып, қуанып отырмыз. TURAN этно-фольклорлық ансамблі 2008 жылы құрылған. Ол кезде топ мүшелері жап-жас консерва­то­рия студенті едік. Одан бері міне 12 жыл өтті, біраз жетістікке жеттік. Өнеріміздің ар­қа­сында әлемнің біршама жеріне бардық. Қа­зақтың ұлттық аспаптарын барған жерімізде кеңінен таныстырдық. Басты мақсатымыз – ұлттық өнерімізді насихаттау, –  дейді TURAN этно-фольклорлық ансамблінің мү­ше­сі Мақсат Медеубек. Шетелде тұрып жатқанымен, қандастар Қазақстандағы жағымды жаңалықтарды қалт жібермей бақылап, қуанышымызбен бөліседі. Алыстағы ағайын атажұрттан әуе­леп жеткен музыкалық сәлемді қабыл алып, жы­лы лебіздерін жеткізді. Гаухар ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ (Иран): – «Отандастар қоры» он­лайн концерт бо­лады» деп хабарлағанда ата­жұрт­тан жет­кен жаңа­лық­­ты асыға күткен жайымыз бар. Та­ным­дық мәні зор, санадағы образдарды қай­та жаңғыртып, рух берген концерт бол­ды. Бұл топ шет елдерде «Қазақ елінікі» деп мақ­танып, таныстыруға лайықты музыкалық туын­дылар ұсынып жатқанына қуаныш­ты­мын. Орындаушылар мен ұйымдастыру­шы­лар­ға мың да бір алғыс! Шабан Серкан ДИНЧТҮРК (Түркия): – «Отандастар қоры», Дү­ниежүзі қазақ­тары­ның қауымдастығы,  «Қа­зақ­концерт» ұйы­мы қан­дастарымыз үшін тамаша бір кон­церттік жобаны ұсынды. Жүрегімізге жі­гер, жанымызға рух берген ұлттық аспап­тары­мыздан орындалған музыкалық тар­туды зор ықыласпен қабыл алдық. Жүрегіміз тебіреніп, көңіліміз босап онлайн өткен концертті тамашаладық. Қандастар атынан ұйым­дастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Осындай шаралар жиі ұйым­дас­тырылып тұрса деген тілегімді жеткізгім ке­леді. Торғын ТӘШЕНОВА (Ресей): – Қазіргі уақытта ұмыт бола бастаған ұлт­тық аспаптарымыздан сан түрлі әуен­дер шер­тілді. Шеттегі қандастарға осындай ұлт­­тық дәстүрімізге тән рухани шараларды көп­­теп ұйымдастырса дегім келеді. Себебі ата­жұрттағы бауырларымыз бізге арнап өткізген кез келген шара қуаныш сыйлай­ды. Онлайн өткізілген концертті көре алмаған қандастарымыз қордың Youtube желісіндегі Otandastar channel каналынан көре алады.