Байда қайыр болса, кедейде мейір болар

Байда қайыр болса, кедейде мейір болар

Байда қайыр болса, кедейде мейір болар
ашық дереккөзі
Қай заманда да дәулетті азаматтар аз болмаған, бірақ олардың ішін де еліне қамқор болып, жоқ-жітікке қарасқандары ғана бай саналып, қайырымдыларының ғана аты шыққан. «Кімнің бай болғысы келмейді − құдайы қолдамайды, кімнің би болғысы келмейді − халқы сайламайды» демекші, елдің бәрі байығысы келгенмен, байлық оңай жерден табылмайды. Пайданың көзін тапқан, ісін ұқсата білгендер ғана дәулеттілер қатарына қосылады. Ал олар халқына жақын болса, қоғамдағы теңсіздік азайып, берекелі тірлік көбейері анық. Еліміз КСРО-ның құрамынан шығып азаттық алған бетте күллі әлемде қазаны қайнап жатқан нарықтық экономикаға бет бұрды. 70 жылдан астам социалистік жүйеде тірлік кешуге үйренген халық үшін енді бәрін мемлекет шешіп бермейтін заманда «өз күніңді өзің көр» қағидасы ауыр тигені анық еді. Дегенмен сауданың ебін, бизнестің бабын тапқандар аз жылда қиындықты еңсеріп, қалталы азаматтарға айналды. Олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінгі Қазақстанда миллиардерлер де, мультимиллионерлер де баршылық. Олардың арасында түрлі мәдени шараларға демеушілік жасайтындар да аз емес. Бірақ қарапайым жұртқа, әсіресе, ауылдық жердің халқына көмек қолын созып, ауыл шаруашылықтың қан тамыры − қазақ ауылдарын сақтап қалуға себі тиіп жатқандары кем. Ал қазір «болашағы жоқ» деген желеумен қаншама қазақ ауылының орнында қаңыраған жұрты қалды.
«Кезінде бір ауылды бір бай асырап, бір ақсақал ақыл айтып басқаратын. Халықтың қаржылық сауатын арттыруда, нарыққа бейімдеуде ұлттық бур жуазия жұмыс істеу керек еді», − дейді белгілі көсемсөз зергері Қали Сәрсенбай.
Барлық саладағы тізгін жекеменшікке беріліп жатқан мына заманда қолында ештеңе жоқ, қорғансыз қалған халық кәп. Ол билік басында жүргендерді де, дәулетті азаматтарды да ойландыруы тиіс. Баяғының байлары қалай еді? Құрылғаннан бастап дәулетті адам­дардың мал-мүлкін, капи­талын тартып алып, оны мемлекет мен­шігіне өткізумен шұғылданған Кеңес өкі­меті тұсында баю, бай атану қара­лан­ды. Байлар тек өзгенің еңбегін қанау ар­қылы байиды дегенді адамдардың миы­на сіңіріп, байлық атаулыдан без­діруге күш салды. Барлық күшті мем­лекеттің басқаруына шоғырландырып, жеке адамдарды емес, мемлекетті ғана байытуды көздейтін социализмнің идео­логиясының өзіне қызмет еткенін тү­сінуге болар, бірақ жеке тұлғалардың жан-жақты дамып, өзінің қабілеті мен атқарған ісіне сай байлыққа ие болуына кедергі келтіріп, табыскерлікті ман­сұқтады. Кеңес өкіметі орнамастан бұрын­ғы кезде өмір сүрген қазақ бай­лары өзіне біткен дәулетті халқымен бө­лісіп, «бір байдың бір ауылды асыра­ға­ны» шындық. Яғни, бір адамға біткен байлық бүкіл бір әулетті ішер ас, киер киім­мен қамтамасыз етіп, қоғамда қайы­рымдылық пен қамқорлық бедел бол­ған. Ол кездегі байлардың бәрі әйтеуір ма­лы көп, малдан басқаны біл­мей­тін надан емес-ті. Ауыл-елдің ас-ауқа­ты мойнында болған байлардың ақы­сын төлеп, молда ұстап елдің бала­сын оқытуы қалыпты жағдай еді. Көзі ашық оқығандары елді сауаттандыруға күш салды. Қазақ даласынан шыққан алғаш­қы педагог Ыбырай Алтынсарин де дәулетті адамның отбасында тәр­бие­ленген. Нағашысы Балғожа би оны оқы­тып, халықтың баласын сауаттандыру жолын­дағы істерін қолдап-қуаттаған. Баянауыл дуанының аға сұлтаны бол­ған атақты Мұса Шорманұлы да Омбы, Павлодар шаһарларында ба­лалар үйінің, тілмаштар даярлайтын қа­зақ мектебі мен қазақ қыздарына ар­налған мектепті өз күшімен ашқан аза­мат еді. Сондай-ақ ол Баянауылда ме­шіт құрылысын ұйымдастырып, мед­ресе ашты. Сібірден 60 мыңдай қазақты кө­шіріп әкеліп, өзі билеген округке қо­ныстандырған. Қазақ тарихында орны бар тұлғалар Шоқан Уәлиханов пен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының азамат­тық тұлғасының қалыптасуына үлкен әсер еткен. Медицинаны пайдалануды білмей, халық шешектен қырылып жатқанда ел арасында шешекке қарсы егу шараларын ұйымдастыруға мұрын­дық болып, мыңдаған қазақты ажалдан аман алып қалған Мұса Шорманұлының азаматтық ерлігінің өзі бір аңыз. Қазақтың тағы бір ірі тұлғасы, жо­­ғарыда айтып кеткен М.Шор­манұлы­ның замандасы және сонымен қатар Қарқаралы дуанының аға сұл­таны болып ел билеген Құнанбай Өс­кен­б­айұлы да халқына жасаған әдеттегі жақсылықтарын айтпағанда, Қар­қара­лыда мешіт, қажылыққа барған са­парында Меккеде қазақтан қа­жы­лыққа барғандар тұратын орын − Тәкиенің құрылуына мұрындық болған. Ал Құнан­­бай балаларының елге жасаған қайырымдылығы жөнінде әңгіме ел ішінде әліге дейін айтылады. Одан бері келсек, XIX ғасырдың бірінші жартысында дүниеге ке­ліп, ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген Маман қажы Қалқабайұлының дәулетті ұрпақтары жасаған қайырым­дылығының мән-мағынасы туралы әңгі­менің өзі ұлт мерейін көтерер іс­тердің шежіресіндей. Маман қажының ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есен­құлдар Жетісу жерінде қазақ бала­лары­на арналған «Мамания» мектебін сал­дыруы қазақ меценаттарының хал­қына жасаған үлкен жақсылығы деуге болады. Ал Есенқұл Мамановтың қазақ баспа­сөзі мен әдебиетінің дамуына қолдау жасауы – үлкен азаматтық. Мәселен, ол 1915 жылы «Қазақ» газетіне қаржылай жәрдем беріп, алғашқы қазақ роман­дарының жазылуына да бәйге жариялап, жазба әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан. Жалпы айта берсек, тарихы­мыз­дан қазақ байлары жасаған мұндай игілікті істерді көптеп табуға болады. Демек, қазақ байларының бойын­да меценаттық қасиет ежелден бар деген сөз. Ол жол бүгінгі бай-бағы­ландарымызға да үлгі болса...  width=Бауыржанның беделін өсіріп, жақсылықты жарқыратқан – меценаттық Ел болған жерде байлардың болатыны белгілі, десе де оның ішінде қайырымдылықпен атын шығарып жүргендері онша көп емес. Бірақ мыңға татитын бір адамның өзі ел-халқы үшін тер төгіп, дәулетін игі істерге жұмсаса, соның өзі мемлекеттің дамуына, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына үлкен әсер етеді. Сондай жолда жақсы істерімен көрініп жүрген азаматтың бірі − белгілі қазақ кәсіпкері, меценат Бауыржан Оспанов. Алматы Энергетика институтын бітірген ол еңбек майданына араласқалы бері бірнеше бизнес жобаларын сәтті іске асырды. 2018 жылдан бері ZHERSU ин­вестициялық-өндірістік корпо­рация­сының бақылау кеңесінің төрағасы, Қа­зақ­станның ең бай елу адамының қа­тарында. Алматы облысының тумасы Бауыр­жанның жеке адамдарға жа­саған жақсылығын айтпағанда, тұтас елге істеген қызметтерінің өзі кісі қы­зығарлықтай. Ол өзі туып-өскен Алакөл ауданы, Жыланды ауылында қараусыз қалған кинотеатр, спортзал, кафе, көп­шілік демалатын орындарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл­дастарының сапалы білім алуы үшін қаладан білікті мамандар шақырып, олар­ды тұрғын үймен қамтамасыз етті, ай­лықтарын көбейтіп берді. Ең ке­реметі, Бауыржан ауылдастарын алко­голь­дік ішімдіктерден бас тартуға үн­деп, күн сайын тегін қымыз таратып отыр. Ұлтының жанашыры, кәсіпкер, атақты қазақ боксшысы Қанат Ислам­ның елге оралуына себепші бо­л­ды. Қазір ол кәсіби бокс алаңында атой салып жүрген Қанат Ислам мен Жан­қош Тұраровқа демеушілік жасап, олар­дың жеңіске жетіп, еліміздің атын шы­ғаруына барлық жағдай жасап отыр. Сон­дай-ақ ол қазақ қыздарынан шық­қан бокстан Әлемнің екі дүркін чем­пионы Назым Қызайбайға темір тұлпар сыйлап, үй салып берді. Бауыржан Кеңесбекұлы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе оты­рып, бірнеше жыл балалар қалам­гер­леріне арналған «Дарабоз» әдеби сый­лығын ұйымдастырып, жеңім­паз­дарын мол ақшалай сыйлықпен мара­паттап, бәйге алған шығармаларды жыл сайын кітап қылып шығарып, тегін та­ратты. Кейінгі дәуірде халқына жақ­сы­лық жасаумен аты шыққан тағы бір меценат қазақ балуандарынан шық­қан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақ­сылық Үшкемпіров болды. Еліміздегі көп­теген миллиардермен салыстыр­ғанда аса бай адам деуге келмесе де, бір ба­сына жететін қаржысы бар атақты спортшы мал шаруашылығымен ай­налысып, табыс тауып, өмірінің ақы­рына дейін халқына жақсылық жасау­мен болды.
Жақсылық Үшкемпіров осыдан үш жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып тұрып: «Осы, елімізде көп болса бес мыңнан аса ауыл бар шығар. Ең болмаса, сол бес мың ауылды қазақтың бес мың жігіті көтеріп жіберсек, содан асқан қандай бақыт керек? Міне, мен соны ойлаймын, аға», − деген еді Елбасына арманын айтып.
Алматы облысы, Жамбыл ауда­нын­дағы алты мыңнан аса тұр­ғыны бар Мыңбаев ауылының көркеюі­не мол үлес қосқан Жақсылық Үшкем­піров зейнетке шыққаннан кейін осы елді мекенге жақын жерде мал өсіріп, халықты жұмыспен қамтамасыз етті. Ардагер спортшы қазақтың ақ бас сиыры мен  қой, жылқы өсіріп, ауылдың әл-ауқатын көтеруге көп көмегін тигізді. Бұқаларын бордақылап ел ішіне ғана емес, көрші елдерге ет экспорттаумен айналысты. Малының басын көбейтіп, табысын молайтқан палуан-кәсіпкер Мыңбаев ауылына газ құбырын тартып, ауыл халқын көгілдір отынға қарқ қыл­ды. Мың орындық балабақша са­лып, спорт кешенін тұрғызды және иесіз қаңы­рап қалған ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, көптеген жас от­басыларға баспана салып берді. Бұл ісін Жақсылық аға туған жерді көтеру, мем­лекетімізді көркейту жолындағы қол­қабыс деп түсіндіретін. Күні кеше ғана арамыздан мезгілсіз кетіп қалған қа­зақтың даңқты палуаны бір кезде спорт арқылы елінің атын шығарса, кейін іскерлікпен шұғылданып, кәсібімен еліне қалай жақсылық жасаудың үлгісін көрсетіп кетті. Демек, қазақ жерінен шыққан әр іскер азамат бір ауылды көтерсе, елі­міздің дамуы мен ауызбірлігі артып, күшті ұлт, мықты мемлекет болу сон­шалық қиын болмас еді ау деп ой­лай­сың... Қазақ кәсіпкері патриот болса... Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында кә­сіп­керлер мен меценаттарды әлеумет­тік қамсыздандыруға белсене қатысуға ша­қырған сөзінде ел Үкіметі барлық көп­балалы отбасыға табысына қара­мас­тан, жәрдемақы төлейтінін, тұрмысы тө­мен отбасылардың балалары кепіл­дендірілген әлеуметтік пакетпен қам­тылып, мектепке дейінгілерге азық-тү­лік жиынтығы мен қажетті тауарлар бе­рілетінін, сондай-ақ оқушылар мек­тепте тегін ыстық тамақ, мектеп фор­масы мен оқу-құралдарымен қамты­лып, жол жүру ақысы төленетінін айтқан Мемлекет басшысы: «Әрине, мұның бәрі мемлекет есебінен. Бізге отандық биз­несмендер немесе былайша айтқанда, ұлттық буржуазия қолдау көрсеткенін қалар едік», − деген болатын. Бұл арқы­лы Президент Қазақстанда қайырым­ды­лық институтын қалыптастыру қа­жет екенін көрсетіп отыр. Әрине, ел тәуелсіздігі арқасында қар­жылы алпауыттарға айна­лып, әлемге аты шыққан қазақстандық миллиардерлер мен миллионерлер тап­қан табысының бір бөлігін халықпен бөлісіп, қайырымдылық жасаса несі айып? Қит етсе, АҚШ пен Еуропаны үлгі қы­лып сөйлейтін отандық миллиар­дер­лер сол елдегі өздері деңгейлес адамдар­дың халқына қалай жақсылық жасай­тынын үлгі етсе ғой! Мәселен, АҚШ байлары қайы­рым­дылық акцияларына тұ­рақ­ты түрде қатысып, түрлі қайы­рым­дылық қорларына мол қаражат құйып отырады. Өйтпеген жағдайда ондай адам­дарда бедел болмайды. Ал қайы­рым­дылыққа ақша жұмсаған байлар ха­лық тарапынан құрметтеліп, мем­лекетке салық төлеуден босайды. Сон­дықтан аттары Forbes тізімінен түс­пейтін дәулеті судай тасыған азаматтар өзіне жағдай жасап отырған елге пайдасы тиіп, іскерлігін ізгілікпен көркейтсе, өзіне абырой, халқына жақсылық болар еді. Адам ақшасының көптігінен емес, адам­гершілігінің молдығымен ғана мық­ты ғой.

Ахмет ӨМІРЗАҚ