Қазипа Мұхаметқали: Елге «не аламын?» деп емес, «не беремін?» деп келдім

Қазипа Мұхаметқали: Елге «не аламын?» деп емес, «не беремін?» деп келдім

Қазипа Мұхаметқали: Елге «не аламын?» деп емес, «не беремін?» деп келдім
ашық дереккөзі
Бүгінде атажұртқа келіп, өз кәсібін жүргізіп отырған іскер қандастарымыз аз емес. Еуразия ди­зайнерлер одағының мүшесі, этнодизайнер, Нazifa брендінің негізін қалаушы, «Ұлттық бренд» сыйлығының иегері – Қазипа Мұхаметқали солар­дың бірі. Отанына оралып, еңбек жолын шағын ғана тігін ательесін ашудан бастаған ол – бүгінде іс­кер­лік әлемінде өз қолтаңбасын қалыптастырған кә­сіпкер. Ұлттық ою-өрнектеріміздің бай мұрасын бүгінгі көзқарас пен талғамға сай түрлендіріп, сұра­нысқа ие жоғары сапалы өнім өндіріп, көптеген адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Талай қиындық пен сы­наққа мойымаған батыл, ұлтжанды, еңбекқор жан­мен аз-кем сұхбаттасқан едік. – Қазипа Қалиқызы, атажұртқа қашан, қай жақтан көшіп кел­діңіз? – Мен Қытай Халық Республикасының Ал­тай қаласында тудым. Мектепті, жоғары оқу орнын сол жақтан тәмамдадым. Сол жақ­та мемлекеттік мекемеде жұмысым да бол­ды. Елге келу үшін Алматыдағы аграр­лық университетке аспирантураға  құжат тапсырып, оқуға түстім. Сөйтіп, 1997 жылы бір­жола көшіп келдім. Көші-қон бойынша қиын­дықтар болған жоқ. Ол кезде елге орал­ғандарға арнайы жәрдемақы, квота, үй де берілетін. Бірақ мен ешқандай құжат жи­намадым. Бір жағынан, «не аламын?» емес, керісінше «мен Отаныма не бере ала­мын?» деген ұстанымым болды. – Елге келгеннен кейін немен ай­налыстыңыз, бірден өз кәсі­біңіз­ді аштыңыз ба? – Иә, аспирантурада оқып жүріп, өз кү­шіммен шағын бизнес бастадым. Бір бөл­мелі пәтер жалдап тұрдым, сол жерде тігін­шілікпен айналысып, «Әз сән» атты ателье аштым. 1999 жылы ательемді кеңейт­тім, заңды түрде тіркедім. 2001 жы­лы 40-қа жуық адамды жұмысқа алдым. Қа­зақ әйелдеріне жұмыс беріп, еңбекке ара­ласуына ықпал ету – менің сол кездегі мақ­сатымның бірі еді. Ұжыммен жұмыс іс­теу де оңaй емес қой. Тaпсырыс түскенде жи­нaп aлып, тaпсырыс aзaйғaндa тaрaтып отыруғa дәтім бармады. Сол үшін өзіме се­рік­тестер іздедім. Шaпқылaп жүріп 14 сауда нүктеcімен жұмыс істеуге келісім aл­дым. Осылaйшa, қол aстымдaғы қызмет­ші­лерімнің де жұмыс орнын сaқтaп қaл­дым. Одан соң «Азия дауысы» фестивалі ая­сында ХІ халықаралық жас модельер­лер­дің байқауында бас жүлде бұйырып, кә­сібім одан әрі өрлей түсті. Алматыдағы «Сым­бат-сән» академиясында оқыдым. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан болған оқыс жағдай  бір-ақ сәтте өмірімді түбе­гей­лі өзгертті. 2000 жылы аяғым ауыр жара­лан­ды. Бар қаражатым ем-домға жұмсалды. Та­лай ауыр оталар жасаттым. Кәсібім де тұ­ралап қалды. Солайша төрт жыл бойы ор­нымнан тұра алмай, төсек тартып жа­тып қалдым. Бірақ сол кезде де құр жата ал­мадым, орыс тілін үйреніп, одан әрі да­мы­туға бар күшімді салдым. Аяқталмаған оқуым­­ды үйде отырып өз бетімше жалғас­тырдым, киімді кесіп-пішу технологиясын қытай теориясымен салыстыра отырып, «Киімді кесіп-пішудің қысқартылған үш өлшем теориясы» деген кітабымды жаздым. Қайтадан аяққа тұрған кезде алдыңғы кә­сібім бұрынғысынша жақсы жүрген жоқ. Ол кезде елде Қырғыз Республикасы, Түр­кия сияқты елдердің тауарлары көптеп таралып кеткен еді. Мен оған, өкінішке қа­рай бәсекелесе алмадым. Ғимараттарды жал­ға алу бағасы да біршама шарықтап кет­кен. Қазақ тіліндегі сән журналын аш­қым келді, бірақ оған да аса қызығушылық бол­мады ол уақытта. Содан туризм сала­сында біраз жұмыс істедім. – Қолөнерге, өзіңіздің сүйікті кә­сібіңізге қалай оралдыңыз? – 2008-2009 жылдары өз кәсібіме қайта кел­дім. Сонымен бірге түрлі менеджмент курс­тарында оқыдым. Қытайда бастау ал­ған «Ұлттық үлгідегі үй бұйымдары» атты шығармашылық жобамды қайтадан қолға алып, түрлі ою-өрнектерді зерттеп, үлгі­ле­рін жасаумен төрт жылдай айналыстым. Кейін мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істедім. 2004 жылы мектеп формасына қа­тысты жаңа заң қабылданып, мектеп оқу­шы­лары арнайы форма киетін болды. Мек­теп формаларын тіктік, біраз жобалар­мен жұмыс істедік. Кейіннен Aлмaтыдaн «Қуырдaқ» aтты aс­хaнa aшып, ол жерде қуырдaқтың 20 тү­рін ұсындық. Дeгeнмeн бұл кәсіпте ұзaқ тұрaқтaп қaлуды мaқсaт eтпeдім. Кәсіппен айналысып жүріп тез шешім қабылдауға, тез әрекет етуге үйренеді екенсің. 5-6 айдың ішінде бірaз қaржы жинaп, ұлттық нaқыштaғы үй бұйымдaрын жaсaуды қолға алдым. Сөйтіп, қазіргі Hazifa  жоғары сапа­лы үй бұйымдары брендінің негізі қаланды. Көптеген шетелдік тауарлармен иық тірестіре алатындай бұйымдар жасаймыз деп сеніммен айта аламын. 2016 жылы Астанада Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дық мерейтойына орай «Ұлы дала мұрасы» атты алғашқы шығармашылық көрмеміз өтті. Көрмеде ою-өрнектері қай­та­ланбайтын 25 түрлі тұскиіз картинасы және 25 метрлік кестелі қызыл жол кілем­шесі көрермен назарына ұсынылды. «EXPO-2017» аясында Тәуелсіздік сарайын­да «Ұлы дала мұрасы» көрмесінің екінші бөлімі қойылды. Онда көрермен назарына ұлт­тық үлгідегі үй бұйымдары, ұлттық на­қышта тігілген перделер, дастархандар, жас­тықтар мен көрпешелер, тұскиіз карти­налары мен қоржын сөмкелер қойылды. – Отандастарға деген сезіміңіз, қан­дастарға, жерлестерге айтар ле­бізіңіз қандай? – Мен қайда барсам да, қайда жүрсем де ұлттық ою- өрнектерімізді дәріптеуге, на­сихаттауға, заманға сай етіп қайта жаң­ғыртуға тырысамын. Ою-өрнек біреуге қызық, біреуге таңсық, біреуге шимай болып көрінетін шығар. Ал сол шимай менің өмірімді жаңғыртты. Соның арқа­сында есімді жинап, ұмытқанымның бәрі санамда қайта жаңғырды. Өмірге көз­қара­сым өзгерді,  мақсатымды айқындадым. Жар­қын болашақтан үміт күттім,  арман­дай алдым.  Екі аяғымды тең басып, орным­нан тұрдым, таянған балдағымды қоқысқа тастадым. Сол ою-өрнектің арқасында этно-дизайнер болдым, Еуразия  дизай­нер­лер одағының мүшесі атандым, Еуразия ди­зайнерлер одағының «Құрметті дизай­нері» төсбелгісін тақтым. Сол ұлттық на­қыш­тарымызбен алда әлі де талай биік­тер­ді бағындыратынымызға, ұлттық құнды­лық­тарымыз брендке айналатынына се­нім­дімін. Менің түсінігімде, ұлтыңды сүю – сол ұл­тыңның салт-дәстүрі мен құнды­лық­тарын жоғары бағалаумен өлшенеді. Заман талабына сай ою-өрнектермен кестеленген  ұлт­тық бұйымдарымыздың кез келген бір нұс­қасы туған халқымның кәдесіне жара­са, еңбегімнің ақталғаны деп білемін.  

Сұхбаттасқан Ділда УӘЛИБЕК