Цифрлық қоғам құрудың ауылы алыс па?

Цифрлық қоғам құрудың ауылы алыс па?

Цифрлық қоғам құрудың ауылы  алыс па?
ашық дереккөзі
Коронавирус пандемиясы қоғамдағы көп саланың кем­шін тұстарын анық көрсетіп бер­ді. Біз шешімін тапты деп жүр­­ген талай мәселе қайта жо­лы­­мыздан шыға келді. Әу деген­нен-ақ мұндай жағдайларға дайын еместігіміз, әсіресе цифр­лан­­дыру үдерісінің ақсап тұр­ғаны қатты байқалды. Тізіп айтар болсақ, наурыз айын­да қашықтан оқытуға көш­­к­ен білім беру мекемелерінің жұ­­мысы бірден дөң­гелеп кете қой­ма­ды. Себеп – кей ай­мақ­тарда әл­сіз, кей жерлерде мүлдем тар­тыл­­ма­ған интернет дейтін игілік. Елі­міз­дегі интернет 2,5 миллион оқу­шы­ны он­лайн оқытуға қауқарсыз бо­лып шық­ты. Мектеп оқушы­ла­рын бұлайша оқы­ту­дың мүмкін емес екенін, еліміздегі ин­тернеттің ахуалы мұндай ауыр сал­маққа шы­дас бермейтінін Білім және ғы­­лым ми­нистрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де мойындаған болатын. Сөй­тіп, ми­нистр қашықтан оқыту үшін басқа да ме­ханизмдерді қа­рас­­тырды. Соңында оқу­шыларға тап­сырма жіберу үшін тіпті Қаз­­пош­таның қызметіне жүгіндік. 42 500 тең­­­генің «жыры» да осы ғалам­тор­дан басталғанын білеміз. Алға­шын­да жәр­демақы алу үшін Egov пор­талы арқылы өтініш беру керек бо­­латын, бірақ сайт жүктемені кө­тере алмай халық тағы әуре-сар­саңға түсті. Кейіннен жеке сайт пен әр аймақ үшін қосымша телег­рам-боттар іске қосылды деп ха­бар­лан­ға­ны­мен, олар да бірден мүл­­тіксіз жұмыс іс­теп кете қой­ма­ды. Интернет түгілі әлі күн­­ге дейін ұялы байланыс желісі жоқ қан­ша­ма ауылдар бар. Заманына қарай – амалы, сәйкесінше әр заманның адамзат баласына қояр талабы бар десек, өр­кениет көшіне ілесе алмай қалыс қалған ауылдардың жағдайы қашан түбегейлі реттелмек?

Байланыс аясынан тыс ауылдар

Осы күнге дейін қарапайым ұя­лы телефон арқылы сөй­ле­суге де мүмкіншілігі жоқ ауылдар бар екеніне сену қиын. Тіпті, мұн­дай мәселе еліміздің барлық айма­ғын­да бар. Қостанай облысындағы бір­неше ауыл Ресейдің ұялы бай­ланыс операторы МТС-ті пайда­ла­нып отыр екен. Ауылға жақында­ған­­да «Әлемдегі ең алып ел – Ре­сей­ге қош келдіңіз! Роумингке тірке­ліңіз. Арзан тариф!» деген хабар­ла­ма келеді екен. Қазіргі кезде елімізде 2 000-нан аса елді мекен интер­нет­сіз отыр. Кей ауылдарда болса да, сапасы (жылдамдығы) сын кө­тер­мейді. WhatsApp әлеуметтік же­лісінде қарапайым хабарламаны жіберуге қауқары жетпейтін ин­тернеттің шамасын бағамдай бе­ріңіз. Ауыл тұрмақ, үлкен қалалар­дың өзінде ғаламтордың жылдам­дығы біркелкі жақсы емес, алайда ба­ғасы қымбат. Жаңа оқу жылы­ның басталуына да айдан аз уақыт қал­ды. Қыркүйектен бастап бала­лар сабақты қашықтан  оқиды. Бі­лім және ғылым министрлігінің мә­ліметінше, 700 мың балаға ком­пьютер жетіспейді. «Бұл мәселенің ше­шімі қандай болмақ?» деген сауал­­дың өзі жеке тақырыпқа сұ­ра­нып тұр. Осыдан 2 жыл бұрын іске асы­рыла бастаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарлама­сын­да ал­ғашқыда 741 елді мекенді кеңжо­лақ­ты интернетпен қамтамасыз ету көзделген болатын. Алайда бұл жос­пар орындалған жоқ. Екі жыл­дың ішінде тек 481 елді мекенге кеңжолақты интернет жеткен. Ал жалпы, бүгінге дейін халық саны 250 адамнан асатын 3 324 ауыл ға­ламторға қосылған. Цифрлық да­му, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі министрлігі осы жылдың соңына дейін 928 ауылды, ал келесі жылы тағы 1 000 ауылды интернетке қосуды көздеп отыр. Ал 3G және 4G байланысын 18 млн адам пайдаланады деп жоспарла­нуда. Цифрлық даму, инно­вация­лар және аэроғарыш өнер­кә­сі­бі вице-министрі Дарын Тұяқов: «Өңірлердің әлеуметтік мүм­кіндіктерін теңестіру және ауданнан ауылға дейін талшықты-оптикалық жеткізу желісі бойын­ша жылдамдығы жоғары интер­нет­пен қамту мақсатында 2018 жыл­дан бері көптеген жоба іске асы­рылып жатыр. Бұл жоба аясын­да біз талшықты-оптикалық ка­бель құрылысын қаржыландыр­май­мыз, дайын сервисті сатып ала­мыз. Бүгінде ауылдардың 50 пайы­зы 607 ауылдық елді мекен тал­шықты-оптикалық жеткізу же­лісімен қамтылған. Биыл жыл соңы­на дейін 250-ден аса адам тұра­тын 928 ауыл 3G және 4G жо­ғары жылдамдықты интернет тех­но­логияларымен қамты­ла­тынын еске салғым келеді» деген еді. Биыл 4 наурызда Мемлекет бас­шысы  «Цифрлық Қазақ­стан» бағдарламасын жүзеге асыру жө­­нінде өткізген кеңесінде Цифрлық даму министрлігіне жүк­тел­ген міндеттің іске аспағанын мә­лімдеген болатын. Әсіресе, жем­қорлыққа бейім салаларда цифр­лан­­дыру өте баяу жүргізіліп жат­қа­нын ескерткен. 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қала мен ауыл тұрғындары арасында цифр­лан­дырудағы алшақтықтың әлі сақ­талғанын айтты. Оны тек ал­шақтық емес, әлеуметтік теңсіздік деп бағамдады. 20 шілдеде Асқар Жұмағалиев Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі қызметінен бо­са­тылғаны белгілі. Үкімет оты­ры­сын­да «Биыл кең жолақты интернетке қосы­латын ауылдар саны 5 163-ке жетеді. Еліміздің халқын 3G және 4G интернет желісімен қамту 99,3 пайызды құрайтын болады», – деп мә­лімдеме жасаған еді. Экс-ми­нистр 2018 жылдан бері елді ме­кен­дерді талшықты-оптикалық бай­ланыс технологиясы арқылы ин­тернетпен қамту жобасын іске асы­руға кіріскен болатын. Цифрландыру – бір ғана са­ланы немесе бір бағытты дамыту емес. Қарапайым ғаламтор­дың өзі түйткілді мәселеге айналып тұрғанда, басқа күрделі жобаларды ойға алуға да жүрексінесің. Негізгі төрт бағытының алғашқысында-ақ кем-кетіктер жетіп артылатын «Цифрлы Қазақстанның» толық жүзеге асуы шындыққа жанаса ма? Одан бұрын атқарылған шаруалар­дың нәтижесі қандай?

Нақты жүйе жоқ па?

90-жылдары үдемелі ин­дустриал­ды-инновация­лық даму жөніндегі мемлекеттік бағ­дар­лама іске қосылды, 2005 жылы электронды үкіметті қалыптастыру басталды, инновациялық эко­жүйе­нің бірқатар элементтері құрылды, яғни бұған дейін біраз шаралар ат­қарылған. «Цифрлық Қазақстан» бағ­дарламасы 4 бағытқа негізделсе де, нәтижесі жүйесіз екенін Мемле­кет басшысы да атап өткен бола­тын. Жобаның алғашқы бағыты – алыс аймақтарды ға­лам­тор­мен қамтамасыз ету – то­лық нәтижелі болмағанын жоғары­да айттық. Екінші бағыт – эконо­ми­каның салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы тех­но­логияны енгізу болса, бұл бағыттың да атқарылғанынан атқарылмаға­ны көп сыңайлы. Тағы бір мақсат – білікті IT мамандарды даярлау. Бұл бағытта жоғарғы оқу орындарын­дағы IT саласына бөлінген грант сан­дары көбейтілді. Шетелде білім алып жатқан жастар қаншама? Бірақ білімді жастардың көбі ше­тел асып, кремний алқабы сияқты әйгілі жерлерде жұмыс істеуді арман ететіні жасырын емес. Бағдарлама бойынша аза­маттардың цифрлық сауат­ты­­лығын 85 пайызға дейін арт­тыру көзделген болатын. Қатаң каран­тин шаралары кезінде мұның да шала жүзеге асқаны байқалды. Қалалардың өзінде әлі күнге дейін коммуналдық қызметтерді төлеу үшін Қазпоштаға қарай ағылатын ел теміржол кассаларындағы ұзын-со­нар кезек осы пікірімізді одан әрі бекіте түседі. Күн сайын құбыл­ған әлемде «Өркениет көшіне ере алмай қаламыз ба?» деген үрей де жоқ емес.

Әлемдегі «сандық қадамдар»

Әлемнің жетекші сарап­шы­лары 2020 жылға қарай әлем­дік экономиканың төрттен бірі толық цифрланады деп бол­жаған еді. Көптеген елде цифрлан­дырудың Ұлттық бағдарламаларын іске асыру үстінде. Дания, Норве­гия, Ұлыбритания, Канада, Герма­ния, Сауд Арабиясы, Үндістан, Ре­сей, Қытай, Оңтүстік Корея, Ма­лай­зия, Сингапур, Австралия, Жаңа Зеландияда қарқынды жобалар жүріп жатыр. Қытай өзінің «Ин­тернет плюс» бағдарламасында цифрлық индустрияны дәстүрлі ин­дустриямен біріктірген. Синга­пур «ақылды экономиканы» қа­лып­тастырды, Оңтүстік Корея «креа­тивті экономика» бағдарла­масы арқылы адами капиталды дамытуға, кәсіпкерлікке және соңғы технологиялық жетістік­терін таратып жатыр, ал Дания мем­лекеттік секторды цифрлан­дыруға баса назар аударған. Қазіргі күні Моңғолияда шалғайдағы елді мекендердің өзі ұялы байланыстың бесінші буыны 5G-мен қамтамасыз етілген. 2016 жылы БҰҰ арқылы жа­салған ақпараттық комму­ни­ка­циялық технологиялар да­муы­ның негізгі әлемдік рейтин­гін­де (ICT Development Index) Қазақ­стан 175 елдің ішінде 52-орынды ие­ленген екен. «Цифрлық Қазақ­стан» бағдарламасы мен басқа да стра­тегиялық бағыттарды іске асырсақ, еліміз 2022 жылға қарай 30-орынға, 2025 жылға қарай 25-орынға және 2050 жылға қарай 15-орынға дейін көтеріледі деп болжанған екен. Қазақстан сондай-ақ цифрландырудың ағымдағы деңгейі тұрғысынан The Boston Consulting Group халықаралық консалтингтік компаниясының e-intensity рейтингінде жоғарғы көр­сеткішке ие болған. Аталған мә­ліметтер шындыққа жанаса ма, жоқ па деген сауал бәрімізге қызық. Бірақ цифрландырудың ақсап тұр­ғаны анық. Кінәрат жобада емес, оны орындауда сыңайлы. 2025 жылға дейін, жалпы алғанда цифрлан­дырудың экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгені құрамақ. Бұл болжам жүзеге аса ма, жоқ па? Оны, әрине уақыт көрсетеді.  

Ділда УӘЛИБЕК