13 Тамыз, 13:36 467 0 Жаңалықтар Анар ЛЕПЕСОВА

«Nur Otan»: Праймериздің республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді

«Nur Otan» партиясы праймеризінің республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тағы парақшасында жазды. 
"Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен партия праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Біздің басты мақсатымыз – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау", - деді Б.Байбек.
Оның айтуынша, кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan»-ның қатарына қосылу керек.
"Бүгін Орталық ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті. Жиын барысында партияішілік сайлаудың республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып 28 тамызға дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн беріледі - 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін. 7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтеді", - деп түсіндірді Бауыржан Байбек.
Партия Төрағасының тапсырмасымен онлайн-форматта дауыс беру үшін платформа әзірленген. «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты күшейтуді, жұртшылықтың пікірін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң жобаларын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздейді.
1 қазан (00-00) мен 3 қазан (14.00) аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беру өтпек.
Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады.
Кандидаттардың рейтингтері көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады.

Соңғы жаңалықтар