Жамбылдық оқушыларға 30 мыңнан астам компьютер сатып алынады

Жамбылдық оқушыларға 30 мыңнан астам компьютер сатып алынады

Жамбылдық оқушыларға 30 мыңнан астам компьютер сатып алынады
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев баспасөз конференциясын өткізіп, онда жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа оқу жылында облыстағы 442 мектеп бойынша 234,7 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 26,4 мың бүлдіршін биыл бірінші сыныпқа барады. – Пандемияға байланысты оқу процесі екі түрлі форматта өтеді. Атап айтсақ, облыстың 275 мектебінде 215,4 мың оқушы қашықтан оқытуды бастаса, 167 мектептегі 19,3 мың оқушы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі түрде білім алуды жалғастырады. Білім беру нысандары дезинфекциялау құралдарымен, санитарлық тазартқыштармен, тепловизорлар және басқа да қорғаныш құралдарының қажетті қорымен қамтамасыз етілген, – деп атап өтті облыс әкімі. Қашықтан оқыту «DarynOnlain» білім беру платформасының көмегімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жұмыс істейтін, үйде балаларына онлайн режимде білім беруді ұйымдастыра алмайтын ата-аналар үшін қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес «кезекші 1-4 сыныптар» ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Сапалы қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін оқушылар мен мұғалімдерді компьютерлермен және интернетпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының 134,8 мыңы немесе жалпы санының 57,4 пайызы дербес компьютерлермен және ноутбуктермен қамтамасыз етілген, ал 99,8 мың (42,5%) оқушыда компьютерлік техника жоқ. – Облыс мектептерінде 25,6 мың компьютер бар, тағы 26,4 мың компьютер сатып алуға республикалық бюджеттен 4,1 млрд. теңге бөлінді. Қосымша 4,5 мың компьютер жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Сондай-ақ, 23 мың роутер-модем сатып алу жоспарлануда. Компьютер және интернетпен қамтамасыз етуде алдымен көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар назарға алынады. Бұл санаттарға шамамен 40 мыңға жуық бала кіреді, – деді аймақ басшысы. Айта кету керек, облыс оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге 2,9 млрд. теңге бөлінген. Оқулықтарды үлестіру 25 тамызға дейін толығымен аяқталатын болады. Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтылады.