10 Тамыз, 14:24 415 0 Қоғам Анар ЛЕПЕСОВА

Алматыда екінші модульді аурухана құрылысы басталды

Алматыда екінші модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желіде хабарлады. 

"COVID-19-ға қарсы іс-қимыл шаралары аясында төсек санын арттырып, қуаттылықты күшейтуді жалғастырамыз. Бұл ретте 300 төсек-орынға арналған, оның 30-ы реанимациялық, екінші модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды", - деп жазды Сағынтаев Instagram парақшасында.

Әкімнің айтуынша, жаңа аурухана медициналық газ жүйесімен, сондай-ақ КТ, УДЗ және рентген аппараттарымен қамтамасыз етіледі. Госпиталь толығымен цифрлық негізде болады. Яғни, тексеру байланыссыз әдіспен, ал бақылау – видеобайланыс арқылы жүргізілмек. Автоматтандырылған жүйе науқастың жағдайын жедел бақылауға, сондай-ақ "жасыл" және "қызыл" аймақтар бойынша қызметкерлердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Алматыдағы алғашқы модульді аурухана биылғы жылдың сәуір айында салынған болатын.  24 сәуірде ашылған  ауруханада коронавирус жұқтырған науқастар емделуде.

Бұған дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев күзде Алматыда 7,7 мың науқасқа орын дайындалатынын айтқан еді.

Індет таралғалы оңтүстік астанада 13 433 адамнан коронавирус анықталды. 8231 адам емделіп шықса, дерті асқынған 164 науқас қайтыс болды.

 

Соңғы жаңалықтар