10 Тамыз, 13:42 573 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Беларусьтегі сайлау: Лукашенко 80 пайыздан астам дауыс жинады

Беларусьте өткен президент сайлауының алдын ала нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды БЕЛТА.

Елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, қазіргі президент Александр Лукашенко 80,23% дауыс жинаған. Сайлаушылардың 9,9%-ы Светлана Тихановскаяға, 1,68% Анна Канопацкаяға, 1,04% Андрей Дмитриевке, 1,13%-ы Сергей Череченьге дауыс берген.

Сайлауға 5 798 908 адам, яғни тізімдегі сайлаушылардың 84,23%-ы қатысқан.

Еске сала кетсек, кеше Беларусь республикасында президент сайлауының негізгі дауыс беру кезеңі өтті.

Сайлаудың әділ әрі талаптарға сай өтуін 248 халықаралық және 50 мыңға жуық ұлттық бақылаушылар бақылады.

Ел заңнамасы бойынша мемлекет басшысын тікелей беларусь халқы сайлайды. Дауыс беру құпия түрде жүргізіледі. Егер дауыс беруге сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың жартысынан астамы қатысса, сайлау өтті деп есептеледі.

Егер кандидатты дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан астамы қолдаса, сол азамат жеңіске жетіп, ел президенті болып танылады.

Соңғы жаңалықтар