Қазақстанда наурыздан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам көз жұмды

Қазақстанда наурыздан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам көз жұмды

Қазақстанда наурыздан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам көз жұмды
ашық дереккөзі
Биылғы жылдың наурыз-шілде айларында 33 отандасымыз тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болды.  Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Арман Мәтжан айтты. «2020 жылғы 16 наурызда төтенше жағдай енгізілгеннен бастап 5 тамызға дейінгі аралықта 241 тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 33-і адамдардың қаза табуымен, яғни өлімімен аяқталды. Өткен жылдың ұқсас кезеңіне талдауды нақты осы мерзім аралығында жүргізбеген едік. Бірақ біз 16 наурыз бен 31 шілде аралығындағы мәліметтерге салыстырмалы талдау жасаған болатынбыз. Атап айтқанда, 31 шілдеге дейінгі аралықта 237 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мерзімінің аралығымен салыстырғанда, 41,7 пайызға көп», - деді А. Мәтжан. Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық  21 пайызға артқанын айтқан болатын. Басқарма басшысының сөзінше, карантин кезінде отбасында жанжал шығаратындарды бақылаудың жаңа тәсілі қолданылған.  Тіркеуде тұрғандар және құқық бұзушылыққа әуес адамдар қашықтан, яғни әлеуметтік мессенджерлермен видео байланыс арқылы тексерілген.