733 қандасымыз ұбт-ға онлайн қатысты

733 қандасымыз ұбт-ға онлайн қатысты

733 қандасымыз ұбт-ға онлайн қатысты
ашық дереккөзі
Шетелдегі қандастардың Қазақстанда оқуы үшін шақыру алу мәселесі Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүйелі жолға қойылған. Олардың елге келіп, білім алып, кейіннен мамандығына қарай жұмыс іс­теп, отбасын құрып атажұртта қалуына жағдай жасалды. Десе де, өзге елде сауат ашып, орта мектепті сыртта тәмамдаған жастарға елімізде бір­ден ҰБТ тапсыру қиынға түсетіні рас. Сол үшін Білім және ғылым ми­нистрлігі тарапынан талапкерлерді ұлттық бірыңғай тестілеуге даяр­лайтын дайындық бөлімі ашылды. 2018-2019 жылдары 992, 2019-2020 жыл­дары 1 300 қандасымыз дайындық бөліміне қабылданды. Қандастарды оқуға қабылдауға арналған квота 2 пайыздан, 4 пайызға өсті. Атажұртта білім алғысы келетін талапкер жастардың са­ны жыл сайын артып келеді. Биыл ҰБТ тап­сыруға 2025 қандасымыздан өтініш ке­ліп түскен. Талапкер жастардың басым бө­лігі ҰБТ-ны ел ішінде тапсырды. «Отандастар қоры» әлемдік пандемияға бай­ланысты елге келе алмай ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен шет қалған қандас­тары­мыз­дың мәселесін көтерген болатын. Бұл жұ­мыс  үш ай уақытқа созылды. Нәтижесінде, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің, Ұлттық тестілеу ор­талығының қолдауымен, Қазақстан ау­мағында коронавирус инфекциясының пай­да болуы мен таралуына жол бермеу жө­ніндегі ведомствоаралық комиссия оты­рысында шетелде қалған талапкер қан­дас­тарға ҰБТ-ны онлайн өткізу шешімі қабыл­дан­ды. Бұған дейін елімізде ҰБТ онлайн ре­жимде өткізілмеген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірігіп атқарған же­місті қызмет аясында 733 қандасымыз 19 шіл­деде онлайн ҰБТ-ға қатысты. Қандас та­лапкерлердің онлайн тест тапсыруына ат­салысқан барша маманның қызметіне ризашылығымды білдіремін», – дейді «Отан­дастар қорының» вице-президенті Ма­ғауия Сарбасов. Шеттегі қандас талапкерлеріміз «Отан­дастар қоры» көтерген мәселенің оң шешім табуына ықпал еткен Ұлттық тестілеу орта­лығы, Сыртқы істер мен Білім және ғылым министрлігіне алғысын жеткізді. «Бүкіл әлемді жайлаған COVID-19 ін­де­тіне байланысты шекара жабылып, біз Қа­зақ­стандағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қа­тысу мүмкіндігінен шет қалдық. Дегенмен «Отандастар қоры» мәселе көтеріп, Ұлттық тест орталығы, Сыртқы істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің қол­дауымен шетелде қалып қойған қазақ ба­лаларына онлайн ҰБТ тапсыруға рұқсат берілді. Бұл бізге жасалған үлкен жеңілдік болды», – дейді Қазақ инновациялық гума­нитарлық-заң университетінің тыңдаушы­сы, Баян-Өлгей аймағындағы қандасымыз Ержан Аманжол. Ескерте кететін жайт, Қытай, Моңғолия және Өзбекстандағы қандастар назарына! Онлайн тапсырған ҰБТ нәтижелерін https://certificate.testcenter.kz/.  сайтынан ЖСН, ТЖК енгізіп біле алады. Содан кейін ЖОО-ның виртуалды қабылдау комиссиясына конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тап­сыру қажет. Контактілерді келесі сілтемеден жүктеп алуға болады http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php?ID=2059. Талапкерлер 2020 жылғы 19 шілдеде өткізілген онлайн тестілеу барысының бей­не­жазбасын Ұлттық тестілеу орталығына жібермесе, тест нәтижесі шықпайды. Тес­тілеу нәтижесі бейнежазба қаралғаннан кейін ғана жарамды. Бейнежазба Ұлттық тес­тілеу орталығының nct-kt@mail.ru пош­тасына жіберілмеген жағдайда, тестілеу нә­тижесі жойылатын болады. Талапкерлер тесттен алған бағасына қа­рай ел ішіндегі оқу ордаларының студенті ата­нады. Бұл әр талапкердің тесттен алған ұпайы­ның нәтижесіне қарай жеке қара­лады.