Індеттің беті қайтуын тілеп, тасаттық жасады

Індеттің беті қайтуын тілеп, тасаттық жасады

Індеттің беті қайтуын тілеп, тасаттық жасады
ашық дереккөзі
Рудный қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерде барлығы 16 мыңға жуық қандас тұрады.  Атамекенім деп келген олар осындағы кен орнынан, басқа да кәсіпорындардан жұмыс тауып, ешкімге қол жаймай, өзінің тіршілігін бастаған. Негізінен Өзбекстаннан келіп жатқан қандас ағайын арқасында Рудный қаласы қазақтанып, мемлекеттік тілде білім беретін мектеп саны көбейді. Дүниені бір тарының қауызына сый­ғыз­ған коронавирус індеті біздің елге де нәубет бо­лып тұр. Бүкіл жер жүзінде осы кеселге қар­сы түрлі жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ дәл қазір аурудың біржола беті қайтқан жоқ. Адам шығыны бізде де аз емес. Жақсы да, жай­саң да, кәрі де, жас та осы аурудан о дү­­ние­лік болды. Бұл, әрине халқымыздың жа­­нын сыздатады. Қазақтың көрген құ­қайы тек бұл емес. Ұлт болып сақталып қалуы үшін қандай жаумен алыспады дей­сіз? Ұлы далада малды да, жанды да шы­бын­дай қырған жұт пен жұқпалы ауру секілді та­би­ғаттан келген апат та аз болмаған. Сон­­дай кезде аталары­мыз мал сойып, та­сат­тық жасап, Алладан медет сұраған. Ата­жұрт­тағы құтты қонысын Рудный қала­сы­нан тапқан қандастар аталарымыз ұстанған осы жолымен сиыр сойып, тасаттық жа­сады. Оның басы-қасын­да Дүниежүзі қа­зақ­тарының қауымдастығы мен «Отандастар» қоры облыстық филиалы­ның белсенді мү­шелері жүрді. – Дүниежүзіне аз уақытта жайы­лып кеткен вирус бүкіл адамзатқа қауіп төндірді. Елімізде осы індет­тің құрбаны көбейді. Аллаға жал­барындық, сиыр сойып, тасаттық жа­садық. Алла тілегімізді берсін, ел іргесі мықты болсын, ел-жұрт аман болсын деп тіледік, – дейді Нұ­рид­дин Бүкірбаев ақсақал. Қазір әлеуметтік желілер нағыз «жыл­дам хабар алғызып» тұрған кез. Бел­сенді топ мүшелері WhatsApp-қа та­саттық жа­сау туралы хабарландыру бергеннен кейін-ақ, жұрт тиын-тебенін ортаға тас­тай бастады. «Көп түкірсе – көл» емес пе, ша­малы уақыт ішін­де едәуір қаржы жина­лып қалды. – Қалалық мешіт имамымен ақылдаса оты­рып, ел-жұрттан түскен 400 мың тең­геден аса қаржыға алдымен бір сиыр сатып алдық. Оны бата жасап, Алладан жалбары­нып, тілек тілеп, сойып, ауырып тұрған, сорпа қажет ететін адамдарға, тұрмысы төмен, көпбалалы және науқас, мүгедек ба­ғып отырған 45 отбасыға тараттық. Қал­ған 4 отбасыға 10 мың теңгеден бердік. Ар­­­тылған 40 мың теңгені жасанды тыныс алдыру аппаратын алуға қаржы жинаған мешіт имамына өткіздік, – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отан­дастар қоры» облыстық филиалының тағы бір белсендісі Қыдыр Өтебаев. Атажұртқа келіп жатқан қандастар нәу­бетке қарсы бүкіл дүние күресіп жатқан кезде, осындай ауызбірліктің, иманды­лық­тың, адамгершіліктің үлгісін көрсетті.  

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

Қостанай облысы