Жастар саясаты – жалаң ұран емес

Жастар саясаты – жалаң ұран емес

Жастар саясаты – жалаң ұран емес
ашық дереккөзі
Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады. Жастардың дамуы мен жан-жақты жетілуіне басымдық берген елдің саяси және экономикалық тұрғыдан табысқа жетері анық. Жастардың ғылыми-техникалық, шығармашылық, рухани әлеуетін дамытуға инвестиция құйған мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Қазақстанның басымдықтарының бірі – жастар саясатын қалыптастыруға мемлекетіміздің жіті көңіл бөліп отырғаны да сондықтан. Жастар мәселесі тәуелсіздік алған кез­ден бастап мемлекет назарында болып ке­­леді, осы уақытқа дейін бұл бағытта бір­­шама жұмыстар атқарылды. Мәселен, был­тыр елімізде «Жастар жылы» аталып өт­­кені белгілі. Бұл  жас ұрпақтың өзекті мә­­­селелерін шешуге жаңа серпін беріп, олар­дың өзін-өзі танытуына да мүмкіндік туғыз­ды. Жалпы, өткен жылы елімізде жастар сая­саты шараларына 2 миллионнан астам адам қатысыпты. Қазақстан бойынша 14 пен 29 жас аралығында 3,8 млн жас аза­мат бар екенін ескерсек, 2 миллион адам­ның жастар саясаты шараларына қатысуы жоғары көрсеткіш деп бағалауға болады. Елімізді бәсекеге қабілетті етудің не­гіз­гі тетігінің бірі – білімді, бәсекеге қа­бі­лет­ті жастар екені. Осы мақсатта мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен құрылған Президенттік кадрлар резервіне еліміздің дамуына тиім­ді жұмыс істей алатын әртүрлі саладағы 300 жоғары дәрежелі жас маман қосылды. «Сіздер ең үлкен армандарыңызды іс­ке асыруларыңыз қажет. Бұл – менің бас­ты міндетім. Жас әрі дарынды бас­шы­лард­ы мемлекеттік қызметтің барлық дең­гейінде жоғарылату мақсатында пре­зиденттік кадрлық резерв жасақталады. Біз­дің жастарымыз еңбекқор, креативті, өз мақсатына жетуді біледі. Сондықтан Қа­зақстанның болашағы сенімді қолда», – деді Президент. Осылайша жастарға берілген нақты қол­дау нәтижесінде 300 маман еліміздің қо­ғамдық және саяси өміріне белсене қа­тыса отырып, мемлекеттік басқару са­ла­сында адам капиталын елдің мүддесіне жұ­мылдыру жолында еңбек жолын бастап кетті.

Жастарды қолдаудың көрсеткіштері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тап­сырмаларына сәйкес, 2017-2021 жыл­дарға арналған өнімді жұмыспен қам­ту­дың және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін білеміз. Бағдарламаны жүзеге асыруда жас­тарды жұмысқа орналастыру, оқыту сапасын арттыру және кәсіпкерлікті да­мыту сынды бірқатар шаралар көзделді. 2019 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойын­ша бағдарламаға қатысқан жас­тардың үлесі – 34,3 пайыз. Бағдарламаға қ­а­тысушылардың қатарына 213,5 мыңнан астам жас азамат қосылған, олардың 189,6 мыңы немесе 88,8 пайызы жұмысқа ор­на­ласқан. Сонымен қатар үш жыл ішінде 1 млн жас­ты қамтуды көздейтін «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» деген екі бағыт бойынша жү­зеге асырылып жатыр. Бұл бағытта 180 колледж бен 20 ЖОО-ның базасында ин­дустриялық және сервистік 100 маман­дық бойынша сұранысқа ие мамандар даяр­ланып, үш жыл ішінде білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу арқылы 200 мыңнан астам жасты оқыту көзделіп отыр. Ал «Жас кәсіпкер» бағдарламасы 29 жас­қа дейінгі 100 мың студент пен жас­тарға кәсіпкерлікті оқу, мемлекеттік грант немесе тиімді несие алып, жеке кәсіп ашу­дың мүмкіндігін сыйлады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан бастау алған бағдарламада бизнес жос­пары сәтті шыққан үміткерге 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз несие беріл­ді. Ол үшін арнайы 10 мың грант бөлін­ген. Сонымен қатар 6 пайыз жеңіл­дікпен 6,5 жылға 8 000 АЕК көлемінде несие берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге 600 грант берілмек. Бұл кәсіппен айналысқысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде теориялық білімін жетілдіріп, оны тәжірибе жүзінде іске асырып, грант ұтып алған жастар елі­міздің жас кәсіпкерлер  буынын қалып­тастыруға үлес қосып отыр. Жұмыс күші артық өңірлердегі жас­тар­ға жоғары, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды еңбекке қабілет­ті адамдар жетіспейтін аймақтарға жұ­мыс­қа орналастыруға бағытталған «Сер­пін» жобасының нәтижесі ауқымды. Бағ­дар­лама аясында еңбекке жарамды адам­дар жетіспейтін өңірлер мен ауылдық елді мекендерді білікті мамандармен қамтама­сыз етуге, қоныс аударушыларға жаңа жер­ге орнығуға жәрдемдесуге, оның ішін­де оқыту, жұмыспен қамту, баспанамен және балабақшалар мен мектептерде орын­дармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Былтыр жыл соңына дейін аталған бағдарлама аясында 64 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындары, жастар прак­тикасы және қоғамдық жұмыстарға тар­тылған.

Еріктілер жылы

Жастарды қолдауға бағытталған шара­лар реті биыл да өз жалғасын тапты. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жария­лады. «Ол халқымыздың өмір салтына ай­налуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дә­ріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңыз­ды жұмыстан тыс қалмайтынына сенемін. Бұл – ең алдымен өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі», – деді Пре­зидент. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылы аясында Birgemiz республикалық волонтердің фронт-офи­сін ресми түрде іске қосты. Фронт-офис волонтерлерге кеңес беру, әдістемелік, оқыту, ақпарат беру қызметін атқарады. Биыл расында да еріктілердің жылы болды деп айтуға толық негіз бар. «Nur Otan» партиясы су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ауданына 40 тонна азық-түлік жөнелткені есімізде. Су басқан ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін партияның барлық еріктілері жұмылдырылды. Жүзден астам адамнан еріктілер штабы құрылды. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жолында жастар ауызбіршілік танытып, халықтың қайғысына бейғам қара­май, жүрек жылуы мен мейірім алақа­нын тосты. Сонымен қатар елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде де еріктілер өз бастарын қауіпке тіге отырып, мұқтаж от­басыларға қажетті тауарлармен бірге азық-түлік себетін таратты.

Жастарды қолдайтын жаңа заң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сай­лау туралы» Қазақстан Республи­касы­ның Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Халықаралық тәжірибе аясында ұсынылған жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процес­теріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Партиялық тізімнің 30 пайызын әйелдер мен жастар құрайтын жаңа заң ендігі жер­де Парламент пен жергілікті  өзін-өзі бас­қару органдарына әйелдер мен жастар­дың көптеп тартылуына жағдай жасайды. Жаңа бағытты ұстанған «Nur Otan» пар­тия­сының саяси қадамының бірі – пар­тия ішінде праймериз өткізу арқылы  шы­ғармашыл, белсенді, іскер, озық ойлы жас­тарды анықтау және оларға өз мүм­кіндіктерін қолдана отырып еліне, хал­қына қызмет етуге мүмкіндік беру. Пар­тия­ның бұл қадамы білімді, талапты, бә­секеге қабілетті жастардың еліміздің сая­си өміріне араласып, өздерінің аза­маттық көзқарастарын ашық білдіруге ық­пал етері анық.