Жабал Шойынбет: Көпшілікке Абай туралы "адасқан" қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр

Жабал Шойынбет: Көпшілікке Абай туралы "адасқан" қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр

Жабал Шойынбет: Көпшілікке Абай туралы "адасқан" қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр
ашық дереккөзі
Биыл қазақ әдебиетінің классигі, ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Осыған орай мемлекетімізде ұлы Абай мұрасын жаңаша зерделеп, одан қалған құнды мұраны әлемге өз дәрежесінде таныту істері жан-жақты кең көлемде жүр­гізіліп келеді. Десек те, әр дәуір сайын өзгер­ген қоғамда ұлттық сана биігінде құрмет­теліп келе жатқан ұлы тұлғаларға деген жаңа көзқарас пайда болып, оны әр қыры­нан тануға деген ұмтылыстың болмай қал­май­тыны аян. Бізде сол тұрғыдан сұрақтар қойып, бел­гілі абайтанушы ғалым Жабал Шойынбеттен кейінгі кезде Абайға қатысты дау тудырып жүр­ген кейбір мәселелер жөнінде пікір біл­діруін өтінген едік. − Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетінің классигі екеніне дау жоқ. Ол − ұлы ақын, философ. Осы­лардың қатарына кейінгі кез­де «Абай хакім» дейтін анықтауыш қосылды. Әрине, Абайдың «Әрбір ғалым − хакім емес, әрбір хакім − ға­лым» дегенін, осыны Абайдың өзіне қарата қолданған Мағжан Жұ­мабаевтың «Шын хакім, сөзің асыл − баға жетпес» деген өлеңін ел­дің көбі біледі. Ендеше, «Хакім­нің» мағынасын және оның Абай­ға телінуінің мәнісін қалай түсін­сек болады? – Бұл сұрақ қазіргі күні Абай оқырман­да­рын толғандырған, маған көп қойы­ла­тын сұраққа айналды. Орынды, оқырман өре­сінің биіктегенін, Абай даналығына терең­дей барлай бастағанын байқатады. Ха­кім сөзі профессор М.Мырзахметұлы­ның «Абай лұғаты» сөздігі кітабында: «Абай: «Хакім, ғалым асылында бір сөз, бі­рақ ғарафта басқалар дүр», – деп олар­дың мағынасы екі түрлі болатынын ескер­теді. Өйткені «әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хәкім –ғалым» деп анықтама береді, яғни кез келген ғалым қанша ұмтылса да, хакім бола алмайды екен. Ал әрбір хакім кез келген уақытта ғалым бола алады. «Ха­кімдердің ғақлияты бірлан жетсе иман  як­ни болады» дейді. Хакімдердің ойлау дең­гейі ғалымның ойлау деңгейінен әлде­қайда биік әрі кең, жан-жақты терең, са­па­лы болып келеді. Себебі «Хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін (деңгейде – М.М.) ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды». Мұның себебі хакімдер адам баласының пайдасы үшін ойын, ләззат, ұйқыдан қалып, бар мақсаты»  ...бір ғана хақты (хақ Жаратушы ие, хақ шындық, ақиқат, растық – М.М.) таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақ болып», адамзат баласының мүддесіне қызмет етуші, соны ғана өмірлік мақсат етуші адамдардың асылдары» – деп тү­сіндірген. М.Мырзахметұлының шәкірті Сей­­далы Оразалиев «Абай шығарма­ларын­дағы шет сөздер» деген үш томдық мо­нографиясында: «Абай қолданған «хәким», сөз­дері, арабта бірі – «һоким»  өкімет, би­лік, аймақ, аудан, қала, мекемені басқарған бас­тылардың лауазымы. Екіншісі – «хә­ким» сөзі – «білімді», «ғалым». Үшіншісі – «хакім», «данышпан», «дана», «ойшыл» ұғым­дарын береді» – дейді. Мен Абайға бай­ланысты «хакім» деп үшінші мағы­насын айтып жүрмін. Қазақ ұғымында Лұқпан хакім атауы ғана кең танымал, яғни Лұқпан хакім адам үшін өлтірмейтін дәрі іздеуші, жақсылық ойлаушы. Енді Мағжанның өлең шумағын толық оқиық: Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес. Қарадан хакім болған сендей жанның, Әлемнің құлағынан әні кетпес, – де­ген­дегі «Әлемнің құлағынан әні кетпес» дегені сен өз еліңе ғана емес, бүкіл адамзат бала­сына қажетті еңбек етуің қажет, ол еңбек Абайда бар болып тұрғаны ғой. Хакім Абай айтады: «Адаспай тура іздеген хакімдер бол­маса, дүние ойран болар еді» дейді, бұ­дан ұққаным, тұла бойы тұнып тұрған жақ­сылық іздеуші хакім болу, екінің бірі емес, миллионнан бірінің де қолынан келмеуі мүмкін. − Абай туралы айтатындар көп. Ұлы ақын туралы мақала жаз­ба­ған ғалым, өлең арнамаған ақын аз. Абайды шығармасына арқау қылған қаламгерлер де жетіп ар­тылады. Бірақ солардың ішінде Мұх­тар Әуезовтің «Абай жолы» ро­ман-эпопеясы, Тәкен Әлімқұлов­тың «Жұмбақ жан» кітабы секілді санаулы дүниелер болмаса, кө­бі­сін жұрт біле бермейді. Мұның сыры неде, Абай туралы жазы­ла­тын нәрселер таусылып бара ма әлде жаңаша көзқарас жетіспей ме? − Бізде Кеңес Одағынан қалған «нау­қан­шылдық» деген ауру бар. Абайды 150 жыл­дық мерейлі мерекесінде де, қазіргі күні 175 жылдығында да әр саланың адам­дары бұрқыратып ақын туралы жазуда, тіпті қыза келе Абайды келсін-келмесін сол саланың маманы дәрежесінде сипаттап жібереді. Жазғандарының көпшілікке пай­дасы аз. Ал бүкіл қазақ Абай туралы сүй­сіне айтып, оның өлеңдерін, қарасөздерін айтуға ұмтылса, ал ғалымдар мен ақындар ойлы шығармаларын ұсынса одан ұтамыз. Академик, жазушы М.Әуезовтің  «Абай мұхит, мен одан қасықтап ғана алдым» деген аталы сөзі бар емес пе?! Шын мәнін­де, хакім Абай бәрімізге де жетеді, тек атақ үшін абайтанушымын деп өзін-өзі жар­намалайтындар көбейіп барады, халық кімнің абайтанушы, кімнің абайтанушы емес екенін ажырата алмай қалуда. Нақты мы­сал келтірейін, жасы тоқсанға келіп, оның 60 жылдан аса уақытын  Абайды зерт­теуге арнаған, тек Абай деп оннан аса ғы­лыми кітап жазған Мекемтас Мырзах­метұлына мектеп оқушыларына арнап оқулық жазу ұсынылған, ал жеме-жемге келгенде оны өмірінде Абай туралы бір мақала жазбаған ғалымға берілуін қалай деп түсінеміз? Абай атындағы ҚазҰПУ-де тұңғыш рет «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы сол кездегі ректор С.Пірәлиевтің бастамасымен ұстазым М.Мырзахметұлы екеуміз ашып едік, 5-6 айдан соң әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-де «Абай» институты ашылды, жақында астаналық университет­те «Абай академиясы» орталығы ашылды, біздің орталық Абай шығармаларынан док­торлық және кандидаттық диссер­та­ция қорғаған М.Мырзахметұлы, М.Әліпхан, М.Бекбосынов, Ж.Шойынбет се­кілді ғалымдардан құралса, аталған екі оқу орнында бірде-бір абайтанушы-ғалым байқай алмадым. «Абай» институты белгілі әде­­биеттанушы ғалым Ж.Дәдебаев ағамыз­дың білімділігі, мол тәжірибесінің, жалпақ тілмен айтсақ, «өлермен» еңбекқор­лы­ғы­ның арқасында жұмыс істеп тұрғандай, ал жаңадан ашылған орталықты абайтанушы болмағандықтан, тарихшы-ғалым бас­қар­ған тәрізді. Мен қазіргі күні телеарна, радио, бас­па­сөз беттерінде, сайттарда көп көрініп жүр­ген ағайынды Досым және Асан Ома­ров­ты, «жұмбағы» мол Омар Жәлелді на­ғыз абайтанушы деп мойындамаймын. Олар мен үшін қазақтың, Абайдың мүдде­сін емес өздері үшін қымбат әлдебір топ­тың мүддесін көздеушілер секілді көрінеді. – Қазақ халқының Абай әлемі ту­ралы рухани, мәдени тұрғыдан қа­лыптасқан көзқарасы бар еді. Кейінгі дәуірде оған сын көзбен қа­райтындар, Абайды басқаша тү­сіндіргісі келетіндер көбейіп ба­рады. Біз Абайды игере алмай жа­тырмыз ба әлде олардың бір ойла­ғаны бар ма? Не үшін қазақ әде­бие­тінің классигіне күмән келтіру­ге әуестер ара-тұра болса да қылаң беріп қалып жүр? – Қазақ халқы Абайды рухани, мә­дени жағынан да бас ақын, данышпан ре­тінде еш даусыз мойындаған, оның рас. Советтік кезеңдегі ғалымдар еңбек­те­рін оқысаңыз, Абайдың мұсылман­ды­ғына күдік келтіреді. Жоғарыда айтқан Досым мен Асан Омаровтардың Абай туралы жаз­ған­дарында мынандай ойлар айтады: «Абай­ды бір діннің шеңберінде қойып тү­сінуге болмайды, ол бір діннің шеңберіне (Ислам дінінің ж.ш.) сыймайды...», «Қа­шанғы М.Әуезовтің айтқанымен жүре бе­ре­міз, енді Мектепте Досым Омаровтың «Абайтану» кітабын оқытуымыз керек», «Абайды тұрпайы» әлемдегілер түсіне ал­майды ол ақын бо­лайын деп өлеңді өзі жазбайды, ол нәзік әлемдегі тұлға болған­дықтан ғарышпен ті­келей байланыс жа­сайды, солар жаз­дырады» деген тұжы­рым­дарын дәлелдеп мақала ғана емес тиражы көп том-том кітаптар жа­зып, баспадан шы­ғарып тара­туда. Абай­ды зерттеген 30 жыл­дың ішінде универ­ситеттің «Ұлағат» баспа­сынан бірінші рет «Абайдың қара­сөздері­нің ерек­шеліктері» кітабын шы­ғарып едім, кітабым универси­тет ішін­дегілер мен таныстарыма ғана жетті. Көп­шілікке Абай туралы кімнің түсін­дір­месі тез жетіп жатыр, әрине қар­жы­лай демеушісі бар «адасқан» қазақ­тар­дыкі. – Қазір қазақ баспасөзінде Зәу­ре Батаеваның «Абай жұмбағы: Қа­зақ­станның белгісіз ұлы ақы­ны» деген мақаласына қарсы пі­кірлер айтылып жатыр. Елімізде жә­не АҚШ-та білім алған, қазір Бе­льгия мемлекетінде тұрып жат­қан бұл жазушы-аудармашының сөзіне сенсек, Абайды бүгінгі ұр­пақ «қазаққа мақтаныш сезімін ға­на емес, сонымен қатар біраз те­ріс көзқарастар мен жағымсыз ой-пікірлердің туындауына да се­бепші болды» және «қазақ-орыс мек­тептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқы­туға ондаған жылдар бойы басым­дық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу се­зімін улап, басқа этникалық топ­тар арасындағы қазақтар туралы таптаурынды жағымсыз пікірлер­дің қалыптасуына әсер етіп, Қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын тереңдете түсті» деп санай­тын көрінеді. Сондай-ақ Абайдың қара сөздерін «өзге біреу жазып шық­қан болуы мүмкін» деген күмә­нін де жасырмайды. Батае­ва­ның бұлай деуіне себеп бар ма, мұн­дай пікірді не үшін айтып отыр деп ойлайсыз? – Зәуре Батаеваның мақаласымен енді ғана таныстым. Оның жеке басына емес, жаз­ған мақаласына сын айту үшін біраз ол туралы мәліметтермен танысып, ой елегіне салу үшін уақыт керек. Абайды жоққа шығарушылармен бұл бірінші рет пікір та­ласына түсуім емес, алдағы уақытта бас­па­сөз бетінде міндетті түрде пікірімді біл­діремін. Бұл мәселе жеке адамның емес, қо­ғамның дертіне айналып барады. Ұлттық құндылықпен, Абай даналығы туралы күрмеуі қиын күрделі мәселедегі ой-пікірлерімді айтып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдадым, ол хатым республикалық бес газетке және «Абай кз», «Абай әлемі» сайттарына шықты, екі ми­нистрлікке зерттеп, қорытындысын бе­ріңдер деп Президент аппаратынан тап­сырма беріліпті. – Бүгінгі дәуірде кез келген мә­селені баяғыдай жалпыламай насихаттан гөрі ықшам нұсқада түсіндірудің әдіс-тәсілдеріне мойын бұратын ұрпақ өсіп келе жатыр. Сондықтан Абай шығар­ма­шылығын мектепте және жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде өтіп, игерудің уақытын ұзаққа созып, жастарды Абаймен жа­лықтырып алмаймыз ба? Дәуір өз­герген сайын білім игерудің әдіс-тәсілдерін жетілдіріп отыру керек десек, Абайды болашаққа қа­лай оқытып, қалай сіңіру ке­рек? Бүгінгі абайтанушы ғалым­дар ол мәселені қалай шешпек? – 1976 жылдан бастап жалпы білім бе­ретін мектепте және 1994 жылдан бас­тап жоғары оқу орындарында «Абайтану» бойынша дәріс беріп, тәжірибе жинақ­та­дым. Егер сіз пәніңізге үздіксіз дайы­н­да­лып, сөйлеу мәнеріңізді жетілдіресіз, айтар дәрісіңізде жаңалық болса, маңызын дә­лелмен жеткізе білсеңіз, қысқа-нұсқа ай­туға мән берсеңіз, өзіңіздің күнде сахнаға шығып, жәудіреген көздер алдында тұрған жауапкершілікті сезінсеңіз, ұстаз ретінде шәкірттерді жалықтырмаймыз. Бағдар­шаны қанша түрлендіріп робот мұғалім жа­саңыз, ол ұстазды алмастыра алмайды. Бәрі де өзімізге байланысты. Мен өзімді абай­танушы деп айтуға батылым жете бер­мейді, ал мектепте, жоғары оқу орын­да­рын­­да ұстаз болғанымды мақтаныш ете­мін. – Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Ұлы ақынның ме­рей­тойын тойлаудың жоспарында Абайды әлемге танытудың жол­да­ры қаралып, әлем тілдерінде ақын шығармашылығын насихаттау ісі басты мәселе ретінде көрсетілгені анық. Біз әлемге Абайды қайтсек өз дәрежесінде таныта аламыз? – Біз Абай шығармаларын жаттатып қана қоймай, мән-маңызын талдап бала­бақ­ша балаларына, мектеп оқушыларына, жо­ғары оқу орны студенттеріне солардың жас деңгейі мен қабылдау қабілетін ескере отырып оқу құралдарын жазып шығаруы­мыз керек. Тіпті, ата-ана мен мұғалімдерге көмекші құрал ретінде танымдық кітаптар шығаруымыз қажет. Осылайша, Абай даналығын өзіміз толық танымай, әлемге танытамыз деп ойлауға әзірге ертерек. − Өзіңіз басқаратын «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның жұмысы туралы айта кет­сеңіз. Бұл орталықты құрудағы мақ­сат не және ол қазірге дейін қан­дай жұмыстар істеді? − «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орта­лығы (ҒЗО) 2008 жылдың қыркүйек айы­нан бастап жұмыс істейді. Универ­ситетте ҒЗО құрудағы мақсаты – Абайдың ақын­дығы ғана яғни өлеңдері ғана айтылып, қа­расөздері көбінесе зерттеуден тыс қал­ды. Сондықтан тәуелсіз қазақ елінің жас­тарына Абай өлеңдеріндегі ақындық, қа­р­асөздеріндегі даналықты тұтас алып жаңа­ша зерттеу, әрі жас ұрпаққа тәрбие беру ісінде пайдалану үшін оқу процесіне ендіру маңызды. Көзделген мақсатқа жету үшін орталық өз жұмысын мына құрамда бастады: Ме­кемтас Мырзахметұлы, ф.ғ.д. профессор (кандидаттық диссертациясы: «Абай мұ­расының зерттеу тарихы», 1965ж. Док­торлық диссертациясы: «М.Әуезов және Абайтану проблемалары», 1989 ж), Жабал Шойынбет, ф.ғ.к. (кандидаттық диссер­тациясы: «Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері», 2006 ж), Мақсат Әліпхан, ф.ғ.к., доцент (кандидат­тық диссертациясы: «Жүсіп Баласағұн мен Абай арасындағы шығармашылық сабақ­тас­тық мәселесі», 1998ж), Марат Бекбосы­нов, ф.ғ.к., доцент (кандидаттық диссер­та­циясы: «Дулат және Абай шығармаларын­дағы отарлық езгіге қарсы әдеби сарын», 2004ж), Балжан Шойынбет, магистр (ма­гистрлік диссертациясы: «Абай шығар­ма­ларындағы шығыстық сарындар», 2012ж). «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы Абай мұрасын жинақтау, зерттеу және насихаттау ісіне бірден кірісіп, ғылыми-та­нымдық «Абайтану» циклын бастап, ал­ғашқы кітаптарын көпшілікке ұсынды: М.Мырзахметұлы, Ж.Шойынбет, М.Әліп­хан «Абайтанудың өзекті мәселелері» (Ал­маты, 2009 ж), Зейнелғабиден әл-Жауһари әл-Омскаун, «Насихат Қазақия» 1909 ж. (Алматы, «Орхон» баспасы 2009 ж), «Абай термесі», бастырушы Самат Әбішұлы, 1916 жыл (Алматы, «Орхон» баспасы, 2010 ж), Мақ­сат Әліпхан «Қазақ әдебиетіндегі Адам­гершілік ілімі» (Алматы, 2013 ж),  Ж.Шойын­бет «Абайдың қарасөздерінің ерек­шеліктері» (Алматы, 2015 ж), М.Мыр­зах­метұлы «Абай лұғаты» (Алматы, 2015ж), Ж.Шойынбет «Абайдың дана сөздері» ( Алматы, 2015ж), М.Мырзахметұлы «Хакім Абай мұрасын танып білудің 125 (1889-2014) жылдық тарихынан» (Астана, 2015ж). Сонымен бірге ректорат әкімшілігі мен факультет басшыларының қолдауына ие болған тұңғыш бастама университеттің бүкіл факультетіне жаңа «Абайтану» пәні жүр­гізіле бастады. Адамзат баласын руха­ни кемелдікке жетелейтін Абайдың толық адам туралы ілімі жас ұрпақты тәрбие­леу­дің ізгі мұрасына айналып, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің жарқын көрінісіне ай­нала бастады. Бұл пән бастауын мек­тептен алу үшін М.Мырзахметұлы шәкірті Н.Керімбековпен бірге ұзақ жыл жазып дайындады. Соның нәтижесінде әзірленген 5-9-сыныптарға арналған «Абайтану әліппесі» интеллектуалды оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасын әлемнің ең үздік технологиясымен Жапонияның Токио қаласында шығарды. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың «Исі қа­зақ Абайды білуі тиіс» ғибратын іс жү­зінде жүзеге асыра бастаған ғылыми-зерт­теу институты ұжымы ғылыми қыз­мет­керлерінің әрқайсысы бұрын терең зерт­телмеген жәуан мәрттілік, имани гүл, т.б. тың тақырыптарға зерттеу жүргізіп, ғы­лыми монографияларын дайындады. «Абайтану» пәніне студенттер зор қы­зығушылық танытқандықтан, олардың еркін пікірлесуіне және Абай даналығын одан әрі тереңдете түсуіне мүмкіндік жа­салып, «Абай мектебі» тұрақты жұмыс іс­теп келеді. Университетте ашылған «Абай» музей-кабинеті қазіргі күні тек студент­терге ғана емес, Абайды оқып, білемін деген көпшілікке арналған ізгілікті орынға айналуда. 2013 жылдан бастап жалпы білім бере­тін мектептерге енгізілген «Абайтану» пә­ні мұғалімдеріне 2016 жылдан бері Ж.Шойын­бет арнайы курс өткізіп келеді. «Абайтану пәнінің жаңалығы және хакім Абай да­налығы» тақырыбында ҒЗО абайтанушы­лары шеберлік класы дәрісін өткізуде. ҒЗО 2013 жылы университеттің «Абайтанудың өзекті мәселелері» грантына ие болды. Жаңаша көзқарастағы хакім Абай да­налығы туралы ҒЗО абайтанушылары үне­мі күнделікті баспасөзде және респуб­ликалық радио мен телеарналарда сөйлеп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ,

Алматы қаласы