6 Тамыз, 11:35 554 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Онлайн екен деп осалдық танытуға болмайды

Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Індеттің шарықтау шегінен өтсек те, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Күзде жағдай қа­лай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ деп, Білім және ғылым министрлігі өткен оқу жылының соңында қолданылған қашықтан білім беру форматын әрі қарай жалғастыруды құп көріп отыр. Бірінші тоқ­санда еліміздің барлық мектебінде 1-11-сыныптар қа­шықтан оқиды. Тек шалғайда орналасқан ша­ғын жинақты ауылды мектептер штаттық ре­жимде білім береді. Жоғары оқу орындары мен кол­ледждер де онлайн оқытуды жал­ғастырады.

Қашықтан оқыту уни­вер­ситеттер үшін жаңалық емес. Алайда мектеп оқушы­ла­ры­на білім берудің бұл форматын иге­ріп кету оңай болмайтын се­кілді. Көктемдегі тәжірибеден соң ата-аналар балаларының онлайн оқы­ғанын құптай қойған жоқ. Тех­ника мен технологияның тап­шылығы, шалғай елді-мекендерде ға­ламтор мен байланыстың әлсіз­дігі біраз уақыт үлкен мәселеге ай­налды. Десе де, індеттен сақ­тану­дың оқшауланудан өзге жолы болмағандықтан, ұстаздар да, оқу­шылар да қашықтан оқу жүйе­сіне бейімделуге тырысып бақты. Нәтижесінде өткен оқу жылының соңғы тоқсанында 3,2 млн оқушы әртүрлі тәсіл бойынша білім алды. Атап айтқанда, ғаламтор желісі бойынша арнайы дайындаған бағ­дарламалар негізінде, теледи­дар арқылы және бірнеше плат­формалар арқылы оқыды. Оның ішінде «Күнделік», «Дарын он­лайн», Bilimland және электронды кітаптардың топтамасын оқушы­лар мен ұстаздар белсенді қолдан­ды. Білім және ғылым министрі­нің өткен оқу жылы бойынша бер­ген есебіне сүйенсек, жалпы ға­ламторды қолданып, қашықтан оқы­туға көшкендердің саны – 2,4 млн оқушы. «Күнделік» элект­рон­ды жүйесін бір күнде 2,2 млн оқу­шы пайдаланған. «Дарын он­лайн» қосымшасы бойынша тіркеліп, тиісті білім алған бала­лар­дың саны 300 мың болса, Bilimland  платформасын 400 мың­нан аса оқушы қолданған. Мұны қа­шықтан оқыту жүйесіне оқу­шылардың бейімделе бастауының көрсеткіші деп есептеген министр жаңа оқу жылының алғашқы тоқ­санын онлайн оқытудан бастау туралы шешім қабылдады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің ай­туынша, шалғай елді мекендер­де орналасқан шағын жинақты мек­тептер ғана дәстүрлі формат­та оқыта береді. «Бізде 2019-2020 оқу жылындағы төртінші тоқ­сан­ның тәжірибесі бар. Алыста орналасқан саны аз мектептердегі оқу­шылар дәстүрлі форматта оқы­ды. Мұндай мектептерде бір сы­ныпта 5, 10, 15 баладан оқиды, сон­дай-ақ мұғалімдер мен оқу­шылар мектепке жаяу қатынайды. Осындай жағдайда қауіп аз бола­тынына көз жеткіздік. Сол себепті қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мек­тептерде штаттық режимде оқыту жұмыстарын ұйымдас­тыру­ға мүмкіндік беріп отырмыз», – деді ведомство басшысы.

Министрліктің дерегінше, елі­міз­де барлығы 127 мың бала бі­­лім алатын 1 934 шағын жинақты мек­­теп бар. Дәстүрлі форматта оқыту үшін сол өңірдегі, ауылдағы пандемия жағ­­дайы толығымен ескеріліп, об­лыс­тық білім басқармаларымен бір­ле­сіп шешім шығарады. Егер шағын жи­нақ­ты мек­тебі бар ауылдың өзінде ви­рус өр­шіп тұрса, қашықтан оқыту фор­­­матына кө­шіріледі.

Кезекші сыныптар қалай жұмыс істейді?

Бастауыш сыныптар үшін де дәс­түрлі форматта оқу мүмкіндігі бе­рілмек. Ата-аналардың жазбаша өті­ніші бойынша мектепке келіп оқитын оқу­шылар үшін кезекші сыныптар ұйым­дастырылады.

«Бұл жерде біз бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Кезекші сынып­тар­дың оқушылары барлық пәнді мек­тепте оқиды деуге болмайды. Қашықтан оқы­туға қиындық туғызатын негізгі пән­дер бар. Мәселен, математикадан есеп шығару, әсіресе жаңа тақырыпты алып кету оңай емес. Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына әріп таныту ке­рек. Мұндай маңызды сабақтарды қа­шықтан оқыту өте қиын. Сондай не­гізгі пәндерді мектепке қатынап оқи­ды», – деп түсіндірді Асхат Айма­ғам­бетов.

Кезекші сыныптарға қойылатын басты талап – санитарлық-эпи­демиологиялық шарттардың қатаң сақ­талуы. Әдетте бір сыныпта 20-25, тіп­ті үлкен қалаларда 40 балаға дейін оты­ратыны белгілі. Бұл жолы әр сы­ныптың өзін топтарға бөлініп, бір сы­ныпта 10-15 баладан артық отырмауы қа­дағаланады. Екіншіден, осы сы­нып­тарға қоңыраулар әртүрлі уақытта со­ғылады. Өйткені оқушылар дәлізде топ­талып жиналмауы қажет.  Үшін­ш­і­ден, дене қызуы тұрақты түрде өлшеніп, балалардың денсаулығы қатаң бақылау­ға алынады. Ата-аналарға мектеп аумағына кіруге тыйым салынады. «Бір мұ­ғалім – бір сынып» қағидаты ен­гізіледі. Оқушылар сынып жетекшісі сабақ беретін негізгі пәндерді ғана мек­тепте оқиды. Ал өзге мұғалімдер білім беретін ағылшын тілі, орыс тілі, дене шынықтыру, музыка, көркем еңбек сияқты пәндер қашықтан оқытылады.

Оқушылар «Әліппемен» қайта қауышады

Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы – бірінші сынып оқу­шылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды. Ми­нистр сүйіншілеген бұл хабарды естіп, баласы мектеп табалдырығын аттайтын ата-ана тегіс қуанды.

«Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліп­пенің» бағдарламасын оқыса, қал­ған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқи­ды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Бук­­варь» мен «Обучение грамоте» пән­дері жүргізіледі», – деді Асхат Аймағам­бетов.

Министрдің айтуынша, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдіс­темесі негізінде дайындалады. «Бірың­ғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бас­тауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқу­лық­тары­ның авторлары бар. Орынбасарым Шол­пан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағ­дарламалар мен оқулықтар дайын бол­ғаннан кейін оларды пилоттық мек­тептерде сынақтан өткіземіз деп жос­парлап отырмыз. Кейін басқа мек­теп­терге жіберілетін болады. Бұл мәселе ме­нің жіті бақылауымда», – деп сендірді бас мұғалім.

Қашықтан оқитынына қара­мас­тан, оқушылар қағаз оқулықпен толық қамтылады. Жыл сайын қыр­күйек­те ата-аналардың бас ауруына айна­латын оқулықпен қамту мәселесі биыл туындамас үшін министрлік жаңа оқулықтарды аймақтарға жөнелту жұ­мыстарына ерте кірісіпті. Карантин та­лаптары сақталуы үшін арнайы кесте жа­салып, адамдардың топталып жи­нал­мауына көңіл бөлінбек.

Алғашқы тоқсан қашықтан оқу жүйе­сімен бастағанмен, эпиде­мио­логиялық жағдай тұрақталғанда, оқушылардың мектепке баратыны анық. Сондықтан жыл ортасында ата-аналар сабылып киім іздемеу үшін алдағы оқу жылында бірыңғай мектеп формасын кию уақытша міндеттелмей­тін болды.

«Мектеп формасы» ұғымы мен оның қағидаты және оған қойылатын талаптар мүлдем жойылмайды. Тек біз жаңа бұйрыққа төтенше жағдай мен ка­рантин немесе шектеу шараларына қатысты арнайы ескертулер енгіземіз. Яғни, осындай кездерде балалардың мек­тепке ұқыпты классикалық киім­мен келуіне мүмкіндік беруіміз керек», – деді министр.

Интернет икемсіз, техника тапшы

Оқулық пен киімнің жайы ше­шілді делік. Алайда қашықтан білім беру үшін бұл екеуінен бұрын әуелі интернет пен компьютер сақадай сай болуы қажет. Өткен оқу жылының соңындағы әбігерді жұрт ұмыта қоймас: оқушыларға компьютер жетпей, ком­пью­тері барлар интернетке дұрыс қосыла алмай, әбден әлекке түскен. Ға­ламторға қолы жетпеген кейбір ауыл­дардың оқушылары тіпті пошта ар­қылы оқуға мәжбүр болды.

Жуырда осы мәселені қозғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев: «Қашықтан оқыту әді­сіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мә­селелердің бар екенін көрсетті. Мұ­ға­лімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашық­тан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам ком­пьютердің тек 40 пайызы ғана іске жа­рады. Бұл – әкімдіктер мен министр­ліктің жұмысының нәтижесі. Әкім­діктер жаңа оқу жылына дереу дайын­далып, мектептер мен жекелеген мұқ­таж отба­сыларды қажетті техникамен жабдық­тауға тиіс.1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады. Мен ми­нистр­ліктің бұл шараға дайын екен­дігіне күмәнім бар», – деп алаң­дау­шы­лық білдірді.

Министр мектептерде техника қат екенін жасырмайды. Орта­лық коммуникациялар қызметінде өт­кен брифингте: «Иә, шын мәнінде Мем­лекет басшысы айтқандай, мек­теп­тер­дің балансындағы көп компьютерлер жұмысқа жарамсыз. Дегенмен бұл бір жылда болған мәселе емес, қанша жыл­дан бергі жиналған түйткілдер. Істен шық­қан компьютерлерді, олар­дың жал­пы жағдайы туралы мәліметтер уа­қы­тылы жаңартылмағандықтан, мә­селе күр­деленіп отыр. Қазірдің өзінде жер­гілікті атқарушы органдармен бірлес­кен жұмыстың нәтижесінде 36 мың жаңа компьютер сатып алынды. Жаңа оқу жылына дейін тағы да сатып алу жұмыстарын ұйымдастырамыз», – деді А.Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, ел мектептерінің ба­лансында  405 мың компьютер бар.  Оның 40 пайызы, яғни 162 мыңы ғана жұ­мысқа жарамды. Оған жаңадан са­тып алынған 36 мың техниканы қоссақ, 200 мыңға да жетпейді.  Мектептердің сұранысын қамтамасыз ету үшін әлі 200 мыңнан астам компьютер қажет. Тех­ника сатып алуға шамасы келмейтін мұқтаж отбасылардың сұранысы тағы бар. Министрлік оның бәрін бір ай ішін­де сатып алып, оқу жылы бастал­ғанша діттеген жеріне жеткізіп үлгере ме? Құрылғысы жоқ оқушы онлайн оқуды қайтсін?

Интернет жыры – өз алдына бө­лек тақырып. Көктемдегі «төтенше» тоқсан Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі ауыз толтырып айтып жүр­ген жетістіктердің тек қағаз жүзін­де екенін көрсетті. Ал іс жүзінде қазақ­стандықтардың интернетпен қамта­масыз етілу деңгейі де, еліміздегі ға­лам­тордың сапасы да көңіл көншіт­пей­тініне көз жетті. Бұл мәселені Білім жә­не ғылым министрлігі телеарналар­дағы видео, радиодағы аудио сабақтар мен пошта қызметі арқылы шешкендей болды. Ғылым мен технология қарыш­тап дамыған бүгінгі заманда өзгелер алға ұмтылып жатқанда, біздің мұны­мыз артқа жылжу емей немене?

Министрлік «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарлама­сын іске асыру аясында жыл соңына дейін интернетті белсенді пайдалану­шы­лардың үлесі 88 пайызға дейін, ал цифр­лық сауаттылық деңгейі 83 пайыз­ға жететініне сендірген. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 2021 жылға дейін 5163 ауылдық елді мекен кеңжолақты ин­тернетпен қамтылуы тиіс. 2020 жыл­дың бітуіне 4-ақ ай қалды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен есеп сұралатын күн де алыс емес. Алайда ведо­мство басшысы Асқар Жұмағалиев қыз­метінен кетті. Жаңадан тағайын­далатын министр бұрынғы министрдің уәделерін орындауға құлық таныта қоюы екіталай. Жаңа басшы өз рефор­масын енгізуі мүмкін. Оның жемісін қанша уақыт күтетініміз белгісіз. Сон­дықтан індеттің тезірек ауыздықталып, оқушылардың мектеп партасына көп ұзамай оралуын тілегеннен басқа қол­дан келер қайран жоқ. Әйтпесе, ин­тер­нет икемсіз, техника тапшы болып тұр­ғанда онлайн оқудың сапасы жайлы сөз қозғаудың өзі қисынсыз.

 

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Назым Исмаханбет, ата-ана:

Оқушыға білім алу ғана емес, қоғаммен байланыста болу да маңызды

– Қашықтан оқу мен дәстүрлі оқудың өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Оның бәрін жіпке тізіп жатпай-ақ қояйын. Алайда дәл қазіргі жағдайда, ұлым бірінші сыныпқа бара­тын кезде мен үшін қашықтан оқытудың артықшы­лы­ғынан кемшілігі басым болып тұр. Онлайн оқуды оффлайн оқу мүлдем мүмкін болмаған жағдайда ғана қолдануға болатын шара ретінде қарас­тыра­мын. Неге десеңіз, бала үшін білім алу ғана емес, эмоционалды сұраныстарының қана­ғат­тандырылуы, қоғаммен байланыста болуда аса маңызды. Қоршаған ортамен қарым-қатынасты үзіп, оқшау өмір сүргеннің кесірінен қоғамға пайдасын тигізе алмаған, білгенімен бөлісе алмаған талай ғұламалар, оқымыстылар өмірден өтті. Егер қоғаммен байланыста болса, олардың  ашқан жаңалығы, жинаған білімі адамзаттың игілігіне айналар еді.

Екіншіден, бала бірінші сыныпқа барғанда стресті бастан кешеді. Өзінің жылы ұясынан, ата-анасының жанынан жырақтап, жаңа ортаның қағидаларын, тәртібін, өзгелердің алдында өзін-өзі ұстауды үйренеді. Ал онлайн оқу кезінде бала үйден, яғни комфорт аймағынан шықпайды, сәйкесінше стреске түспейді. Өзімізге қолайлы ортадан шықпасақ, күйзеліске түспесек, өспейтініміз белгілі.

Үшіншіден, бала алғаш мектеп табалдырығын аттағанда оған ойын арқылы үй­рену, апайының эмоциясын көру маңызды. Мұғалім өзге балалардың сұрағына қалай жауап береді, қандай ым-ишара жасайды – бала психикасының қалыптасуында мұ­ның бәрі үлкен рөл ойнайды.

Дегенмен дәл қазіргі жағдайда онлайн оқу мәжбүрлі шара екенін ұғып отырмыз. Балалар мүлдем білім алмай, уақытын босқа жоғалтқаннан гөрі қашықтан оқығаны дұрыс деп ойлаймын.

 

Ақмарал ШАТЕМІРҚЫЗЫ, Алматы қаласындағы №173 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

Жазғы демалысқа бөлінген ақшамызды техникаға жұмсауға тура келді

– Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында шұғыл түрде енгізілген қашықтан оқыту жүйесіне біріміз дайын болсақ, біріміз дайын болмадық. Бұл біріншіден, мұғалімдердің  технологияны қаншалықты меңгергеніне байланысты болса, екінші жағынан ақпараттық коммуникациялық технологияның, яғни интернет  желісінің жылдамдығына тәуелді болдық. Оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық платформаны, әлеуметтік желілерді қолдандық. Оқушыларды жаңа форматқа үйрету, сабаққа қатысуға шақыру, кері байланысқа тарту оңайға соққан жоқ. Біздің мақсатымыз – қиыншылықтарға  қарамастан, қалайда оқушы жүрегіне білім нәрін егу болды. Министрлік тез шешім қабылдап, мектептердегі компьютерлер мен ноутбуктерді мұғалімдер мен мұқтаж оқушыларға  таратып берді.

Жасыратын несі бар, қашықтан оқыту кезінде өзіміздің де, алдымыздағы техниканың да қаншалықты заманауи екенін байқадық. Жазғы демалысқа бөлінген ақшамызды техникаға жұмсауға тура келді. Онлайн оқыту кезінде ірі оқу орталық­тары дайындаған дайын видеоларды таратушы ғана болмай, өзіміз де видеосабақтар дайындаймыз деп бел буып, белсенді мұғалімдер  компьютер, телефон, лампа, штатив, микрофон-петелька да сатып алдық.  Әрине, бірін қолда бар ақшаға, енді бірін кре­дитке алып отырмыз.

Жаз бойы мұғалімдер тыным тапқан жоқпыз, әлеуметтік желілерде ұсынылған курстарға қатысып, қашықтан оқытудың синхронды және асинхронды түрлерімен танысып, оқумен, ізденумен болдық. Әлеуметтік желілерде  тараған Stepik сайтындағы тегін онлайн-курстар да мұғалімдерге үлкен көмек болып отыр.

Қазір мен директордың қолдауымен өз мектебіміздің мұғалімдеріне 5 күндік тегін марафон өткізіп жатырмын. Марафонға 109 мұғалім қатысуда. Бейнесабақтарды түсіру үшін ең оңтайлы бағдарламаларды қадам-қадаммен егжей-тегжейлі үйретіп  жатырмын. Марафон қатысушылары мұғалім имиджін қалыптастыру, Саmtasia Ctudio бағдарламасымен аса өнімді бейнесабақтар құрастыру, Bandikam  бағдарламасымен монитордан сабақтар жазу, ZOOM видеоконференцияға арналған қосымшаны тиімді қолдану секілді дағдыларды үйрене алады.

Онлайн оқытудың оқушы үшін ұтымды жақтары аса көп. Ақпарат нақты жүйе­ленген түрінде беріледі, оқушы берілген білімді өз ыңғайына қарай түсте де, кешке де, түнде де қарап, қайталап оқуға мүмкіндік алады. Әр оқушының жеке жауап­кершілігі жақсарады деп күтеміз, мұғалім төбелерінен қарап, жазыңдар, оқыңдар деп тексеріп тұрмайды, оқуды да жазуды да мақсат қойып өз еркімен орындайды. Технологияны, түрлі гаджеттерді  тиімді, бағытқа сай қолдану керектігін түсінеді әрі мұғаліммен кері байланысқа да еркін түсе алады.  Ал ата-анада баланың білімге деген ынтасын бақылау мүмкіншілігі  және отбасында түсінісушілік пен ұйымшылдық та артады деп сенеміз. Әрине, мектепте көзбе-көз оқытқанға не жетсін?! Мектебімізді де, оқушыларды да, әріптестерді де сағындық.

Жаңа оқу жылының табысты болуы тек Білім және ғылым министрлігі ғана емес,  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің де жауап­кершілігінде деп ойлаймын. Ал енді оқушыларымыздың компьютермен қаншалықты қамтылғаны – өз алдына жеке тақырып. Тек телефонмен сабақ өту немесе білім алу жарамайды.  Әр шаңырақта мұздатқыш пен теледидар болатыны секілді компьютер де болуы қажет. Бұл – қажеттілік.

Жалпы, мынау аты жаман індет төніп тұрған кезде, жаңа оқу жылында  қашықтан оқыту – оқушылардың, ата-аналардың, мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін қабылданған оң шешім.

 

Ғалия ДАУЛИЕВА, экономика ғылымдарының  кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі «Экономика» кафедрасының профессор міндетін атқарушы:

Жұмысымыздың нәтижесі интернеттің сапасына байланысты

– Наурыз айында коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай режімі енгізіліп, аяқ астынан қашықтан оқыту жүйесіне көштік. Дайындыққа уақыт аз болғандықтан, қиындықтар, қателіктер болды. Десе де, басшылықтың  жедел әрекет етуі және университеттің Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының жүйелі жұмысы арқасында оқытушылар мен студенттер онлайн оқуға қысқа уақытта төселді.  Мұғалімдер үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылып, білім беру платформаларымен жұмыс істеуді үйрендік. Негізінен, Zoom, MS Teams платформалары,  сондай-ақ  ҚазҰУ-дың Univer, СДО Moodle деп аталатын өз жүйелері белсенді қолданылды. Көктемгі емтихан кезінде «Оқулық» платформасын пайдаландық.  Тағы бір ерекше атап өтерлігі, университет басшылығы оқытушыларға халықаралық Coursera платформасына қолжетімділікті қамтамасыз етті. Сол платформадағы өзіміздің оқу-әдістемелік пәндердің мазмұнына сай келетін онлайн курстардан тегін өтуге мүмкіндік алдық.

Шыны керек,  қашықтан оқыту мұғалімдердің жүктемесін арттырмаса, жеңілдеткен жоқ. Сабақ өткеннен бөлек, оның жазбасын жасап, Youtube-қа жүктеп, өтілген пәндердің есебіне енгіземіз. Мұның бәрі біраз уақытыңды алады. Кураторлық топпен тәрбие жұмыстарын да онлайн жүргіздік.

Университетіміз жаңа оқу жылына қызу дайындалуда. Көктемде өзімізге қолайлы платформалардың бірін қолдансақ, қыркүйектен бастап бірыңғай MS Teams платформасымен жұмыс істеуді меңгеріп жатырмыз. Өйткені бұл платформада өткізілген сабақтың видеосы автоматты түрде сақталады. Құзыретті органдар кез келген уақыт бойынша сілтеме арқылы кіріп, сабақтың сапасын тексере алады. Жуырда осы платформа бойынша оқытушыларға екі апталық вебинар ұйым­дастырыл­ды. Оның алғашқы аптасында Ақпараттық технологиялар және инно­вация­лық даму институтының мамандары дәріс берсе, екінші аптасында ресейлік мамандар өз тәжірибесімен бөлісті.

Көктемдегі тәжірибеміз бар, қазіргі ізденістеріміз бар – жаңа оқу жылында қашықтан білім беру жүйесі жетіле түседі деп сенеміз.  Студенттерге қолда бар құрал­дармен жан-жақты білім беру, оқу процесін барынша қолайлы әрі сапалы ұйым­дастыру бағытында еңбектеніп жатырмыз. Тек бір қынжылтатыны, жұмысымыздың нә­тижесі көп жағдайда интернеттің сапасына келіп тіреледі.  Көктемде шалғай ауыл­дарда тұратын шәкірттеріміз оқу платформаларына кіре алмай қиналды. Алма­тының шет аудандарында тұратын студенттердің өзі интернет сапасына шағы­м­да­нады. Бұл мәселе шешімін таппаса, оқытушылардың еңбегі еш болуы мүмкін.

 

Соңғы жаңалықтар