Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ – министр

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ – министр

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ – министр
ашық дереккөзі
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамаларды қаржыландыру идеясын ілгерілету шаралары қабылданатынын айтты.  «Бүгін біз Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары әзірлеген үй жануарларын қорғау туралы заң жобасын қоғаммен талқылауға жиналып отырмыз. Қазақстанда жануарларды қорғау туралы жаңа заң жобасының қажеттілігі әлдеқашан жетілген. Қазіргі уақытта барлық жануарға, оның ішінде, үй, жабайы және ауыл шаруашылығы жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ. Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде жиі кездесіп жатыр. Алайда, бүгінде Қазақстандағы жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін тағайындалатын жаза тым жеңіл. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша, бірінші кезекте, жануарларды хайуанаттар бағында ұстауға қойылатын талаптарды қатаңдатуды алға қойып отырмыз. Сондай-ақ, жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамаларды қаржыландыру, зоологиялық волонтерлікті қолдау мен оқушылар, студенттер арасында да жануарларға жауапкершілікпен қарау идеясын ілгерілету шараларын қабылдау жоспарда бар», – деді министр онлайн режимде өтіп жатқан талқылауда. Осы орайда ол соңғы кездері жануарларға қатыгездікпен қарау фактілері қоғамда кеңінен талқыланғанын еске салды. «Шын мәнінде проблема өте күрделі. Зерттеулерге қарағанда, жануарларға қатысты жасалған қатыгездік салдары кейіннен адамдарға да қатыгездікпен қарау секілді қайғылы жағдайларға алып келеді. Яғни қоғамда психикасы бұзылған адамдардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Осы орайда қоғамда өнегелілік қағидаларын, барлық жануарларға жауапкершілікпен қарау нормаларын кеңінен насихаттау керек», – деді М. Мырзағалиев. Оның сөзіне қарағанда, осы процеске қоғамды көптеп тарту керек. «Осы салада түрлі жағымсыз көріністерге нақты заңнамалық тосқауыл қоюымыз керек және заңды бұзғандарға тиісті жазасын беру қажет. Өздеріңіз білесіздер, осы сипаттағы қылмыстар үшін жаза өте жеңіл. Сондықтан оны қатаңдатқан дұрыс. Осы мәселені ескере отырып, заң жобасын жан-жақты пысықтау үшін бүгінгі талқылауды ұйымдастырдық. Осы орайда заң жобасының нормаларын талқылау мен қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді ведомство басшысы.