5 Тамыз, 09:16 11253 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Бейруттағы жарылыс неден болғаны анықталды

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Ливан астанасы Бейрут портта болған екі жарылыс салдарынан 78 адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам жарақат алған, қаланың бірнеше ауданы толықтай қираған. Билік мәлімдемесіне сәйкес, аммоний нитратының үлкен партиясы (аммиак селитрасы деп те аталайды) портта ұзақ уақыт қауіпсіздік шараларынсыз сақталғаннан кейін жарылған, – деп жазды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Жарылыстың көптеген куәгерлері әлеуметтік желілерде порттың үстінде алдымен түтіні көрініп, содан кейін жойқын жарылыс болғаны, кейіннен қаланы саңырауқұлақ тәрізді бұлт басқаны түсіп қалған кадрларды жариялады. Жарылыс толқыны көптеген ғимараттарды, соның ішінде порттан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан нысандарды да қиратып, көліктерге де зиян келтірген.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, зардап шеккендердің саны әлі артуы мүмкін, өйткені адамдар ғимарат қирандыларының астында қалған.

Би-би-си тілшісі оқиға орнынан Бейрут портына қатты зақым келгенін және оның әлі жұмыс істемейтінін хабарлайды.

«Жақын маңдағы барлық ғимараттар қирады. Маған қараңғыда әйнектер мен олардың сынықтарының үстімен жүруге тура келді», – деді куәгерлердің бірі Франс пресс агенттігіне.

Жарылыстың күшті болғаны соншалық, ол Бейруттан 240 шақырым жерде орналасқан Жерорта теңізінің Кипр аралына да естілген. Ливан Қызыл Кресті Бейруттағы ауруханалардың адамға толып кеткенін хабарлады.

Ливан президенті Мишель Аун елде үш күнге созылатын аза тұту күнін жариялады. Сондай-ақ оқиғаның салдарын жою үшін 100 миллиард лира (66 миллион АҚШ доллары) бөлуге уәде берді. Бейрут апат аймағы деп жарияланды. Ал билік әскерді қауіпсіздік үшін пайдалану құқығын алды.

Соңғы жаңалықтар