Елордада мыңға жуық науқасты емдеген тағы бір стационар жабылды

Елордада мыңға жуық науқасты емдеген тағы бір стационар жабылды

Елордада мыңға жуық науқасты емдеген тағы бір стационар жабылды
ашық дереккөзі
"Рамада Плаза" ғимаратында орналасқан жұқпалы аурулар стационары жабылды. Бүгін бұл жерден толық сауығудан кейін коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауыратын соңғы 20 науқас шығарылды, деп хабарлайды Сovid19.astana.kz сайты. №3 қалалық көпсалалы аурухананың терапевті Дәурен Молдажановтың айтуынша, 1 шілдеден бастап осы ауруханада COVID-19 ауруы бар, оның ішінде ауырлық дәрежесі орташа және ауыр мыңға жуық науқас емделді. "Бұл стационар өз міндетін толықтай орындады. Нұр-Сұлтан әкімдігі оттегі концентраторларын жеткізді. Науқастарды күту үшін барлық медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер болды. Бұл бізге жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берді", – дейді Д.Молдажанов. Зейнеткер Бибіжан Қаппарова, көптеген адамдар сияқты, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда өз бетінше емделген. Бірақ көп ұзамай сырқатты медициналық көмексіз жеңе алмайтынын түсінген. "Мен сегіз күн бойы үйде емделдім. Содан кейін ғана жедел жәрдем шақыруға шешім қабылдадым. Мені осы ауруханаға алып келіп, он күн емдеді. Дәрігерлеріме, барлық медицина қызметкерлеріне алғысым шаксіз. Өздеріне төнген қатерге қарамастан басқалардың өмірін сақтап қалғандарыңыз үшін рахмет! Бізде осындай жауапкершілікті, адам жанына араша болар жас мамандардың барына қуаныштымын!" – дейді Бибіжан апа. Жалпы, қалада COVID-19-ға қарсы күреске 16 стационар жұмылдырылған. Естеріңізге сала кетейік, 27 шілдеде Психикалық денсаулық орталығының клиникасынан COVID-19 бар соңғы науқас шығарылды. Бір жарым айдың ішінде мұнда 1044 науқас емделді. Шілде айының басынан бастап Нұр-Сұлтан стационарларында пневмониямен ауыратындар саны 5 есе азайды. Қабылданған карантин шаралары мен қала емханаларында амбулаториялық емдеуді күшейту нәтижесінде жедел жәрдем станциясына қоңыраулар саны 3 есе – күніне 3 мыңнан мыңға дейін, төсек-орын қорының жүктемесі 99%-дан 30%-ға азайды.