Бүгін – Құрбан айт мерекесі

Бүгін – Құрбан айт мерекесі

Бүгін – Құрбан айт мерекесі
ашық дереккөзі
Бүгін күллі мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мерекесі басталды. Ораза айттан кейін 70 күн өткенде келетін Құрбан айт мерекесін көпшілік мұсылман 3 күн қатарынан тойлайды. Биылғы Құрбан айт мерекесі ғұламалар кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Яғни ұлық мерекенің алғашқы күні – қасиетті жұмаға дөп келді. Әйтсе де, еліміздегі карантин мерзімі 2 тамызға дейін ұзартылғандықтан, республика бойынша мешіттер жабық. Осыған байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. Елдегі эпидемиологиялық ахуал Құрбан айт мейрамын жылдағыдай мерекелеуге мүмкіндік бермей тұр. Бұл жағдайға бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсіністікпен қарауға шақырған болатын. Мерекенің басты рәсімі – жаратушы разылығы үшін құрбан шалу. Бұл рәсім діни наным бойынша Ибраһим пайғамбар заманынан бері келе жатыр деп есептеледі. Құрбан шалу ұлық ғибадат әрі жағдайы келген мұсылманға уәжіп. Осынау ғибадатты орындау мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы халықтың өтінішін ескере отырып, биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты ашылып, 24 шілдеден бастап тәулік бойы жұмыс істей бастады. 30 шілдеге дейін құрбан шалуға онлайн тапсырыс қабылданды. Кез келген азамат онлайн құрбан шалуға тапсырыс бере алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, БАӘ сынды бірқатар мұсылман мемлекетте бұрыннан қалыптасқан және дәстүрге айналған.