Абай мұрасы – халықтың рухани тірегі

Абай мұрасы – халықтың рухани тірегі

Абай мұрасы – халықтың рухани тірегі
ашық дереккөзі
Биыл қазақ халқының ұлы ойшылы, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақын мұрасын насихаттаудың өзектілігін нұсқап, оны бүгінгі қоғамның рухани тірегіне айналдырудың маңызын назарға салды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қалың жұрттың назарына «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» виртуал көрмесін ұсынады. Елбасының жеке архиві, кітапханасы мен музейінің қор материалдарынан жасақталған көрме философия, әдебиет, поэзия, музыка салаларымен ұштасқан кемеңгердің мирасынан сыр шертеді. Тәуелсіздік тұсында қазақ халқының тарихи санасы мен мәдени мұрасын жаңғыртудың мәнін Тұңғыш Президентіміздің Абай мұрасына арнаған мақалалары мен көпшілік алдында сөйлеген сөздерінен табуға болады. Олардың әрқайсы қазақ әдебиетінің негізін қалаған ойшылдың шығармашылығына талдау жасайтын ғылыми зерттеуге татиды. Абай даналығынан ақиқат іздейтін кез келген азамат сияқты Н.Назарбаев та жас республиканың күрделі мәселелерін шешуде сұрақтарының жауабын жан-жақтан терең іздеді. Жаһанның мәдени-гуманитарлы кеңістігінде Қазақстанның бейнесі мен мемлекеттік, ұлттық бірегейлігі Елбасының ел шекарасынан тыс Абай мұрасын жүйелі насихаттауымен тұспа-тұс қалыптасты. Осы тұста мерекелер күнтізбесіндегі Абай Құнанбайұлының мерейтойын атап өту дәстүрі қазақ мәдениетін қайта өрлетті. Ұлт ойшылының құрметіне әлемнің түкпір-түкпіріне ескерткіш, мемориал, әдебиет музейі сияқты нысандарды тұрғызған Қазақстан Республикасы Абайдың философиялық, гуманитарлық, әдеби мұрасын кеңінен насихаттау арқылы жаһандану дәуірінің рухани тірегін қалыптастырғаны хақ. 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен премьер-министрдің орынбасары Қуаныш Сұлтанов ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майорға арнайы хат жолдап, Қазақстан атынан ЮНЕСКО-ның 1995 жылғы күнтізбесіне Абайдың 150 жылдық мерейтойын енгізуді сұрады. Дәстүрге сәйкес, ЮНЕСКО күнтізбесіне жылы қос нөлмен дөңгелектелген мерейтойлар ғана енуші еді. Алайда түсіністік танытқан ЮНЕСКО 1995 жылды «Абай жылы» деп жариялап, ұлы ойшылымыздың есімін жер бетіне паш етті.  Париж, Анкара, Дели, Пекин, Каир, Будапешт сияқты әлемнің ірі қалалары Абайға ілтипат танытты. 1995 жылғы 9 тамызда Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған негізгі іс-шара Алматыда өтті. Республика сарайында өткен салтанатты отырысқа ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор, Әзербайжан Президенті Гейдар Әлиев, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Ресей Федерациясы президентінің жеке өкілі және премьер-министрдің орынбасары Юрий Яров, Татарстан Президенті Ментемір Шәймиев сынды көптеген елдің беделді азаматтары қатысты. Жиналған қауым Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Абай туралы сөзін» зор ықыласпен тыңдады. Өз баяндамасында Елбасы: «Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен  пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы...», – деп ой түйді. 10 тамызда мерейтойлық шаралардың легі Абайдың туған жері – Семей қаласында жалғасын тапты. Ақынның туған күніне орай облыстық музыка-драма театрында өткен салтанатты кешке Федерико Майор мен Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 11 тамызда Жидебайда мемориал кешенінің ашылу  салтанаты ұйымдастырылды. 1995 жылы Ұлыбритания астанасы Лондонда Абай үйі ашылды. Бастаманы белгілі жазушы, драматург, қоғам және саясат қайраткері Роллан Сейсембаев ұсынған болатын. 2003 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Абдулла Гүлдің қатысуымен Ыстамбұлда Абайға ескерткіш ашты. Сол жылы Ыстамбұлда қазақ ойшылының мұрасын зерттейтін Абай мектебі ашылды. Бүгінде ол 500-ден астам студентке білім азығын беріп отыр. 2006 жыл Қазақстандағы Пушкин жылы мен Ресейдегі Абай жылы деп жарияланды. Бұл шешімді екі мемлекеттің басшылары бір ауыздан қабылдады. Бас қаламыз бен Мәскеуде қос ақынның құрметіне қола ескерткіштер тұрғызылды. Ресей астанасына тарту еткен ескерткішіміздің ашылу салтанатына 2006 жылғы 4 сәуірде Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 2007 жылғы 15 қазанда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Тегерандағы Иранның ұлттық кітапханасында Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашты. 2013 жылғы 14 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты мен Абай ескерткішінің ашылу салтанатын тамашалады. Ташкентте ашылған ұлы ағартушының ескерткіші қос мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың дәйегіне айналды. Ал Венгриядағы Абай ескерткіші Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен 2014 жылғы маусымда Будапешт қаласының тарихи музейлері мен киелі орындары шоғырланған орталығына орнатылған болатын. Делегациямыздың құрамына ұлы ойшылдың туған жері, Шығыс Қазақстан облысының өкілдері кірді. Облыстың жас дарындары Абайдың әндерін венгр тілінде шырқап, көпшілікті таң қалдырды. 2016 жылғы 13 қазанда қазақ халқының ағартушысына арнап салынған ескерткіш Египет астанасында ашылды. Бюст Каир қаласының орталығында орналасқан «Азаттық және достық» саябағына орнатулы тұр. Ұлы ойшылдың есімі мен мұрасын сақтау жолында жасалған бұл жұмыстардың арқасында қазақ халқы да, жер-жаһан өркениеті де Абай әлемін ашып, ақын шығармашылығының терең мәнімен таныса алды. Данагөй ағартушы шетелдік классиктердің қаламынан тамған туындыларды аудару арқылы жерлестерін әлем мәдениетімен таныстырды. Бүгінде ХХІ ғасырдың өкілдері Абайды адамзатқа ортақ құндылықтардың тұтқасы деп қабылдайды. Олардың түсінігіндегі Абай –  қырғи қабақтан азат бейбітшіл ұстанымдардың үлгісі, Елбасы бастамаларының негізіне алынған абыройдың тұғыры. «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» бейнекөрмесін Елбасы кітапханасының ресми сайтындағы «Виртуалды көрмелер» бөлімінен табуға болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының баспасөз қызметі