Кәкітай – Абай жоқшысы

Кәкітай – Абай жоқшысы

Кәкітай – Абай жоқшысы
ашық дереккөзі
Абайтану ғылымының бастауында тұрған аса қадірлі есім­дердің бірегейі – Кәкітай Ысқақұлы. Ұлттық ой­лау жүйеміздің төлбасы ретінде танылған, бүткіл әлем хал­қы ұлтымыздың маңдайына біткен біртуар әрі қайталанбас тұл­ғасы санайтын хәкім Абайдың немере інісі. 1909 жылы Петербордағы Ілия Бораганскийдің баспаханасынан ба­сылып шыққан ақынның алғашқы кітабын құрастырып, әзір­леген, жинаққа ақынның өмірі мен әдеби қызметі тура­сында  алғы сөз жазған азамат. Асылында, Кәкітай – да­нышпан ақынның немере інісі ғана емес, өзінің кіндігінен өн­ген төл перзентіндей аса жақын әрі ғұламаның шын ын­та-шынтасы, пейілі ауған ер еді. Абай мұрасына жоқшы бол­ған Кәкітай туралы Әрхам Ыс­­қа­қов: «Абай Кәкітайды он жа­сын­­да өзі бала ғып қолына алып, со­­д­ан жиырма төрт жыл бойы қа­сында ұстап, тәлім-тәрбие бер­ді деп бұрын жазылған еді. Абай­дың өз баласы Ақылбай жа­сынан үлкен әке-шешесінің қа­рауында болып жатбауыр болып өсті. Екінші ұлы Ғабдырахманды жасынан орыс школына жіберіп оқытып, ғылым жолына салды. Мағауия жасынан науқастау болып жүріп-тұруға жа­рам­сыз жі­гіт болды. Ендігі Абайдың алыс-жақыны, дос-жарына, ай­тыс-тар­тысына жұмсайтын ада­мы, ке­регіне жаратқан баласы Кәкітай болды»,  – деп жазады есте­лігінде. Яғ­ни, Кәкітай ақын­ның жанында жүр­ген, оның көп ақыл-кеңесін есті­ген, түрлі мәс­лихат, жиындарда ке­л­елі ойын, шешендігін тыңдап, жа­дына тоқыған жан. Абайдың мі­незі, болмысы, уайымы мен арманы, се­­німі мен үміті бәрі-бәрі оған аян, белгілі болатын. Тағы да Әрхам Ысқақовтың ес­телігіне жүгінсек, «Оны­мен қабат Абайдың бір бет қағазға жа­­зып тастап яки ауызша айтқан өлең­деріне, қара сөздеріне Кә­кітай иелік жасап жинап, сақ­тап отыра­тын болған»,  – дегені сол ойымыз­ды шындыққа жанас­тырады. Абай мұрасының мұра­гері, жинаушысы һәм насихат­шы­сы. Және ол соңғы демі қал­ған­ша Абай мұрасына, Абай сө­зі­не үлкен жауапкершілікпен қа­рап өткен. 1904 жылғы 23 маусымда Абай дүн­иеден өтіп, ғұмыр-уа­қыты соғуын тоқтатты. Ел аб­ды­рап, өлім үс­тіне өлім, қайғы ү­с­тіне қайғы жа­м­алып, мамыражай тірліктен мән кет­кен шақта, ие­сіз қалған ел-жұрт­қа аға болып, қожа райында жөн көр­сетіп, тіз­гінді алған осы – Кәкі­тай Ыс­қақұлы. «Абай, Ақылбай, Ма­ғауия төрт айдың ішінде өліп, олар­ға қа­раған он шақты ауыл бас­шы­сыз, панасыз қалған соң бұрын­нан сол ауылдардың өз адамы бол­­ған Кәкітай мал мен жанға ие­лік жасады. Батаоқырын, ке­лімді-ке­тімді көп қонағын, жас ба­ла, же­сір әйелдерін, көрші-қо­лаңдарына бас­шылық етті. Кем­шілік-таршы­лық көрсетпеді»,  – деп мән-жайдың та­рихын шы­найы дерекпен көз­көр­ген Әрхам осылай жазған-ды. Кәкітайдың ақын мұрасын жи­­­нап, кітап қылып шы­ғару­да­ғы ісі – ұлт тарихындағы ай­­рықша мә­­ні зор оқиға. Абайдай асыл­­дың қазыналы сөзін қазаққа жет­­кізу – баспасы жоқ, өнер мен мә­­дениет дамымаған замандағы ең бір қиын, қияметі мол шаруа еді. Ер Кәкітай өмірден өткенде Алаш көсемі Әлихан Бөкей­хан қайғырып, «Қазақ» газетіне мү­наһиб (некролог) мақала жа­зып, оның ұлт руханиятына қосқан үле­сін жоғары бағалаған болатын. Әле­кең Кәкітайды: «Кәкітайдың әке­сі Ысқақ – ақын Абайдың інісі. Кә­кітайды жасынан сүйіп, Абай қа­сына ертіп баулыған. Абай қасында жү­ріп, школ көрмей Кәкітай орыс­ша оқу, жазу білген. Абай білетін Европа писателдерімен Кәкітай да таныс, оқыған еді. Ыждаһат-талап ар­қасында ұста болған, орысша топ­та сөйлеуге ұйалмайтын сөз біле­тін еді», – деп сипаттап, оның бі­лім­ге деген құлшынысы мен өзін-өзі жетілдірген талабын ерекше атай­ды. Кәкітайға, Турағұлға хәкімнің кі­табын шығарып, оқыр­ман­ға таратайық деген ұсынысты ең алғаш айтқан – Әлихан Бөкей­хан болатын. Талассыз ақиқат. Тарих өзі дәлелдеген шындық. Бұл ту­ралы Әлекеңнің өзі де жазған. Сол дерекке көз жүгіртсек: «1904 жы­лы Абай марқұмның өлеңін кі­тап қылып басыңдар деп, бала­лары­на хат жаздым. 1905-ншы апрел айағында Кәкітай Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған кел­ді. 1905-ншы жылы жазғытұрғы сайа­сат ісі не екенін біздің «Қа­зақ­ты» оқушылар білер. Кәкітай біздің үй­де бірер жұма жатты. Абай, Пуш­кин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық», – дейді. Мі­не, осылай Алаштың бір тұлғасы өзіне дейін өмір сүрген қазақтың бір кең маңдайлы ұлының тағ­дыры­на сәуле түсіріп, оның рухани өмірін ұзақ қылуға себепкер бол­ған-ды. Әлихан жаққан сол сәуле – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ру­хани ұстанымына айналып, жас мем­лекетті алға бастап келеді. Ал Әли­хан тұғырға шығарған Абай тұл­ғасы – кең байтақ қазақ елінің тер­риториясынан шығып, әлемдік деңгейге көтерілген. Абай тұлғасы сол Пушкин, Гете, Данте биігінде тұр! Абайдың алғашқы кітабын шығару ісі тура үш жылға со­зылыпты. 1906 жылы Кәкітай Әли­ханмен кеңесіп, бағыт-бағдар алған соң, ауылға келіп, бөлек киіз үй тіктіріп, Мүрсейіт молда Бікеұ­лын алдырып, «Сен мына біз жина­ған Абай өлеңдерін реттеп жаз»,  – деп тапсырма берген. Сосын Се­мей­ден Омбыға, Омбыдан Қазанға, Қа­заннан Петерборға барып, ақы­рында Петербор баспаханасымен ке­лісім жасап, еліне келген. Мүр­сейіт жазған қолжазбаны жіті қарап, баспаханаға салады. Баспа­хана туралап, реттеп алғашқы сүйін­ші данасын (сигнальный) Се­мейге салып, корректурасын қа­раң­дар деп бұйырады. Семейден Әнияр Молдабай баласы күтіп алып, Кә­кі­тайға жеткізеді. 1909 жылы осылай шыққан екен бұл кітап. Әрхамның естелігінде: «Абай­дың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітайдың өзі жазған. Соған қарап, Кәкітай Абайдың өмірінен бі­летіні аз деп ойлап қалуға бол­май­ды. Жиырма төрт жыл Абайдың жанында болған барлық қызық-шы­жығын бірге көрген Кәкітай Абай өмірі туралы көлемді еңбек жаз­ған еді. 1919 жылы Совет өкіме­тінен қашқан «Колчактың» әскер­лері Кәкітайдың клетіндегі үш аб­дыра жинаған кітабын, жазған ең­бегін және Абайдың көп мате­риал­дарын өртеп жібереді. Сондықтан Абай өмірі туралы жазғандары жа­рық көрмей жоғалды»,  – деп жа­зыл­ған. Задында, Колчак әскері бұл қазынаға тиіспегенде, Кәкітайдың мұрасы аман-есен сақталып, бүгінге жетер болса, біз сөзсіз Абай туралы тың деректермен танысып, ақын тұлғасын жаңаша пайымдайтын едік. Академик Мұхтар Әуезов Кә­кі­тай жазған Абай туралы ма­қаланы ерекше бағалап, ақын­ның өмірбаянын жазуға тигізген сеп­тігі зор деп айтқан. Мәселен, «Қай ақынды болса да ең мол та­ны­татын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды бас­па жүзінде танытқан ең­бекке тоқталайық. Бұл жөнде қа­зақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген, Абай өзі тәрбиелеп, баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған – Кәкітай Ысқақұлының ең­бегін айрықша айту керек», – деп жаз­ған. Жазушы М.Әуезов Кәкі­тайдың мақаласын да, тұңғыш жи­нақты шығарудағы ісін де жоғары бағалайды, бірақ оның ақын өлең­дерін өз ойына қарай жіктеп, та­қыры­бына, мазмұнына орай бөл­генін құптамайды және жинаққа енбей қалған өлеңдері турасында шын пікірін қосқан. Абайдың сыни бағытта жазған өлеңдері, әсіресе, өзінің туған-туыстары мен жақын­дарының кейбір әрекеттерін сынап жаз­ған ащы өлеңдерін Кәкітай ағайын-туыс арасына сызат түспе­сін деген ниетпен жинаққа кіргіз­беген. Кәкітайдың Абай туралы жаз­ған мақаласы ақынды тану­дың алғашқы сатысы десе болады. Абай­дың арғы аталары, түп тамы­ры, әкесі Құнанбай қажының міне­зі, өмір жолы, ақынның нағашы туыстары, олардың шыққан тегі мен ортасы, ақынның өскен ортасы мен балалық, жігіттік кезеңі, үй­ленуі, оқуы-тоқуы, ізденісі, қыр өмі­ріне араласқан қоғамдық істері, таланты мен шығармашылыққа де­ген көзқарасы, адамгершілік қа­сиеттері жан-жақты ашып жазыл­ған. Яғни, Кәкітай тікелей өз көзі­мен көргенін, естіп-білгенін бүкпе­сіз жазып шыққан. Кәкітайдың деректі тарихи мақаласы ақынды та­нып, білмек болған басқа да оқы­ғандарға мол пайдасын тигізген. Сөздің шынын айтар болсақ, 1909 жылдан кейінгі әр жылдары шық­қан жинақта Абай өмірбаяны осы Кәкітай жазған деректер пайд­ала­нылып, берілген. Кәкітай мырза да Алаш қоз­ғалысын қос қолдап қолда­ған, азаттық пен теңдік үшін күрес­кен асылдарға демеу болған азамат. Әлихан Бөкейхан І Мемлекеттік Думаға депутат ретінде Семей облысы бойынша сайлауға түскенде осы Кәкітай арысты қолдап, дауыс жинаған болатын. Абай әкесіне арналған барлық іс-шараның бел ортасында жүріп еді. 1915 жылы 47 жасында опат болды. Кәкітайдың арманы  Абай әкесінің сөзін халыққа жет­кізу болған. Бүгінде сол аңсар-ар­ман орындалып, тәуелсіз елдің тұ­ғырына айналды.

Елдос ТОҚТАРБАЙ