Жақыпбек Алтаев: Қазақстанның атын шығаратын бір жоба − Әл-Фарабиді ұлықтау

Жақыпбек Алтаев: Қазақстанның атын шығаратын бір жоба − Әл-Фарабиді ұлықтау

Жақыпбек Алтаев: Қазақстанның атын шығаратын бір жоба − Әл-Фарабиді ұлықтау
ашық дереккөзі
Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге кел­геніне 1150 жыл. ЮНЕСКО көлемінде ме­рекеленіп жатқан Фара­бидің бұл ме­рей­тойы тұсында ұлы жерлесіміз туралы аз ай­тылып жатқан жоқ. Де­сек те, біздің әлі ол туралы білге­німізден білмейтініміз көп се­кіл­ді. Сондықтан еліміздегі белгілі фара­би­танушы ғалым, фило­со­фия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевпен әң­гімелесіп, көкейде жүрген көп сауалдың біразына жауап іздеген едік. − Есімі күллі әлемге белгілі, бү­гінгі қазақ жерінде дүниеге келген әл-Фарабиді өзіміз әлі толық та­нып-біле қоймаған сияқтымыз. Сондықтан алғашқы сұрақты «Ұлы ғалымның шығармашылық ғұ­мы­ры қалай қалыптасты, есімі бір­не­ше ғасырдан соң туған жерімен ал­ғаш қалай қауышты және Қа­зақ­стандағы фарабитанудың тарихы қалай басталды?» деп қойғымыз келіп отыр... – Ұлы далаға кіндік қаны тамған талай мық­ты ғалымдар болды. Бірақ солардың ара­сында туған елінің атын әлемге та­ныт­қан – дүниежүзінде «әлемнің екінші ұста­зы» деп мойындалған Әбу-Насыр әл-Фараби екені даусыз. Толық аты-жөнімен атасақ, осыдан он бір ғасыр әріде бірнеше ғылым сала­лары бойынша үлкен еңбектер қал­дыр­ған Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки 870 жылы бүгінгі Қазақстанның Түркістан облысы, Отырар қаласында (ертеде Фараб аталған) әскербасының отбасында дүниеге келген. Тарихи деректерге жүгінсек, атақты араб ғалымы, географы ибн-Хаукалдың «Китаб Масалик уә мамалик» және ибн-Хал­ликанның «Уфиат әл-аиан фи әл-Заман» атты еңбегінде Әбу Насыр Әл-Фараби тура­лы деректер келтірілген. Онда ғалым­ның түркі нәсілді екені және аталарының ат­тары Тархан, Ұзлақ, яғни  түркіше екені көр­сетілген. Тақыр жерден ештеңенің шықпайтыны бел­гілі ғой, Әбу Насыр туған Фараб қаласы заманында үлкен өркениет болған, аны­ғырақ айтсақ, ғалым дүниеге келместен бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын Фараб шаһары бұрын түркілердің үлкен мәдени ор­талығы ретінде танылған. Ол «Ұлы Жібек жо­лы» бойында орналасқан қалада за­ма­нында кітап қоры жағынан Александрия кітапханасын ғана алдына салатын үлкен кі­тапхана болған (кейін бұл қала 1219 жы­лы Шыңғысхан әскері тарапынан тал­қан­далғанда кітапхана өртелді делінеді, бірақ ол кітаптарды қала басшысы Қайырхан қала­дан басқа жерге апарып құпия түрде тық­қан деген де дерек бар). Міне, әскер­басы­ның баласы ретінде осы кітапханадан еркін кіріп, білім нәрімен сусындаған Әбу Насыр шамамен 40 жасқа толған кезінде білімін одан әрі тереңдету үшін керуенге ілесіп, сол кезде ғылым-білімнің орталығы саналатын Бағдат қаласына барады. Міне, осылайша оның әлемдік ғылымда үлкен із қалдырған шығармашылық ғұмыры бас­талады. Жалпы әл-Фарабидің білім игеру, ғалым болу жолы туралы айтсақ, ол Отырар, Шаш, Самарқан, Бұхара, Харран, Мысыр, Алеппо, Бағ­дат деген тізбекті көрсетеді. Дегенмен оның ғылымды терең игеріп, үлкен ізде­ністер жасауы, әлемге әйгілі еңбектер жазуы Бағдат қаласымен тығыз байланысты. Әл-Фарабидің Бағдат шәріне баруы кез­дей­соқ емес, біріншіден, ол кезде ғылым тілі – араб тілі, екіншіден  ғылым мен өнер­ді қолдап, дарынды адамдардың өсіп-же­тілуі­не бар жағдайды жасаған Бағдатта «Баит әл-хакма» деп ғалымдар үйі болған, сол сияқты әлемдегі ең бай кітапха­налар­дың бірі де осы қалада еді. Басында өзін ақын, музыка маманы ре­тін­де танытқан Әбу Насыр әл-Фараби кейін ежелгі грек ғалымдарының қолжаз­ба­лары­мен танысып, соның әсерімен ғылыми зерт­теулер жазуға көшті. Оның ізденістері күр­делі әрі терең болды және ежелгі грек ғы­лымы мен араб ғылымының жетістігін жоғары дәрежеде игеріп, сол арқылы ғы­лымға өзінің жолын салды. Көшпелілер мен отырықшылар өркениетін сабақтастырып, Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің же­тіс­тіктерін бір арнаға тоғыстырып, өз дәуі­рі­нің әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мә­дениетін игерді.  Философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лин­гвис­тика, поэзия, шешендік, музыка және астрономия, астрология, физика, химия, геог­рафия, космология, математика, ме­дицина ғылымдарындағы ғылыми жетіс­тік­терді терең игерді және ғылым салала­рын­да өте құнды ғылыми жаңалықтар ашты. Заманында өз қатарластарының бәрі­нен озық болған және солай мойындалған Әбу Насыр әл-Фараби 950 жылы 80 жасында Си­рияның Дамаск қаласында қайтыс бо­лып, сүйегі сол қаладағы патшалар жер­ле­не­тін Баб ас-Сағир зиратына қойылған. (1968 жылы Дамаскіге барып, ұлы ғалым­ның қабірін тауып, оған құлпытас орнатуға мұрындық болған Ақжан Машани). Әл-Фарабиді Қазақстанда ғылыми ор­та­ға ең алғаш таныстырған Эрнест (Арношт) Яромирович  Кольман (1892-1979) деген ма­­­тематик, философ ғалым. Қазіргі Че­хия­ның астанасы Праға қаласында еврей отба­сында дүниеге келген ол атақты физик-ға­лым Альберт Эйнштейннің лекцияларын тыңдап, оның шәкірті болған. Бірінші дүние­жүзілік соғыста орыстардың қолына тұт­қынға түсіп, кейін Қазан төңкерісі ке­зін­де больщевиктердің көмегімен түрмеден боса­тылған. КСРО-да партия қызметтерінде болған ол 1941 жылы соғыс кезінде Мәс­кеу­ден алдымен Башқұртстанға кейін Ал­ма­тыға эвакуацияланған. Осы Кольман 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында өткен бір конференцияда Орталық Азия ғұламаларының Еуропа ғылымына жасаған ықпал-әсері, үлгісі жайында баяндама жасайды. Міне, сол баяндамасында ол Әбу Насыр әл-Фараби туралы деректер келтіреді. Шынын айту керек, ол кезде Фараби туралы Қазақстанда мүлдем айтылмайтын, себебі ол туралы ешкімнің хабары жоқ еді. Міне, осыдан кейін тарихта Отырардың ежелгі аты Фа­раб екенін білетін қазақтар әл-Фараби де­ген атқа елеңдей бастайды. Бәрінен бұрын Кольманның баяндамасына аты аталған ғалым туралы деректер іздеп, зерттей бастаған геолог ғалым, тау-кен инженері, кейін геология-минералогия ғылымдары­ның докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған Ақжан Машани әл-Фарабиді зерт­теуге өмірінің қырық жылын арнады, ұлы ғалымның шығармаларын тауып аудартып, жариялады. Соның арқасында әл-Фараби туған топырағымен қауышты. Сол сияқты, математик, педагогика ғылымдарының док­торы Ауданбек Көбесов, әл-Фараби мұра­сының насихатшысы болды. Кейін 1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұ­раларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылып, оның жұмысын ҰҒА коррес­пон­дент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ағын Қасымжанов үйлестірді. 1991 жылы Қазақ Ұлттық университе­ті­не әл-Фарабидің аты берілді. Сол тұста ҚазҰУ-де декан болып істейтін Ағын Қа­сым­жанов 1993 жылы Фарабитану орта­лығын құрып, оны 2000 жылға дейін бас­қарды. Ал 2000-2008 жылдары Фарабитану орталығына А.Қасымжановтың қызы, фи­ло­софия ғылымдарының  докторы, про­фес­сор Анель Қасымжанова жетекшілік етті. Одан кейінгі он екі жылда орталықты өзім басқардым, биыл оны шәкіртім, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Бекжан Мейірбаевқа тапсырдым. – Жасыратын несі бар, әл-Фа­ра­бидің туған жері мен ұлтына қа­тысты түрлі пікірлер айтылды. Бір ғалымдар оны Ауғанстанның Түр­кіменстанмен шектесетін сол­түстік батысындағы Фарьяб өлкесінде дү­ниеге келуі мүмкін десе, тағы біреулер тарапынан парсы тілді ха­лықтың өкілі деген де болжам­дар айтылады. Ал біз Отырар пер­зен­тін өз отандасымыз деп санай­мыз. Осы пікірлердің қайсысы дә­лел­ді? – Сұрағыңның қойылуы дұрыс. Кезінде бұл жөнінде талас-тартыстар болған. Атағы әлемге жайылған бүкіл шығыс ғалымдары Аристотельден кейінгі екінші ұстазымыз деп таныған әл-Фараби қазақ жеріндегі Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келген. Ол нақты дәлелденген, мойындалған шын­дық. Әбу Насырдың түркі тайпасының дәу­летті отбасынан шыққаны мәлім. Оған ға­лымның аты-жөніндегі Тархан деген сөз де дәлел бола алады. Ұлы ғалым өмір сүрген кезеңде қазақ хал­қы ұлт ретінде қалыптаспаған еді, бірақ сол Отырарда өмір сүрген тайпалардың кейін қазақ халқының құрамына қосылып кет­кені анық. Әрине, Фарабиге таласу жоқ емес, пар­сылар парсы дегісі келеді, ауғандар да өзіне тар­тады, бізбен түбі бір өзбектер мен түр­кімендер де өз ұлтына жатқызғысы ке­леді. Мысалы, мына Өзбекстанда Музаффар Хайруллаев деген академик бар. Фарабиді зерт­теп, орыс тілінде 1975 жылы «Фараби. Эпоха и учение», 1982 жылы «Абу Наср ал-Фа­раби» деген кітаптарын шығарған. Таш­кенттегі өзбек елінің орталық кітап­ха­на­сын­да әл-Фараби еңбектерінің қолжаз­ба­лары бар. Сондықтан олар Фарабиді түркі дегенн­ен гөрі ұлты өзбек деуге бейім тұра­ды. Ал парсылар әлі күнге «парсының тұл­ға­сы» деуін қоймай келеді. Бұның бәрі тү­сінікті жағдай ғой, ондай әлемдік дәре­же­дегі тұлғаға таласатындар аз болмайды. Белгілі нәрсе − әл-Фараби өзінің өмір­баянын жазып қалдырмаған. Дегенмен Орта ғасырларда «Шығыстың Плутархы» атанған Ибн Халликан (1211− 1282) атты арабтың тарихшы қаламгері Фарабидің өмірбаяны жөнінде жазған. Тарихшы оны «мұсылман әлемінен шыққан ұлы ғалым, ешкім оның білім дәрежесіне жетпеді» деп көкке көтере мақтап отырып, оның түр­кілер мекен еткен Отырар маңында дүниеге келгенін айтады. Сол сияқты, 1946-1956 жылдары Тәжікстанды басқарған, КСРО Ғылым академиясының академигі, 1956 жылдан өмірінің соңына дейін КСРО Ғылым академиясы Шығыстану инсти­тутының директоры болып істеген Бобод­жан Гафуров та әл-Фарабидің туған жері Қа­зақстан деп санайтынын айтқан-ды. Сонымен бірге көптеген түркі, шығыстық ғалымдар осындай ойды айтып, әл-Фара­бидің біздің жерлесіміз екеніне шәк кел­тірмейді. Сондықтан біздің әл-Фараби мәселесінде солқылдақтыққа салынуы­мыз­ға негіз жоқ! Осы арада айта кететін бір жайт, белгілі арабтанушы ғалым, академик Әбсаттар Дер­бісәлінің зерттеуінше, Әбу Насыр әл-Фара­биден басқа Отырардан әл-Фараби, әл-Отырари текті 33 ғалым шыққан екен. Мұның бәрі ертеде қазақ жеріндегі Отырар (Фараб) шаһарында ғылым-біліммен айна­лысуға мол мүмкіндіктің болғанын, өрке­ниеттің дамығанын танытады. – Әл-Фараби шығармаларын қа­зақ тіліне аудара бастаға­ны­мызға жарты ғасырдан енді асып жатыр. Ал оның іргелі еңбектері әлемге қа­лай таралып, қалай танылды? – Әл-Фарабидің қандай ірі ғұлама ға­лым болғанын оның тұстастары да және одан кейін шыққан шығыстық ғалымдар да мойындап, жоғары баға берген ғой. Оның фи­лософия, логика, музыка теориясы, астрология, медицина, математика сияқты көптеген ғылым салаларында қалдырған мұралары ғылым тарихында өте құнды дү­ниелер саналады. Ғұламаның есімі еуропа елдеріне ерте кез­ден-ақ кең танылған. Философиялық трак­таттары ХII-ХIIІ ғасырларда-ақ ежелгі еврей және латын тілдеріне аударылып тара­ған. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі түрде зерттеу, яғни ғалымның трактат­та­рын аударып басып шығару ісі толыққанды күйде ХVIII-XIX ғасырлардың орта шенінде жүзеге асты. Орта ғасырдағы Еуропаға ежел­­гі гректердің классикалық философия­сын таныстырған, негізінен, әл-Фарабидің еңбектері болды. Оның шығармаларының сол тұстағы ғылыми ортада үлкен сұраныс­қа ие болғаны сондай, қайта-қайта басылып шықты. Мәселен, XII ғасырда оның «Ғы­лым­дар клас­си­фикациясы» атты еңбегі ла­тын тіліне екі рет аударылып шыққан. Сол секілді «Аль­фарабиуса» − «Сананың м­әні туралы», «Сұ­рақ­тар негізі» және Арис­то­тельдің «Фи­зи­ка», «Поэтика» еңбектеріне түсініктемелері, «Бақыт жолы туралы» және логикаға байла­нысты трактаттары мен т.б. туын­дылары XII−XVII ғасырлар аралы­ғында латын ті­лі­не бірнеше рет аударылған. Ең өкініштісі, әл-Фарабидің осы заманға латын тіліндегі аудармасы арқылы ғана жеткен көптеген трак­таттарының түпнұс­қа, қолжазбалары сақталмаған. Фараби еңбектерін кәрі құрлыққа та­нылуына еуропалық ғалымдардың да еңбегі зор. ХІХ ғасырдың екінші жартысында орта ғасырдағы Шығыс рухани мәдениеті жайлы еңбектер жазған неміс ғалымы М.Штейн­ш­ней­дер, 1890 жылы әл-Фарабидің сегіз фи­лософиялық трактатын Лондон, Лейден жә­не Берлин қалаларында сақталған жаз­балардан алып жарыққа шығарған Фрид­рих Детриций, неміс және ағылшын тіл­дерінде жарық көрген «Ислам фило­софия­сының тарихы» зерттеуін жазған голлан­дық ғалым Де Бур секілді азаматтардың, сон­дай-ақ ортағасырларға тиесілі араб фи­лософиясын зерттеген француз ғалым-фарабитанушылары −  И.Форгет, С.Дугат, Л.Лутхер, С.Мунк, Э.Ренан, И.Финнеген т.б. оқымыстылар еңбектері атап айтуға тұрар­лық. Осылардың арасында Э.Ренанның «Аверроэс и авероизм» (Париж, 1952) еңбегі ерекше. Танымал француз шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жылдары әл-Фара­бидің музыкаға қатысты «Китаб әл-мусика әл-кабир» («Музыканың үлкен кітабы») кітабын Парижде түпнұсқадан аударып, жарыққа шығарды. Бізге белгілісі, ХХ ғасырдың басында шы­ғыстың рухани мәдениетін зерттеуде әл-Фараби мұраларының маңызы артып, көп­теген кітаптар жазылды. Сондай-ақ Әбу На­сыр әл-Фараби  шығармашылығына ерек­ше назар аударған А.Мец, Л.Массиньон, Р.Блашэр, А.Массэ, Ф.Габриели, Ф.Коплстон т.б. еңбектері кітап болып басылды. Со­нымен бірге бұл тізімге орыс зерттеушілер И.Крач­ковский, Е.Бертельс, В.Бартольд сынды шығыстанушы-философтарды да қосуға болады, өйткені олардың да фара­битануға қосқан үлесі бар. Фарабидің еңбектеріндегі терең  ойлар мен тұжырымдарды орта азиялық Әбу Әлиибн Сина және андалузиялық философ ибн Рушд секілді кейінгі философтар жал­ғастырса, түбі еврей, нидерландттың фи­ло­соф-рационалист Бенедикт Спинозаға да өз әсерін тигізді. Әл-Фарабидің еуропа ғылымына әсері тура­лы айтар болсақ, орта ғасырдағы Батыс Еуропа ірі ойшылдары Р.Бэкон, Д.Скот өзде­рі­нің теориялық шығармаларында әл-Фараби, ибн Сина, ибн Рушд еңбектерін пай­даланған. Ұлы ғалымның «білім – ин­туи­цияға негізделген» деген ойы Николаус­тың, Шеллингтің, Бергсонның және Штей­нердің еңбектерінде жаңғырды. Ал зердеге негізделген этикалық жүйесі И.Кант фи­лософиясында өз көрінісін тапты. Атақты неміс шығыстанушы ғалымы Ф.Детрицийдің айтуынша, «Шығыста Арис­тотель әл-Фараби еңбектерінің арқа­сын­да ғана Аристотель атанған». Яғни, Аристотель шығармаларының мәні мен маңызы Әбу Насыр әл-Фараби талдауларының арқасын­да ғана білімпаз жұртқа ұғынықты болған. Тұжырып айтқанда, әл-Фараби − Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін байланыс­тыру­шы «рухани көпірге» айналған, ғылым әле­мінің қайталанбас феномені болды. – Әбу Насыр әл-Фарабидің ғы­лымдағы фе­номендік тұлғасы, әри­не оның отан­дас­тары – қазақ­стан­дықтар үшін зор мақта­ныш. Бірақ біз ұлы ғалымның атын Қазақ­стан­ның брендіне айналдыру жо­лында, яғни күллі әлемнің есіне Қазақстан дегенде әл-Фараби, әл-Фараби де­генде Қазақстан түсетіндей жағ­дайға жету жолында не тын­дыр­дық, болашақта не істеуіміз керек? – Әрине, мұндай ұлы тұлға­лары­м­ыз болғанымен, жеткілікті наси­хаты жасал­маса, ол ұлттық тұлға ре­тінде халқымыздың рухани әле­міне сіңіп, есімізде үнемі тұрар мақ­танышқа айналмайды. Әрине, әл-Фараби − әлемдік тұлға. Ол біз­сіз де танылған. Демек, рухани құндылық ретінде ол бізге тәуелді емес, біз оны мақ­таныш етуіміз керек. Өйткені күллі әлем мойындаған ғұламаны өзімізге рухани жақ­тан меншіктеп алу − қазақ руханияты үшін үлкен жеңіс. Қазір біз сол жеңіске жар­тылай ие болдық. Ол − әл-Фарабидің біз­дің елде дүниеге келгенін дүниежүзінің тануы. Яғни, әлемде әл-Фараби арқылы Қа­зақстанды тану үдерісі жүріп жатыр. Қазір қазақ халқы Құрманғазы, Махам­бет, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтын­сарин, Абай, Қажымұқан, Мұхтар Әуезов се­кілді тұлғаларды тұтас таниды, оларды ұлт­тың мақтанышы деп біледі. Неге? Өйт­кені олар туралы насихат солай жасалды. Көп жұмыстар істелді. Осының арқасында әр салада қазақ халқы мақтаныш етер тұл­ғалары пайда болды. Ендеше, әл-Фарабиді жаңағы айтқан тұл­ғалар қатарында, тіпті олардан да жо­ғары­рақ көру − біздің ұлт ретіндегі әлеуе­тімізді көрсететіні анық. Ол жолда жарты ғасырдан бері талай жұмыстар атқарылып жатыр, болашақта да атқарыла бермек. Біз әл-Фарабидің атын ең мықты ұлттық уни­верситетімізге бердік, алдына ұлы ғалым­ның керемет ескерткішін қойдық. Тәуел­сіздіктің бесігі – Алматы қаласындағы ең үлкен, ең әдемі даңғыл әл-Фараби атында. ҚазҰУ-да 20 жылға жуық әл-Фараби атын­дағы орталық жұмыс істеп келеді. Осы ор­та­лық арқылы ұлы ғалым мәңгілік ты­ныш­тық тапқан мекен Сириядағы Дамаск қаласымен тығыз байланыс құрдық. Мемлекетіміз «Мәдени мұра» бағдарламасы ая­сында әл-Фарабидің кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Да­маскіде әл-Фараби орталығын ашты. Биыл Қазақстан ұсынысымен ұлы ғалымның 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде той­лануда. Осыған орай кинолар түсіріліп, Фараби мұрасын түгендеу істері жүріп жатыр. Біз болашақта ұлы бабамыздың әлемнің әр жерінде сақталып келген бар­лық мұрасының толық көшірмесін алып, оның шығармаларын толық түрде қазақ тіліне аударуымыз керек. Елімізде философия, тарих, музыка, фи­лология ғылымдарында әл-Фараби еңбек­тері ғылыми айналымға енгізілген. Яғни, осы аталған салаларда ғылыми дис­сертациялар қорғалған. Сол сияқты ұлттық әдебиетімізде әл-Фараби туралы Ақжан Ма­шанидің, Әнуар Әлімжановтың роман­дары, Мұхтар Шахановтың поэмасы т.б. көркем шығармалар жазылды. Әрине, бұлар жалғасын таба беретін істер. Қазір әлемнің оннан астам мемле­кетінде Фарабитану орталықтары жұмыс іс­тейді. Олар үшін, әрине әл-Фарабидің Ота­нында істелген істер маңызды. Сон­дықтан біз, орта мектептен бастап барлық ЖОО-ларда Фарабитануға қатысты са­бақтар өткенін қалар едік. Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақ­стан­ның ұлттық валютасы – теңгенің 1, 200, 500, 1000, 5000 теңгелік номиналдарында әл-Фарабидің суреті бар еді. Бұл ұлы ға­лым­ның атын мемлекеттік брендке айналдыру жолындағы өте сәтті шешімнің бірі еді, бі­рақ кейін соны белгісіз бір себептермен алып тастады. Меніңше, төл теңгемізге әл-Фа­раби бейнесін қайта әкелсек, ұтымды іс болар еді. Ұзын сөздің қысқасы, біз Әбу Насыр әл-Фарабиді насихаттау арқылы әлемге оны емес, өзімізді танытамыз. Жаңа ғасырдағы Қазақстанның атын шығаратын бір жоба – ол әл-Фарабиді ұлықтау дер едім. Себебі әл-Фараби − Ұлы дала ақыл-ойының туы. Біз сол туды биікте желбірете ұстауымыз керек! – Мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс ай­тамыз. Әл-Фараби секілді ұлы бабамыз­дың рухын асқақтату жолындағы істеріңіз­ге тек қана сәттілік пен табыс тілейміз! – Рақмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ