Індетпен күресіп жүріп көз жұмған жамбылдық дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды

Індетпен күресіп жүріп көз жұмған жамбылдық дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды

Індетпен күресіп жүріп көз жұмған жамбылдық дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев марқұм дәрігерлердің отбасыларына арнайы барды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекцияcымен күреске қосқан үлесі үшін жамбылдық марқұм болған дәрігерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалармен наградтау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Айталық, қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, азаматтардың денсаулығын сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегі үшін I-дәрежелі «Барыс» орденімен марқұм, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дәулет Арымбаев, «Барыс» екінші дәрежелі ордендерімен марқұм, «Алмаз Медикал Групп» ЖШС-нің бөлім басшысы Гүлмира Қырғызалиева мен Шү аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдар Мұқатаев марапатталды.  width= Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік наградаларды Д.Арымбаев пен Г.Қырғызалиеваның отбасыларына арнайы барып тапсырды. «Коронавирус ең білікті дәрігерлердің өліміне себеп болуда. Бұл қазаның орны толмайды. Олардың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олар терең білімді, шыдамдылық пен жанқиярлықты талап ететін мамандықты таңдады. Соңғы деміне дейін олар мамандықтарына адалдық танытты. Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығын қорғаудағы олардың күш-жігерлерін үнемі ескеріп, алғыс айтып келеді. Мемлекеттік марапаттар – шынайы алғыс пен ризашылықтың белгісі», - деді Бердібек Сапарбаев. Әріптестері марқұмдардың мамандығына адалдығы мен біліктілігін алға тартып, зор құрметпен еске алады. Олардың барлығы да өз жұмыстарында жетістікке жету үшін табандылық танытып, аянбай тер төкті. Дәулет Арымбаев шамамен 30 жылдай ғұмырын осы салаға арнаған. 1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген ол осы жылдар ішінде Талас аудандық ауруханасында бөлім меңгерушісі, Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде туберкулезге қарсы маман, сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істеген. 2010 жылдан бері Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарған. Ал, Гүлмира Қырғызалиева еңбек жолын учаскелік дәрігерліктен бастаған. «Химпром» ДПО клиникасында, Тараз қаласының № 2.8 емханаларында терапевт болып жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап «Almaz Medical Group» ЖШС бөлімін басқарған. Сол сияқты, Айдар Мұқатаевтың есімі шулықтарға жақсы таныс. 2003 жылдан бастап аудандық аурухананың бас дәрігері болып еңбек еткен ол оған дейін Тараз қалалық ауруханасында хирург, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбеги үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «10 жыл Астана», «Тәуелсіздікке 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров марқұм дәрігердің отбасына мемлекеттік награданы арнайы барып табыс етті.