14 Шілде, 19:34 552 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Еуропадағы қандастар гуманитарлық көмек жолдады

14 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 02:30-да Түркия мен Еуропадағы қандастар бірігіп ұйымдастырған гуманитарлық көмек Қазақстанға жеткізілді. 
Келген көмектің жалпы салмағы – 900 киллограмға жуық. Оның ішінде медициналық заттар (бетперде, термометр, қорғаныш костюмдері және т.б.) және өкпені жасанды желдету құрылғылары бар. Бұл медициналық жабдықтар еліміздегі медициналық орталықтарға үлестіріліп беріледі.
Жүктің бір бөлігін бүгін «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы», «Отандастар коры» және елімізге Түркиядан арнайы келген қазақ диаспорасының өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы жұқпалы аурулар орталығына тапсырды. Гуманитарлық көмектің қалған бөлігі Алматы, Шымкент және ШҚО-дағы емханаларға жеткізілетін болады.

«Әлемнің қай тұсында жүрсе де, атажұрт Отанын ұмытпай, қиын-қыстау уақытта елімізге қол ұшын созып, бірден көмек көрсеткен Түркиядағы, Еуропадағы қандастарымызға, ағайын-бауырларымызға және осы жүкті жеткізуге атсалысқан барлық мемлекеттік мекемелерге алғысымызды білдіреміз. «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар коры» атынан ризашылығымызды жеткіземіз», - деді журналистерге сұхбат берген «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Шетелде туып, өмір сүріп жатқанымызбен шеттегі әр қазақтың арқа сүйер отаны бар. Ол – Қазақстан. Атажұртымызға байланысты кез келген жаңалықты күнделікті көріп, біліп отырмыз. Әлемді шарпыған індет Қазақстанды да айналып өтпегенін көріп, Түркиядағы, Еуропа мен бүкіл әлемдегі қазақтар бірден келісіп, қолдан келгенше көмектесуге бел буды. Соның нәтижесі, міне, бүгін елордаға жеткен алғашқы көмек. Енді жүкті басқа қалаларға да таратып, барынша үлес қосуға тырысамыз», - деді Серкан Джинчук

 

Соңғы жаңалықтар